«Бейбіт келісімге қол қою ұзаққа созылады» – Канадалық сарапшы Филипп Эйси

18 тамыз күні әлемдік саясат сахнасында елеулі оқиға болды: Ақ үйде Дональд Трамп, Владимир Зеленский және Еуропа елдерінің көшбасшылары бас қосып, Украинадағы соғысқа қатысты ықтимал шешім жолдарын талқылады.
NEGE тілшісі халықаралық қатынастар және қауіпсіздік саласының маманы, канадалық сарапшы Филипп Эйсиден сұхбат алды. Сарапшы бейбіт келіссөздердің болашағы, Трамптың ықпалы, Ресей мен Украинаның ұстанымдары, сондай-ақ Еуропа мен НАТО-ның рөлі туралы ойын айтты.

– Филипп, кездесудің негізгі нәтижелері қандай болды деп ойлайсыз?
– Біріншіден, бұл жолы бейбіт келісімге бағытталған кейбір оң өзгерістер байқалды. Ең бастысы, келесі аптада немесе екі апта ішінде Зеленский мен Путиннің кездесуі болуы мүмкін. Бұл соңғы үш жылдан астам уақыт ішіндегі екеуінің алғашқы жүздесуі болмақ. Егер кездесу өтсе, бұл соғыстың бағытын не бейбітшілікке, не аяусыз қантөгіске қарай бұратын маңызды оқиға болмақ.
Екіншіден, Трамп Еуропа көшбасшыларын өзінің тәсіліне көндіруге тырысады. Яғни атысты тоқтату талабынсыз-ақ бейбіт келіссөз жүргізе береді. Бұл тағы да АҚШ-тың, Украина үшін негізгі қауіпсіздік кепілі екенін көрсетеді. Естеріңізде болса, бұған дейін Еуропа басшылары келіссөздер тек атысты тоқтатқаннан кейін басталуы керек деп талап еткен болатын.
Үшіншіден, Трамп пен Еуропа лидерлері Украинаның НАТО-ға кірмейтінін, бірақ қауіпсіздік үшін кепілдік берілетінін мәлімдеді. Мұнда негізгі рөлді Еуропа елдері атқарады, ал АҚШ қолдаушы болады. Дегенмен, Трамп мұндай кепілдіктердің әлі бастапқы кезеңде екенін және нақты қалай жүзеге асатыны белгісіз екенін айтты. Ал Еуропалық комиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйеннің «Украина болашақ басқыншылар үшін жұтылмас болат кірпіге айналуы керек» деген сөзі ЕО-ның Украинаны әскери тұрғыдан күшейтуді көздейтінін айқындап берді.

– Бұл Ресейдің ұстанымына қайшы емес пе?
– Ресей басты талабын айтты, «Украинаны демилитаризациялаймыз» деді. Егер бейбіт келісім аясында Украина күшейетін болса, Ресейдің негізгі талабы іске аспай қалады. Ресей бұған тек бір жағдайда келісуі мүмкін: егер Украина этникалық орыс азшылықтарын қорғау үшін заң қабылдап, орыс тілін қайтадан өңірлік мәртебеге қайтарса ғана. Өйткені 2014 жылдан басталған «де-русификация» саясаты Ресейдің 2022 жылғы басқыншылығының басты сылтауы болған еді.
– Бейбіт келісімге қаншалықты жақындадық?
– Бұл жөнінен оптимистік көзқараста емеспін. Ресейдің үш мақсаты бар: Украинаны демилитаризациялау, денацификациялау және әскери блоктарға қостырмау. Бұлардың бәрі бір-бірімен байланысты. Бұл екі жақтың келісімге келуін қатты қиындатады.
Жақын арада Путин мен Зеленский кездессе де, бейбіт келісімге қол қою ұзаққа созылады. Бұл аралықта көптеген белгісіз факторлар әсер етуі мүмкін. Дональд Рамсфелд айтқандай, «белгілі-белгілілер, белгілі-белгісіздер және белгісіз-белгісіздер» бар, яғни бейбіт келісімге көмектесетін де, кедергі жасайтын да жағдайлар көп.
– Қазіргі уақытта қандай мәселелер келісілді?
– Тек бір ғана мәселе жүзеге асты – Украина НАТО-ға кірмейтін болды. Бірақ Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері бейбіт келісімнің жүзеге асуына кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені кепілдік берілсе Украинаға Батыс қаруы берілуі немесе Батыс әскері кіруі мүмкін. Ресей бұған келісе қоймайды.

– Бұл жерде Трамптың рөлі қандай?
– Трамптың рөлі өте маңызды. Оның Путинмен қарым-қатынасы бейбітшілікке бір табан жақындатты. Бірақ тағы бір сұрақ бар: 2029 жылы Трамп биліктен кеткен соң не болады? Жаңа президент бейбіт келісімді қолдай ма, әлде басқа саясат ұстанады ма? Бұл жағы белгісіз. Егер құқықтық кепілдіктер болмаса, жаңа басшы келісімді өзгертуі мүмкін.
– Ресей бейбіт келіссөздерге қалай қарайды?
– Ресей өзінің позициясын қазір мығым деп есептейді. Аляскадағы Трамп-Путин кездесуінен кейін Путин АҚШ-тың Ресейді қайтадан әлемдік держава ретінде құрметтей бастағанына сенімді. Өйткені Трамптың Зеленскийге қысым жасап, оны келіссөздерге мәжбүрлегенін Путин көріп отыр. Айталық, Зеленскийдің 18 тамыздағы кездесуде костюм киіп, қайта-қайта рақмет айтуы Трамптың ықпалының белгісі ретінде қабылданды.
– Ал Украина үшін жағдай қалай?
– Келіссөздер барысындағы Украинаның позициясы әлдеқайда әлсіз. Украина өткен жылы Ресейдің Курск облысындағы аймақты уақытша бақылауына алған еді, қазір ол да жоқ. Саудаласуға болатын құрал азайды. Зеленский халықтың Ресейге жер беруге үзілді-кесілді қарсы екенін түсінеді. Сондықтан ол жария түрде икемділік көрсеткенімен, нақты шешім қабылдау өте қиын болады.