2 Қыркүйек 08:31
...

Алматыдағы зауыттар: Кеше және бүгін

Фото:

Кеңес Одағы кезінде Алматы қаласында еліміздің жеңіл және тағам өнеркәсібінің ірі зауыт-фабрикалары орналасқан еді. Ауыр өнеркәсіп, оның ішінде машина жасау Алматы қаласы экономикасының 30 пайызынан астам бөлігін беретін. Совет одағы ыдырағаннан кейін сол көп зауыт-фабриканың жұмысы тоқырап, ақырында жабылып тынды. Қазір олардың орнында не тұр? Бірқатарына тоқтала кетейік.

Алматы темекі фабрикасы 

Кеңес кезінде Алматыдағы Мақатаев 117 мекенжайы бойынша Алматы темекі фабрикасы тұрды. 1936 жылы жаңа өндірістік цех ашылған соң фабрика Совет одағындағы ең ірі және Қазақстандағы жалғыз темекі өндіруші фабрикаға айналады.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы темекі фабрикасын да айналып өтпеді. Шелектегі темекі өсірушілердің өнімі он есе төмендеп кетті. Бұл өнімнің сапасына кері әсерін тигізді. Ел Sovereign, Magna тартуға көшті.

1993 жылы Алматы темекі фабрикасын Philip Morris компаниясы сатып алды. Фабриканың жаңа өндірісі Өтеген-Батыр кентіне көшті. Біраздан соң Philip Morris шикізатты шетелден ала бастаған соң, шелектік диқандар да темекі өсіруді ұмытты. 

2003 жылы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың өкімімен бұрынғы темекі фабрикасының аумағында «Алматы Технология Паркі» ашылды. Сол жылдары технопарктер ашу дейтін бір әуес пайда болған еді. Алматыдағы технопарктің қандай өнім өндіргені күні бүгінге дейін белгісіз, әйтеуір қазір ол жерде MEGA Park сауда-ойын-сауық орталығы тұр.

Алматы мақта-мата комбинаты 

Қазір бәріміз киім, зат сатып алуға барып жүрген «Армада» және алып Grand Park сауда орталықтарының орнында бір кездері 10 мың адам жұмыс істеген Алматы мақта-мата комбинаты тұрған еді.

Өндірістік қуаты жағынан Орталық Азияда теңдесі жоқ кәсіпорын одақтас республикалардан жеткізілетін шикізаттан жылына 74 миллион метр мақта-мата өнімін шығаратын.

Алып комбинаттың жұмысшыларына арналған үйлерден Алматыда ел аузында «цифрлы» деп аталатын көптеген ықшамаудан пайда болды. Жеке емханасы, бала-бақшасы, тіпті мәдениет Сарайы бар еді. Тоқсаныншы жылы тоқыраған кәсіпорынның ғимаратында қазір Қытай мен Түркияның, тіпті көрші Қырғызстанның киім-кешегі сатылады.  

Алматы үй құрылысы комбинаты

Алматы мақта-мата комбинатының жұмысшыларына арналған панель үйлерден тұратын тұтас ықшамаудандарды Алматы үй құрылысы комбинаты дейтін тағы бір алып кәсіпорын салған. Ел аузында АДК деген атпен белгілі. 1956 жылы құрылған алып мекеменің құрамында 10 құрылыс-жөндеу басқармасы, темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт, кенге жатпайтын материалдарды өңдеу зауыты, ірі автобаза секілді өндірістік бөлімшелері болды.

Алматының тұрғын-үйлерінің тең жартысы осы комбинатта жасалған бетон панельдерден тұрғызылған. Бұдан бөлек кәсіпорынның өнімдері КСРО-ның өзге республикаларына, тіпті алыстағы Кубаға жөнелтіліп отырды. 90-жылдары бұл комбинаттың басына қандай нәубет келгенін оқырманның іші біліп отырған болар.

2011 жылы оның орнына АДК деген атпен сауда-ойын-сауық кешені ашылды. Ал оның бұрынғы автобазасының аумағында көлік бөлшектерін сататын орындар пайда болды. Кейінірек бұрынғы алып комбинаттың өндірістік алаңдарында «Базис» корпорациясы тұрғын үй кешендерін сала бастады.

Алматы ауыр машина жасау зауыты

Алматы ауыр машина жасау зауыты кеңес кезінде қара және түсті металлургия өндірісі үшін сымдау орнағын, құбыр созғыш орнағын, тағы басқа қосалқы құралдарды, құрылыс материалдары, электр техникасы мен авиация өндірістеріне арналған құрал-жабдықтың 300-ден астам түрін жасайтын.

Зауыттың өнімі 30-дан астам елге эспортқа шығатын. Тоқсаныншы жылдары да тоқтамаған алып кәсіпорын 2000 жылдары ентігіп қалды.

Далиған аумағы тарылып, бұрынғы цехтар сауда орындарына, кеңселер мен қоймаларға айналған. Қазір шағын цехтарда отандық металлургия, тау-кен, мұнай өндіруші, энергетика саласына құрал-жабдық өндіреді. Жақында Алматы ауыр машина жасау зауытының жаңа өндіріс орнына көшетіні, ал оның 37 гектар аумағына жаңа ықшамаудан тұрғызылатыны туралы мәлім болды.

«Жетісу» аяқ-киім фабрикасы

Кеңес кезінде көпшілік «Жетісудың» аяқ-киімін аса менсіне бермейтін. Мұнымыз «Тойғаннан соң тоқтының еті топырақ татидының» кері екенін Қытайдың арзанқол, сапасыз аяқ-киімдерімен танысқаннан кейін білдік.

«Жетісу» аяқ-киім фбарикасының құрамына бас кәсіпорыннан бөлек, Алматы және Талдықорған облыстарында орналасқан 4 филиал кірген. Фабрика ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған аяқ-киімнің 260 үлгісін тігетін.

Тоқсаныншы жылдардың тоқыраулы толқыны бұл кәсіпорынды да оңдырмады. Алдымен жекешелендіріліп, кейін банкрот болып, ақырында құрдымға кетті. Қазір бұл кәсіпорынның Наурызбай батыр 7Б мекенжайындағы ғимаратында сауда орталығы, фитнесс клуб, тағы басқа қызмет көрсету, сауда  орындары жайғасқан.

Алматы электротехника зауыты

Алматы-1 теміржол вокзалына таяу жерде, Рихард Зорге көшесі 18 мекенжайында «Март» дейтін үлкен сауда-сауық орталығы тұр. «Ашық» қосымшасымен бұл жерге кез келген адам кіре алады. Ал бір кездері мұнда күзеті күшті, жұмысшыларын тек арнайы рұқсатпен ғана қабылдайтын зауыт істеп тұрған еді.

Алматы электротехника зауыты 1941 жылы немістердің қолында қалған Харьковтан шұғыл көшірілген «Транссвязь» заутының негізінде құрылды. Кеңес кезінде бұл зауыт шығаратын өнімнің бір бөлігі құпия болатын.

Ресми түрде кәсіпорын үтік, шам секілді тұрмыста қолданатын электр бұйымдарын жасады. Ал құпия цехтарында кеңестік аллистикалық зымырандардың оқтұмсығына арналған микроэлектроникалар, әскери техникаға қажет электротехника өндірілетін. Кеңес Одағымен бірге бұл зауыттың да дәурені келмеске кетті.

Ұзақ жыл зауыттың аумағы ақылы автотұрақ болды. Кейін саудаға түсіп, бір бөлігі жаңағы «Март» сауда орталығына, қалғаны түрлі қойма, кеңселерге айналды.

Алматы тәжірибелік «Эталон» зауыты

Тағы бір құпия кәсіпорын Алматы қаласында, бұрынғы Карл Маркс 32, қазіргі Д.Қонаев атындағы көшеде орналасты. Бұл кәсіпорынның нақты не өнім шығарғаны туралы мәлімет жоқтың қасы.

Батыспен «қырғи-қабақ» соғыс кезінде зауыттың құпия цехтарында түнде көруге арналған құралдар, артиллерия күштеріне арналған көздеу құрылғылары, әскери ұшақтар мен тікұшақтарға арналған «қара жәшік» секілді көпшіліктің көзіне түсе бермейтін 40-қа жуық өнім өндірілген көрінеді. Мұнда жұмыс істеген мыңнан астам адам жұмысқа кірерде қайда істейтіні және не істейтіні туралы айтпауға ант беріп отырған.

Совет одағы құлап, қорғаныс мұқтажы түгілі бас қайғы болып кеткен кезде зауыт сейфтер, өте дәл өлшейтін құралдар шығарумен, дәлдігі жоғары техниканы жөндеумен айналысып кетті. Қазір зауыттың орнында бизнес-орталық тұр. Ал оның құпия цехтары медицина орталығының, түрлі компаниялардың кеңсесіне, саудагерлердің жүк сақтау қоймасына айналған.

Алматы кілем фабрикасы

Бір кездері Алматы кілем фабрикасының атағы дүрілдеп тұрған. Мұнда 7 бірдей негізгі цехта мыңдаған адам жұмыс істеді. Фабрика машинада тоқылған жаккард кілем, қолдан тоқылған түкті кілем және кілемшелер шығарды. Арнайы тапсырыспен түрлі мерейтойларға айтулы тұлғалардың кілемдегі бейнесін тоқитын.

1992 жылы фабрика жекешелендіріліп АҚ болып құрылды. Бірақ отандық кілемнің сапасы нащар болды ма, бағасы келіспеді ме, әйтеуір жұрт бельгиялық, түрік кілемдеріне жүгіретін болды. Ақырында фабрика жұмысын тоқтатып, бүкіл дүние мүлкі сатылды.

Қазір оның орнында «Еуразиялық банктің» кеңсесі тұр. Тағы бір бөлігінде жиһаз бен интерьер бұйымдарын сататын сауда үйі орналасқан. Мұнда да кілемдер сатылады, тек парсы, түрік кілемдері.

Алматы жеміс консерві комбинаты

Бұл атақты комбинат 1936 жылы КСРО үкіметінің арнайы қаулысымен құрылған. Оған қажет құрал-жабдықты Кеңес Одағының әр республикасынан жинаған. Мыңдаған адам жұмыс істеген кәсіпорында қызанақ, жеміс, халуа, көкқніс консервілері, балалар тағамы секілді цехтер болған. Жеміс және көкөніс консервілері, хлуа, тосаптар, табиғи шырындар секілді 80-нен астам өнім шығарған. Бір ғана томат цехі тәулігіне 100 тоннаға дейін өнім өндіріп келген.

1993 жылы жекешеленедірілген кәсіпорын 1997 жылы банкрот болып қалды. 1999 жылы комбинат мүлдем жабылды. Бұрынғы комбинаттың 13 гектар аумағының бір бөлігінде «Арзан» супермаркеті жұмыс істеді. Біраз уақыт «Raimbek Group»-қа қарайтын «Raimbek bottlers» ЖШС-нің шағын цехтері істеді.

2000 жылдардың ортасында үкімет 2010 жылға дейін жеміс консервілеу комбинатын толығымен қалпына келтіруді жоспарлаған еді. Бұл импорталмастыру мәселесін шешуге серпін беретіні туралы биік мінбелерден талай айтылды. Ал 2021 жылы түріктің «РАМС» құрылыс корпорациясы мұнда жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап кетті. Алматы қаласының әкімдігі көктемде бұл құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім де қабылдаған секілді еді. Бірақ көріп отырғанымыздай түрік компаниясының дегені болатын секілді. Компанияның ресми сайтында осы кешеннен жайлы үй алу туралы ұсыныс әлі тұр.

Ал жеміс консерві комбинатының атауы тек осындағы автобус аялдамасының атында ғана қалған.

Міне, Алматыдағы бір кездері аты дүркіреген ірі зауыттардың кешесі мен бүгіні осындай. Қайсысы елге көбірек пайдасын тигізгенін өзіңіз пайымдап көріңіз, құрметті оқырман!   

Әділ Ұзақбай, Алматы.

Тегтер: