19 Мамыр 10:39
...

Алматыда «InternetCA-2023 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты XIV ортаазиялық форумы өтті

Фото:

Алматыда офлайн форматта «InternetCA-2023 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты XIV ортаазиялық форумы өтті. 

Алматы, NEGE. Форум барысында цифрлық құқықтар мен бостандықтарды реттеу және қамтамасыз ету, жаңа технологиялар, нейрондық желі қызметтері, олардың рөлі мен интернет саласын дамытудың негізгі тенденцияларына әсері және геосаяси дағдарыс жағдайындағы ақпараттық соғыс тақырыптары талқыланды.

Шараны Freedom House, «Ашық қоғам» қоры, USAID, Internews Network және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің қолдауымен «MediaNet халықаралық журналистика орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. 

Сессияларда екі күн бойы мемлекеттік органдардың, БАҚ-тың, Үкіметтік емес ұйымдардың 40-тан астам өкілі, сондай-ақ цифрлық құқықтар, фактчекинг, медиа сауаттылық, сөз бостандығы және адам құқықтары саласындағы халықаралық және Орта Азия сарапшылары сөз сөйлеп, форумға жиналғандардың сауалдарына жауап берді. Қонақтар Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Грузия, Молдова, Ұлыбритания, АҚШ, Польша, Ресей, Чехия, Германия, Босния және Герцеговина елдерінен қатысты. 

Бірінші сессияда Қаңтар оқиғасы кезіндегі қазақстандықтардың цифрлық құқығы талқыланды. Қаңтар оқиғасында интернет бұғатталып, ақпарат көздері шектелген болатын. Ол жағдай тек адам құқықтарын шектеп қойған жоқ, сонымен қатар экономикаға да елеулі әсер етті. Аталмыш бөлімде ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі, тәжікстандық сарапшы Мухаммади Ибодуллоев, "Сандық құқықтар мен бостандықтар ландшафты және интернет еркіндігі" жобасының жетекшісі Елжан Қабышев, "Интернетті қорғау" коммерциялық емес ұйымның директоры Михаил Климарев сөз сөйледі. 

Екінші сессияда Орта Азиядағы сөз бостандығы талқыланды. Сессияда Article 19 Europe үйлестірушісі Недим Усеинов, Ақпарат министрінің кеңесшісі Жасұлан Өміралиев, Kaktus.media бас редакторы Наталья Темирбаева, "Өзбекстан Республикасындағы қазіргі журналистиканы дамыту" орталығының директоры Саида Сулайманова, түркіменстандық сарапшы Рустам Мухамедов Орта Азиядағы жағдайды айтты. 

Форум барысында интернеттің ақпараттық соғыстың тиімді және таптырмас құралына айналғаны талқыланды. Украинадағы соғыс туралы ақпараттың дұрыс таралуына кедергі болып жатқан факторлар айтылды. 

Жасанды интеллектің болшақтағы пайдасы мен зияны да талқыға түсті. Сарапшылар осы тақырыпқа қатысты ойларын айтып, сұрақтарға жауап берді. 

Технологиялар және адам құқықтары саласындағы саясат сарапшысы, «Ашық қоғам» қорларының аға бағдарламалық менеджері - Мариана Мас және Орталық Азиядағы ЮСАИД өңірлік директорының орынбасары – Луис Ривера форумға қатысушыларға алғыстарын білдірді.

Тегтер: