15 Желтоқсан 15:38
...

Алуа Ибраева: Әр азамат өз елінің заңын құрметтеуі керек

Фото:

Еліміздің басты құжаты – Ата заңды бүге-шігесіне дейін зерттеген бір ғалым болса, ол – Алуа Саламатқызы Ибраева. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқаратын заңгер ғалым «Мемлекет және құқық теориясы» пәні оқулығының, қаншама ғылыми мақаланың авторы. NEGE тілшісі заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраевамен Ата заңдағы өзгерістер, құқықтық сана мен мәдениет жөнінде әңгілеместі.  

    – Алуа Саламатқызы, еліміздің саяси жүйесінде біраз өзгеріс болды. Мұның жемісін қашан көреміз?

    – Әрине, кез келген мемлекеттің басты құжаты – Ата заң. Біздің сонау 1993 жылы жазылып, кейін 1995 жылы аздаған өзгеріске ұшыраған негізгі құжатымыз өзін-өзі ақтап келді. Ата заң да заман талабына жауап беруі тиіс. Бұған дейін алты мәрте енгізілген өзгеріс соның нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі жалпыреспубликалық референдум өткізу туралы шешім қабылдап, оған халықты жұмылдырылды. Яғни, еліміздегі әр азаматтың пікірін, көзқарасын білу маңызды. Кез келген мемлекетті алсаңыз, саяси реформаны осындай референдум арқылы қабылдайды. Ол үшін азаматтар саяси өзгерістен тыс қалмай, өз құқығын, дауысын пайдалануы тиіс. Бұл Ата заңда жазылған демократия идеясының жүзеге асуына, демократия құндылығының кең етек жаюына септігін тигізеді.

Мұны халық бірауыздан қолдады және президенттің өкілеттігін 7 жылға ұзарту туралы шешімге дауыс берді. Бұдан кейін президент сайлауы өтіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сайланып, біртіндеп жаңа реформалық өзгерістер жасала бастады. Бұл сайлаудың ең маңызды нәтижесі – оның құқықтық және заңнамалық негізде өтті. Еліміз қоғамдық қатынастарды түбегейлі жаңғыртуды бастан өткерді. Бұл жаңғырту Қазақстанның демократиялық, әлеуметтік, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде бекітетін конституциялық идеялар мен ережелерге негізделген.

Біздің еліміз – бостандық, теңдік, келісім мұраттарына берілген бейбітшілікті сүйетін азаматтық қоғам. Сондықтан демократияның негізгі институттарының бірі мемлекеттік органдарды сайлау екеніне тоқталды. Себебі, халықтың еркі сайлау арқылы көрінеді. Бірінші сайлау, біз білетіндей, Ежелгі Греция мен Ежелгі Римде өтті. Мұнда еркін азаматтар қоғамдық жиналыстарда отырып, саяси өмірге қатысуға міндетті болды. Жиналыста дауыс беру арқылы білдірілген халықтың еркі заңдық күшке ие болды. Мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық.

ҚР Конституциясының 3-бабына сәйкес, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Сондықтан 20 қарашада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы қазақ қоғамының шоғырланғанын және өз пікірінде іс жүзінде бірауызды екенін көрсетті. Жалпы саны 8 300 046 сайлаушы болды, бұл жалпы сайлаушылардың 69,44 пайызын құрады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланды. Оған 6 456 492 дауыс берілді, яғни 81,31 пайыз.

Өткен сайлаудың ерекшеліктеріне тоқталсам, емлекет басшысы лауазымына алғаш рет алты үміткер өтініш білдірді. Оның екеуі әйел. Бұл ереже гендерлік талаптарға және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңның ережелеріне сәйкес Мемлекет биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ерлер мен әйелдердің тең серіктестік қатынастарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Қазір еліміз жеті жылдық президенттік мерзім енгізді. Ең бастысы, бұл кезең бір реттік. Сондай-ақ, бюллетеньдерге алғаш рет «Барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Бұл ереже бюллетеньдегі кандидаттардың ешқайсысын таңдамай-ақ дауыс беруге қатысуға мүмкіндік береді. «Барлығына қарсы» деген бағанға сайлаушылардың 5,8 пайызы басымдық берген. Барлығына қарсы дауыс беру наразылық дауыс берудің бір түрі. Бұл баған сайлаушылардың кандидаттарға сенімі

   – Сол сияқты «Парламент мәжілісі сайлауы да тартысты өтті деген пікір бар. Расымен солай ма?

  – Бұдан кейін елімізде өткен Парламент мәжілісі сайлауы да бұрынғыдай емес, тартысты өтті деуге болады. Мәселен, оған тек партия ұсынған кандидаттар ғана емес, бір мандатты округтен түскен үміткерлер де бағын сынады. Өзін-өзі ұсынған кандидаттардың сайлауға қатысуы – ел үшін де, үміткерлер үшін де жаңа тыныс болды. Мұндай сайлау жүйесі халыққа таңдау құқығын береді. Сайлаудың қорытындысы бойынша, қазақстандықтар мәжіліс пен мәслихаттарда ел дамуының нақты, ойластырылған стратегиясын білетін жаңа жастарды көргісі келетінін көрсетті.

Тағы бір айта кететін жайт – бұл жаңа жүйеде сайлаушылар депутатты кері қайтарып алады. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз, сайлаушы халықтың мүддесін қорғайтын депутаттың қызметіне көңілі толмаса, сайлаушы оны кері қайтарып ала алуына құқы бар. Парламент мәжілісі әртүрлі саяси партиялар өкілдерінен ғана тұрған жоқ, өзін-өзі ұсынған азаматтар да саяси белсенділік көрсетті.

Ал 5 қарашада өткен 42 аудан және 3 олбыстық маңызы бар қалалар әкімін сайлау науқаны пилоттық жоба ретінде жүзеге асса да, жақсы тәжірибе болды. Себебі, бұған дейін оларды облыс әкімдерінің өзі тағайындап келді. Яғни, аудан әкімі сол облыс әкіміне ғана бағынышты болып, соның айтқанымен жүрді деуге болады. Содан кейін де бұл әкім жергілікті халықтың кейбір талап-тілегіне келгенде жауапкершілік жүктемеуі де мүмкін. Ал бұдан былай оларды халық сайлайды, тіпті жұмыс нәтижесін көрсетпесе, орнынан алып тастауды талап ете алады. Енді ауданға сайланған әкімдер жергілікті елді мекендердің экономикалық-әлеуметтік саласын дамытуға атсалысып, халықтың мұң-мұқтажын ескеруі тиіс. Яғни, әкім мен халық бірлесіп, бір-біріне қолдау көрсетіп жұмыс істеуі қажет. Болашақта бұл сайлау жобасын жаппай енгізсе, сайлаушылар да дауысы маңызды екенін біліп, елдің саяси даму жүйесіне титтей болсын үлес қосып жатқанына сенімділік туындайды.

   – Соңғы сайлаудың шалғайдағы халық үшін маңыздылығы жоғары болды дейсіз ғой...

   – Әлбетте. 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қалалардың әкімі сайланды. Бұл демократиялық институттың бірі. Дәл осындай сайлаудың өткені алғаш рет емес. Бұған дейін де жүзеге асты. Ал соңғы сайдаудың ерекшелігі – бұл жолы 42 аудан әкімі сайланды. Соңғы жылдары аудан әкімдеріне де жүктелген талап мен міндет өзгерді. Әкім болу оңай емес бұрынғыдай. «Әкімді сайлау туралы» Заңда бәрі айтылған. Заңда сатылары, талаптары тәптіштелген. Мысалы, әкім өзінің кандидатурасын кез келген баспалдақта алып тастай алады. Заң бойынша екі күн қалғанда ала алмайды. Оған дейін пікірі, көзқарасы өзгерсе, үміткерлер тізімінен өзін алуға құқы бар.

Жалпы, бұл ашық қоғам құрудың бастапқы алғышарты. Бұл үрдіс – демократия елдерінің тәжірибесінде бар. Құқық жағынан сауатты мемлекет, қоғам ғана ілгері дамиды, алға қадам басады. Біз дамыған елдер моделінің өз елімізге келетін керекті тұсын алудан қашпауымыз керек.   

   – Білуімізше, Ата заңымызды жасақтағанда Франция мемлекетінің конституция үлгісіне сүйенген екенбіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз.

  – Шын мәнінде, еліміздің басты құжатын жасау барысында Францияның конституциясы негізге алынды. Неге десеңіз, екі ел де осы құжатты қабылдау уақытында алмағайып кезеңді бастан өткізді. Дегенмен, әр елдің даму сатысы, саяси жүйесі өзгеше. Сондықтан қажетті жерін ғана алдық. Екіншіден, Қазақстанның Ата заңы жып-жинақы түрде жасалды. Мысалы, бізде бір бөлімде ғана айтылатын қатынастар туралы баптар Францияның құжатының бірнеше бөліміне шашырап кеткен. Біздің құжатта көбінесе адам құндылығына қатысты дүниеге басымдық берілген. Салыстырмалы түрде айтсам, «Адам және азамат» бөлімінде әрбір адамның құқығы туралы айтылса, Өзбекстан мемлекетінің бұл жеті бөлімнен жасақталған тарауда жазылған. Яғни, жеке тұлғаның құқығын қарастыратын баптар әр тарауына шашырап кеткен. Бұл менің әлгінде айтқан «жинақы Ата заң» деген пікіріме дәлел.

Дегенмен, Ата заңға түзету енгізу барысында өзгертуге болмайтын нормалар бар екенін ескеру керек. Бұл ережелер қоғам дамуы үшін азаматтардың мүддесіне, талап-тілегіне жауап береді. Елдегі қаншама ұлт және этнос өкілдерінің тату өмір сүріп жатқаны – бейбітшіл сипатты көрсетеді. Яғни, дінаралық қатынас, ұлтаралық келісім, адам құқығына қатысты  ережелер мен нормалар – Қазақстан саясатының мызғымас бөлігі.

  – Президент әділетті Қазақстан құруды мансұқ етіп, мұны халыққа арнаған жолдауында айтып келеді. Сіздіңше, әділетті Қазақстанды қалай құрамыз?

    – Президент халыққа жасаған әр жолдауында «Әділетті Қазақстан құру үшін не істеу керек?» деген сауалдың астарына терең үңілді. Оның арнайы тетіктерін де айтып берді. Ол үшін қандай жоба мен бағдарламаларды жүзеге асыру керектігін де тілге тиек етті. Бізге тек соны жүзеге асыру ғана қалып тұр.  Әр жолдауды тыңдап, оқып түйетін дүние көп. Мұнда заңнамалық құжаттардың орындалу барысы да, халықтың әлеуметтік жағынан дамуы да, экономикалық жобалардың жүзеге асуы да айтылады. Соның ішінде ең басты жақсылық ел тұрғындарына жасалуы тиіс. Ең алдымен, президент үнемі мемлекет тарапынан ана мен бала институтына, атап айтқанда, бала бір жарым жасқа толғанға дейін анаға материалдық қолдау көрсетуге қатысты барлық бағыттағы жұмыстарға тоқталады. 

Сосын қоғамда халық сот жүйесіне көңілі толмайды. Яғни, сот ісін жүргізуде адам құқықтарын қамтамасыз ету, тәуелсіз соттар құру мәселелері де назардан тыс қалған емес. Қылмыстың өршіп кетуі, оған қарсы күрестің жүргізілуі де айтылды. Сондай-ақ, президент екі кодекс туралы, атап айтқанда «Қылмыстық кодекс» және «Қылмыстық іс жүргізу» кодексіне тоқталды. 5 жыл ішінде ек іқұжатқа 1000-нан астам  өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы заңның үстемдігін қамтамасыз ету, бір-біріне қайшы келетін нормаларды жою, қылмыстық саладағы адамның құқықтары мен бостандығын толық және объективті қамтамасыз ету мақсатында аталған кодекстерге толық аудит жүргізуді ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жолдауында сот жүйесіндегі мәселелер де көрініс тапты. Цифрландыруды белсенді дамыту, судьялардың тәуелсіздігін арттыру, судья төрағаларының мәртебесінен бас тарту көзделуде. Жоғарғы Сот судьяларын сайлаудың жаңа әдісі енгізіледі. Бұл салаға мықты заңгерлер тартылатынын жеткізді. Сайлау заңнамасында үлкен өзгерістер болды. Жолдауда мерзімі 7 жылға дейін жоспарланған кезектен тыс Президент сайлауын бір рет өткізу ұсынылды. Қорытындылай келе, президенттің кез келген жолдауы реформалардың ауқымдылығымен және барлық саладағы түбегейлі өзгерістерімен ерекшеленетінін айту керек. Бұл Жолдау Қазақстанда жаңа, әділ қоғам құруға және адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.

Соңғы кезде бәрімізді  синтетикалық препараттарды өндіру мен қолданудың артуы қатты алаңдатады. Президент құқық қорғау органдарына мұндай құқық бұзушылықтарға бақылауды күшейту міндетін жүктеп, арнайы тапсырма бергені дұрыс болды. Мұның бәрі айналып келгенд   әр адам өз елінің заңдарын білуге ​​және құрметтеуге тиіс. Заңды сыйлаған адам қылмыстық әрекетке де  бармайды. Құқықтық білім бірінші орында тұруы керек. Өз елінің заңын құрметтейтін қоғам ғана өз дамуында алға жылжи алады.

    Қоғамда құқықтық тәрбиені қалыптастырып, құқықтық сана мәдениетін қалай көтереміз?

   – Осы салада талай жылдан тер төгіп келе жатқан ғалым ретінде  қаншама заңнамалық құжатты жасақтауға атсалыстым. Бір сөзбен айтқанда, еліміздегі заң ғылымы аспектелерінің дамуына үлес қосып, жемісті еңбек етіп келемін.  Алғашқы қазақ тілінде жарық көрген «Мемлекет және құқық теориясы» пәні оқулығының авторымын. Соңғы жылдары қоғамда құқық  тәрбиесі мен мәдениетін, сондай-ақ құқықтық сананы қалыптастыру жолында жастардың бойында құқық      мәдениетін зерттеуді қолға алып, дәріс өткіземін. Себебі, кез келген құқық санасын алдыңғы орынға қойған мемлекет әуелі зерттеу жағына басымдық береді.

Осы бағытта жастармен көп жұмыс істеуге тырысып, құқықтық мәдениет жөнінде зерттеу нәтижелерін паш етіп, олардың бойындағы құқықтық тәрбиені дамытып, адами құндылық негізінде заңнамалық құжаттарды таныстыруға күш саламын. Біздің оқытушы, ғалым ретінде міндетіміз – болашақ жастардың құқық талаптарын ескеруге, мойындауға, әр азаматтың қоғамда құқықтық түсінігін қалыптастыруға жол сілтеу, бағыт көрсету.

Себебі, дамушы елдер қатарындағы Қазақстан үшін әрбір жас буын өкілін бәсекеге қабілетті, жан-жақты, сауатты тұлға ретінде қалыптастыру керек. Ол үшін жеке тұлға құқық мәдениеті жоғары, құқық тәрбиесі мен құқық санасы қалыптасқан болуы тиіс. Біз осы жолда жұмыс істеуден тартынып қалған емеспіз. Қазіргі қоғам өтпелі қоғамдарға тән барлық мәселелерді, соның ішінде жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастырумен байланысты түйткілдерді бастан кешіреді. Сонымен бірге, қалыптасып келе жатқан құқықтық мәдениеттің ерекшелігі – ол арнайы, нақты формаларда қалыптасқан рухани құқықтық құндылықтың жиынтығын ғана білдірмейді. Бұл қоғамдағы құқықтық мінез-құлық мәдениеті, қоғам, жеке адам және мемлекет арасындағы қарым-қатынас саласы. Белгілі болғандай, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған шаралар туралы сұрақтарға жауаптар әдетте тәрбиелік, ұйымдастырушылық және тәрбиелік сипаттағы мәселелермен байланысты. Өз зерттеулерімде құқықтық мәдениет мәселелерін тек дәстүрлі бағытта, қоғам мен мемлекеттің ұйымдық іс-әрекеті призмасы арқылы ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғалардың психологиялық ерекшеліктері призмасы арқылы, менталитет сияқты терең ұғымдар арқылы қарастырдым. Бұл менталитет, руханият, тағысын тағы.

   – Сіздіңше, елімізде халықтың басым бөлігі Ата заңды оқыды деп сенесіз бе?

  – Негізі әр азамат әлгінде айтқандай құқық жағынан сауатты болса, өзіне жақсы. Еліміздің негізгі басты құжаты – Ата заңды оқып, танысып шыққаны абзал ғой. Тек оқып қана қоймай, құрметтеуі тиіс. Себебі, Ата заң – кез келген адамның бостандығының кепілі. Ата заң – болашаққа сеніммен қарау, бейбіт заманда өмір сүріп, болашаққа сеніммен көз тігу. Ондағы бекітілген ережелер, принцип пен идея адам арасындағы қатынасты реттейді, сол арқылы мемлекет жұмыс істеп, қоғам ілгері даму жолына түседі.   Екіншіден, Конституцияда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің» орны шегеленіп бекітілген. Демек, әр азамат мемлекеттік тілін біліп, құрметтеп, билікте, қоғамдық орында үстемдік етуіне атсалысуы керек. Алайда, «Билік тармақтары мен мемлекеттік ұйымдар үшін орыс тілін ресми түрде пайдалануына рұқсат бар» делінген.  

  – Кәсіби білікті заңгер-ғалым ретінде жүріп өткен баспалдағыңыз бен еңбегіңізге тоқталып кетсеңіз...

  –  Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін 1984 жылы үздік бітірген соң, ассистент, аға оқытушы, доценттен мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісіне дейін көтерілдім. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен қазіргі уақытқа дейін Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісімін. Жалпы ғылыми-педагогикалық өтіліме – 37 жыл.

 Қазақстан, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевпен бірге «Социалистік қоғамдағы құқықтық мәдениет» тақырыбында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғадым. Кандидаттық диссертация қорғау бойынша жетекші ұйым Ташкент мемлекеттік университеті болды. Ғылыми еңбектерімде құқықтық мәдениетке оның қоғамның тұрақты дамуындағы функционалдық рөліне жан-жақты сипаттама беріп өттім. Бұл ретте құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды қалыптастырудың тетігі ретінде құқықтық мәдениеттің рухани негіздерін, менталитеттің, құқықтық сананың және құқықтық мәдениеттің арақатынасын, сондай-ақ құқықтық мәдениеттің құқықтық мәдениеттің рөлін зерттеумен қатар құқықтық білім мен тәрбиенің жай-күйін талдауды қарастырдым. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған шаралар туралы сұрақтарға жауаптар әдетте тәрбиелік, ұйымдастырушылық және тәрбиелік сипаттағы мәселелермен байланысты. Бірақ өз зерттеулерімде құқықтық мәдениет мәселелерін тек дәстүрлі бағытта, қоғам мен мемлекеттің ұйымдық іс-әрекеті призмасы арқылы ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғалардың психологиялық ерекшеліктері призмасы арқылы, менталитет сияқты терең ұғымдар арқылы қарастырдым.

Сонымен қатар, отандық құқықтану ғылымында алғаш рет қазақ халқының құқықтық мәдениетінің тарихи дамуы, оның рухани, мәдени және тарихи тамыры мәселелерін зерттедім. Дәстүрлі қоғамда құқықтық мәдениет жоғары деңгейде болды, оның ерекшелігі билер институты арқылы қоғамның әрбір мүшесін құқықтық қорғау болды деп тұжырымдадым. Дәстүрлі қазақ қоғамының құқықтық мәдениеті жеке адамға құрметпен қараудан және билікке құлдық табынудың болмауынан, деспотиялық негіздерге құл болмаудан, еркіндікті сүйетін өмір салтынан көрінді.

Қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетінде қазақ халқының асқан мейірімі де,  жомарттығы да көрініс тапқан гуманизмнің ең жоғары деңгейінің нормасы саналады. Бүгін күн тәртібінде құқықтық ақиқат жағдайында өткеннің озық құқықтық жетістіктері мен дәстүрлерін қайта жаңғырту, оның ішінде жергілікті билер соттарының қызметін жаңғырту, барлығына бірдей сот қорғауын қамтамасыз ету, қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру, сөз бостандығын қамтамасыз ету қажет. Құқықтық идеология – бұл адам құқықтарының басымдылығы оның міндеттерімен тығыз байланыста болуы, ұлттық руханиятты жалпы адамзаттық құндылықтармен байланыстыру, құқық пен адамгершіліктің ажырамастығын ұғыну идеясы.

 «Қазақстандағы парламентаризм: тарихы, қазіргі заман, даму келешегі» атты іргелі зерттеулерді жүзеге асыруға белсене қатыстым.  «Қазақстандағы ұлттық идеяны қалыптастырудың конституциялық-құқықтық негіздері», «Қазақстан қоғамын жедел жаңғырту жағдайында басқару нысанын жетілдіру», «Жаһандану жағдайындағы көші-қон қатынастарын құқықтық реттеу: теориялық негіздері және практикалық мәселелері», «Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі конституциялық даму мәселелері: өткені, бүгіні, болашағы» атты еңбектерім бар.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң шығару және құқық қолдану тәжірибесін бір кісідей білемін.  Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің сарапшысы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сарап жүргізу жөніндегі сарапшымын.

 2015 жылы жоғары білім саласындағы үлкен жетістіктерім, жоғары білікті кадрларды даярлау және көп жылғы ұстаздық қызметім, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаным үшін «ҚазҰУ-ға 80 жыл» медалімен марапатталдым. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және 2022 жылы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің дамуына қосқан үлесім үшін» алтын медальға ие болдым. Мұның бәрі саналы ғұмырымда алған білімім мен тәжірибемнің арқасы деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: