Турист көп, жауапкершілік те артты: Үлкен Алматы көліне апарар жол қашан ашылады?

Іле-Алатауы Ұлттық паркіне 7 айдың ішінде 507 мыңнан астам турист келіп, бюджетке 298 млн теңге қаржы түскен. Бұл аймақта экотуризм әлеуетінің артқанын көрсетеді. Туристер саны көбейген сайын табиғатты қорғау және инфрақұрылымды дамыту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттілігі туындады, дейді Іле-Алатау ұлттық паркінің қызметкерлері.
Іле Алатау ұлттық паркі еліміздегі ірі мегаполистің іргесінде тұр. Сонымен қатар Алматы облысының аумағын да қамтиды. Бұл парк қала тұрғындары мен туристер үшін танымал табиғи демалыс орны саналады. Жанға сая болар қасиетті мекеннің тұмса табиғатын көруге келген кісі қарасы қалың. Сол себепті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бірінші орында. Қауіпсіздік шараларына байланысты Үлкен Алматы көліне автокөлікпен көтерілу қазір мүмкін емес. Ал жаяу жетемін десеңіз, оған шектеу жоқ.
Үлкен Алматы көліне баратын жолдың ахуалы қандай? Бұл туралы журналистерге ұйымдастырылған пресс-тур барысында Іле-Алатауы Ұлттық паркінің бас директоры Елнұр АХМЕТОВ айтып берді.

Үлкен Алматы көліне апаратын жол уақытша жабылған болатын. Бұған негізгі себеп жолдың техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келмеуі.
«Қазіргі уақытта Үлкен Алматы көліне автомобильдерді жіберуді арнайы бұйрықпен тоқтаттық. Өйткені, жол қауіпті. Бұған дейін кейбір жерлерде жолдың дұрыс болмауына байланысты автокөлік апаты болды. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен Алматы әкімдігі жолды балансына алып, болашақта жол жасау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жолға құлап кетуі мүмкін тастар мен жарларды бекіту және күшейту жұмыстарына қатысты жоспар жасалған. Бұл жұмыс алдағы екі жыл ішінде қолға алынады», – деді Елнұр Ахметов.

Ұлттық парк әкімшілігі алдағы уақытта арнайы қоқыс тастайтын орындар санын көбейтуді жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында жаяу жүргіншілердің саны артты. Бұрынғы уақытта халықтың 10-15%-ы жаяу жүрсе, қазір 30-40%-ға жетті. Келушілер шыңдарға шығып, сайларымызды көріп, туризмді дамытып жатыр. Соған байланысты BI Group компаниясымен бірге атқаратын үлкен жобамыз бар. Алматы қаласы әкімдігінің Туризм басқармасымен де үлкен жобаларды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Алматы облысының әкімдігінің жергілікті бюджеттен бөлген қаражатымен Түрген, Қаскелең, Аламарасан, Бұтақты шатқалдарын жасау жұмыстары атқарылды», – деді Ұлттық парк директоры.

Іле-Алатауы ұлттық парк аумағында болашақта қандай туристік нысандар бой көтереді?
Алматы қаласына жақын орналасқан Алмарасан шатқалы табиғаттың көркем көріністерін тамашалап, демалғысы келетін тұрғындар мен туристер жиі баратын орындардың бірі. Алайда соңғы жылдары бұл аумақта жартастардан тас құлау сынды жағдайлар жиілеп, келушілердің өміріне қатер төндіргені белгілі. Осыған байланысты туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді абаттандыру жұмыстары қолға алынды, деді Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Арқау ШАНТАЕВ.

«Өздеріңіз де білесіздер, Алмарасан ыстық су көздеріне барар жолда әртүрлі жағдайлар болды, тас құлады. Туристер үшін қауіпті саналды. Алматы қаласының туризм басқармасымен бірлесіп, қазір Алмарасан ыстық су көздеріне баратын 700 метр соқпақ жолды аббаттандыру жұмыстары аяқталып қалды. 1-2 күнде ашылу салтанаты өтеді. Жартастардан тас құлаған болатын, сол себепті тастарды торлармен қаптап тастадық. Оның барлығы туристердің қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Соқпақ жолдарға экологиялық баспалдақтар орнатылды», – дейді ол.
Ұлттық парктің алдағы жоспарында ел арасында «Хоббит» деп аталып кеткен сарқыраманы аббаттандыру жұмыстарын жүргізу күн тәртібіне қойылған.
«Бізде негізінен 46 туристік маршрут бар. Оның ішінде 85 пайызы толық абаттандырылған. Халық арасында «Хоббит» деп аталып кеткен сарқырамаға алып баратын соқпақ жол топырақ эрозиясына ұшырап жатыр. Бұл біздің экологиямызға зиян келтіреді. Қазір халық нөпірі көп, қауіпсіз жүруіне жағдай жоқ. Сол себепті сопақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізу биылға жоспаланып отыр. Сонымен қатар «Хоббит» сарқырамасына өзінің тарихи атауын береміз», – деді Іле-Алатауы Ұлттық паркі бас директорының орынбасары.
Туристерді қуантатын тағы бір жақсы жаңалық – Алмарасан шатқалында Аюсай визит-орталығына барар жолда жалаң аяқ жүруге арналған соқпақ жол салынады.
«Соқпақ жол табиғи тастардан жасалады. Сонымен қатар Алакөлден қара тастар алып келеміз. Бұл жерге тек тас қана төселмейді, шөп те, құм да болады. Бір сөзбен айтқанда, денсаулыққа өте пайдалы. Бұл жобаны биыл жасап, жыл соңына дейін іске қосамыз. Жалаң аяқ жүруге болатын соқпақ жол төменде, Аюсайға жетпей орналасады. Бізге келетін 824 мың туристің көбісі төменде демалады. Жоғары жағына ешкім шықпайды», – деді А.Шантаев.
Іле-Алатау ұлттық паркіне қала тұрғындары мен қонақтары тынығуға келіп, отбасымен бірге табиғат аясында жайлы демалыс өткізеді. Бұл аумақта балалардың саф ауамен тыныстап, еркін ойнауына мүмкіндік беретін жаттығу алаңы бой көтермек.

Қазақстандағы ірі құрылыс компанияларының бірі BI Group 30 жылдық мерейтойларына орай Алматының танымал тау бағыттарын абаттандыру мақсатында «Бақыт жолы» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Аталған жоба шеңберінде жаңартылған жаяу жүргіншілерге арналған маршрут Проходное шатқалы арқылы Терра алаңына дейін, әрі қарай 3330 метр биіктікте орналасқан Космостанцияға (Алёшкин көпірі арқылы) дейін созылады. Бұл бағыт қала тұрғындары мен туристер арасында кеңінен танымал және жаяу серуендеуге өте қолайлы болмақ.
Маршруттың ұзындығы шамамен 13,5 шақырым, ал биіктік айырмашылығы – 1580 метр. Жобаның үшінші кезеңін іске асыруға BI Group компаниясы 106 миллион теңге көлемінде инвестиция құйған.

Ұлттық паркте биыл бес өрт сөндіру станциясы ашылды. Биылдың өзінде Ұлттық парктің шет аумақтарында жеті өрт оқиғасы тіркелген. Оған биылғы қуаңшылық себеп.

«Ұлттық парк бойынша Орман өртін сөндіру станциясы былтыр салынып, биыл іске қосылды. Әр филиалда Орман өртін сөндіру станциясы салынып жатыр. Қостанай, Абай облыстарында үлкен орман өрттері болғаны мәлім. Сол өрттерден кейін Ұлттық парктің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Алдағы жылы ұлттық парк аумағында орман өртін алыстан бақылайтын құрылғылар орнатылады», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті директорының орынбасары Дархан Арыстанбекұлы.
