Алқаштардың арасындағы әңгіме НЕГЕ Кремльдің төрінен айтыла бастады?

Ресей федерациясының Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никонов «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің үлкен сыйлығы» деп атады.
Қазақша айтқанда, ол мынаны меңзейді: «Қазіргі Қазақстанның солтүстігі – байырғы «орыс жері». Шекара белгіленген кезде қателік кетіп, Қазақстанға байқамай өтіп кеткен. Коммунистер ұйқылы-ояу отырып, сыза салған шекаралар. Бұл шекараларды мойындауға болмайды. Өзгеге өтіп кеткен біраз жерді – Қырымды қайтардық. Донбасты Украинадан ажыраттық. Келесі кезек – Қазақстан. Одан әрі Орталық Азия жатыр...».
Бұлар қандай сыйлықты айтып отыр?
Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путин: «Ресей империясының, Кеңес одағының құрамында болған елдер орыс халқынан сый ретінде орасан зор жерді алып кетті. Ресей құрамына қалай кірсе, солай шығуы керек еді», – деген пікір айтқан. Бірақ оның қай елдер екенін атын атап, түсін түстемеген еді. Ол кезде «Украина жайлы айтты» деп өз көңлімізді өзіміз жұбатқан болатынбыз. Никоновтің бұл сөзі Путиннің сөзін толықтыру, нақтылау болып отыр. Сондықтан шегінерге жол, алдарқататын ештеңе де қалмады.
Сондықтан да болар, әдетте солтүстік көршіміздің тарапынан айтылған мұндай сөздерді елең қылмай келген Сыртқы істер министрлігі бұл жолы тұяқ серпіді. Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов ресейлік дипломат Александр Комаровты «Нұр Сұлтанның Мәскеуден мұндай мәлімдемелерге баға беруін талап етіп, бұдан былай арандатушылыққа жол бермеуге» шақырған.
«Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жиілеп кеткен осы тақілеттес сөздері екі елдің одақтастыққа негізделген қатынасына орасан зор нұсқан келтіреді», – деп жазды хабарламасында Қазақстан СІМ-і.
Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед те қатқыл мәлімдеме жасады.
М.Құл-Мұхаммед.
Бұл Ресейдің қытығына қатты тиген секілді. Кезекті бір қандені шабаланып шыға келді. Ресейдің тағы бір депутаты Евгений Федоров "Ресей Қазақстаннан жер даулауы керек" деп ашық мәлімдеп отыр. Бұған Қазақстан СІМ-інің реакциясы түрткі болыпты.
«Досыңызға көлік тарту етіп, келесі жылы «Менің сыйлығым қалай, Вася?» деп сұрайсыз. Ол болса: «Қайдағы сыйлық? Бұл сыйлық емес. Оны сенен алып қойғанмын», – деп жауап береді. Мұндай досыңызға қалай қарайсыз, сосын? Оның «алаяқ» екенін, досыңыз емес екенін білесіз. Қазақстанның ресми органы: «Ешқандай сыйлық есімізде жоқ. Бұл сыйлық емес, біз сендерден алып қойғанбыз», – дем мәлімдеп отыр. Егер сыйлық емес, тартып алсаңдар, онда сендермен басқаша сөйлесейік. Басқа тілмен, қазақстандық жігіттер!», – деп қаһарланды «Единая Россия» атты Ресейдің билік партиясының өкілі.
Оның айтуынша, 1991 жылғы шешім заңсыз. «Ақкөңіл орыс сендерге сыйлық жасады. Ал сендер, Қазақстанның СІМ-і, бетімізге түкіріп отырсыңдар. Біз 91 жылғы заңсыз шешімді қалпына келтіріп, жерді қайтару туралы мәселе көтереміз. Тек моральдық тұрғыдан ғана тартынып отырмыз. Қазақ СІМ-інің мәлімдемесінен кейін моральдық тартынудан түк қалған жоқ. Заңсыз алғандарың үшін, «сыйлық» деп есептемесеңдер, Ресейге қайтарып беріңдер... ...Назарбаев, Тоқаев жолдас, кеткіңіз келсе, чемоданыңызды алыңыз да, жерді иесіне беріңіз. Верный – Алматы қаласын және басқаларды. Сөйтіп кете беріңіз. Олар «бізде жер қалмайды ғой» дейді. Біздің онда жұмысымыз қанша?» – дейді Федоров.
Соғысамыз ба?
Ресей депутаттарының, билік партиясы өкілдерінің бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, Қазақстанға шүйлігуі жеке адамдардың лаққан сөздеріне мүлде ұқсамайды. Бұл Ресей билігінің Қазақстанға ұнамайтын әлденеге көндіру үшін доқ көрсетуі ме, әлде, ашық жер даулауы, дұшпандық ниетін білдіруі ме?
«Бір кездері орыс солдатының табаны тиген жерлердің бәрі біздікі» дейтін алқаштардың арасындағы әңгіме енді Кремльдің төрінен айтылып жатқаны бүгін емес. Бұл – қазақ елінің екінші, үшінші президенттеріне берілген белгі. «Айтқаныма, көніп, айдауыма жүрмесең, көрген күнің осы болады. Украинаны, Грузияны, Молдованы қара», – деген қоқан-лоқы.
Ресейдің «шындығы» мынау: «Бұрынғы Ресей империясы мен КСРО құрамында болған елдер Мәскеудің ықпалынан шықпауы керек. Түшкірсе, «жәрекімалласын» айтып отыруы тиіс. Олар бізге ешқандай одақтас емес, саттелиттеріміз ғана».
Бұл жөнінде ресейліктер ашық айтып та жүр. Путиннен бастап – оның басты саяси қарсыласы делініп жүрген Навальныйдың да ойы осыған саяды. Сондықтан да, біз қаншалықты одақтасымыз деп әспеттегенімізбен, алып елдердің астамшылық, дұшпандық ниеті алдымыздан шыға берері хақ.
Таулы Қарабақ.
Айтыла берсе, сөз іске айналады. Осман империясының гүлденіп тұрған тұсында жаһудейлер бір-бірімен «Израиль мемлекетінде жолыққанша» деп қоштасады екен. Қазіргі саяси картада Израиль мемлекеті тұр. Ал 1990 жылдары Ресейде «Қырым – орыс жері» дейтін бір-екі ғана саясаткер болған. Бүгінде Қырым Мәскеуге қарайды. Қазір орыстың 99 пайызы осылай дейді. Бүгін екі депутаттың сөзін Ресей қауымы қос қолын көтеріп қолдап отырғаны әлеуметтік желілерден анық көрінеді.
Бірақ қорқатын дәнеңе жоқ. Егер Әзірбайжан «Ераванның одақтасы» деп Ресейден аяқ тартса, Қарабақ әлі армяндардың уысында болар еді.
Тарихта бейбіт жолмен алынған тәуелсіздікті қарумен қорғауға тура келген халықтар аз болмаған. Айталық, Ресей империясының құрамында болған Финляндия коммунистер билікті басып алған соң дипломатиялық жолмен тәуелсіздік алды. Сталин КСРО құрамына қайтаруды көздеді. Әрекетке барды. Алып империя бар әскерін, танкін, ұшақтарын төгіп,1939 жылдың қараша айынан 1940 жылдың наурыз айына дейін қырғын соғыс ашты. Бірақ аз ғана халық – финдер бас имеді. Жауын тас-талқанын шығарып жеңді.
КСРО – Фин соғысы.
Халқының саны миллионның арғы жағындағы шешендердің заманауи әскердің сағын сындырғаны күні кеше. Шешенмен салыстырғанда, біздің санымыз жиырма миллионға жуықтайды, бұл – осал күш емес.
«Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» деген ежелгі тәмсіл әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Егер алып мемлекеттер бізге басқа амал қалдырмайтын болса, украиннан сабақ ала отырып, бізге не шешен, не фин болуға тура келеді. Қарабақ соғысы ХХІ ғасырдағы әскери қимылдардың қалай жасалуы тиіс екенін көрсетіп берді. Украинадағы гибридті соғыс көз алдымызда өтіп жатыр. Тек соларды саралап, қорытынды жасап, қауіптердің алдын алу жеткілікті әзірге. Кемшілігіміз бен артықшылықтарымызды саралап, дәл баға беріп, әрекет ете білуіміз қажет. Сонда, алпауыттардың өзі абайлап сөйлейтін болады.
Айылын жимай отырса, ол – біздің әлсіздігімізден. Ал қарымта соққы бере алмайтын әлсізді әркім-ақ таяқтайды. Сондықтан бес қаруын сайлай отырып, біздің элита мінезді екенін де ұқтыруы абзал.