21 Маусым 08:06
...

«Әлемді кезген елес» Мирзиёевтің билігін ұзартқалы жатыр

Фото:

Ала шапанды өзбек ағайындар да алашапқын болып, Ата заңдарын өзгертіп жатыр. Көпшіліктің көңілінде: «Бұл дүрмектің мақсаты – президенттің бұрынғы мерзімдерін есептен алып, билігін ұзартып беру емес пе екен?» деген күдік болды.

Билік те діттегенін жасырып-жауып, бүркемелегісі келмегендей. Өзбек сенаты төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафаевтың аузымен мұны нақты растап берді.

«Өзбекстанда жаңа конституция қабылданса, еліміздің кез келген бұқарасы секілді президент Шавқат Мирзиёев те қайта сайлауға түсе алады», – деп мәлімдеме жасады ол.

Путиннің сара жолы

Конституцияны реформалау жөніндегі комиссияның басшысы Акмаль Саидов өзгерістерге сын айтушыларды «сауатсыз данышпандар» деп атады. Өзгерістер туралы айта келе, ол: «Конституциялық реформалардың елесі әлемді кезіп жүр», – деп қойып қалған. Бұл ­– Маркс пен Энгельстің «Коммунистік партиясының минфесіндегі» кең таралған сөздің өңін өзгерткен түрі. Оның пікірінше, Конституция – қатып догма емес, қарекет жасауға арналған бағдарлама болуы тиіс.

Әйтеуір, «әлемді кезген конституциялық реформалардың елесі» Шавқат Мирзиёевтің билігін ұзартып бермек. Бұл үшін Путиннің тәсілі таңдалынып отыр.

«Ташкент Ресейдің тәжірибесіне сүйенді. Ресей Федерациясы конституциясын өзгерткеннен кейін Владимир Путиннің алдыңғы мерзімдері есепке алынбайтын болды. Ол 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік алды», – деп жазды НГ басылымы.

Бір қызығы, өзгеріс енгізуге кез келген азамат ұсыныс бере алады. Қабылдау платформалары да жұмыс істеп тұр. Әрине, түрлі ой-пікір айтылып жатыр. Солардың арасында «басқару мерзімін 15-20-ға ұзартуға, «президент міндетін жақсы атқарса, үшінші мерзімге қалдыруға болады» деген ұсыныс та бар көрінеді.

Өзбек қоғамы қалай қабылдады?

Шавқат Мирзиёевтің билігін ұзарту өзбектердің бәріне бірдей ұнап отырмағаны байқалады. Көрші елдің бұқаралық ақпарат құралдарында реформаны қолдағандардан гөрі сыни пікір білдіріп, жазба қалдырғандардың қарасы басым.

«Дәл сол үшін Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанына кім күдік келтіріпті. Одан да Ата заңға бірден: «Президент 50 жыл ел басқарып, сосын билік тізгінін балаларына ұстатуы тиіс» деп бірден жазуына да болады. Сонда ғана әр бес жыл сайын Конституцияны қайта жазып отыруға деген қажеттілік өздігінен жойылатын шығар», – деп мысқылдайды Lola Aziz атты қолданушы.

Рас, «Қазіргі президент көп іс тындырды, сондықтан ұзақ мерзімге қалуына және Конституцияға өзгеріс енгізуіне болады» деп жазып жатқандар да аз емес. Десе де, өзбек белсендісі «Ата заңға өзгеріс енгізуде Мирзиеевтің емес, елдің болашағы тұрғанын» алға тартады.

«Егер Каримов 15 жыл бұрын зейнетке шыққанда, Мирзиёев қанша тірлікті тындырар еді? Ел мүлде басқаша болар еді», – деп жазады Sanjar Rajabov.

Кейбір азаматтар «ел президенті алғашқы арба салған сүрлеуге түсіп кетпей ме?» деген күмәнін де ашық айтып жатыр. Екіншілері тарихтан сабақ алуға шақырады.

«Өкінішке қарай, президент Мирзиёев ақырындап Каримовке айналып келеді. Бәрі қалай жақсы басталған еді. Каримов те бәрін жап-жақсы бастаған-ды...», – деп жазады Генадий Хазанов.

«Біздің билеушілер тарихтан сабақ алмайды екен. Әрқайсысы «мен ерекшемін» деп ойлайды. Каримовтың, Назарбаевтың, енді Путиннің басындағы жайт ештеңені үйретпепті», – дейді Суннат Абдуганиев.

Конституция әріптері

«Ерекше» даму жолын таңдаған елдерге батыстық үлгі қолай келе бермейді. Әсіресе, билік мерзімін шектеу. Көп елдерде бір адамның екі мерзімнен артық президент болуға тыйым салатын бап бар. Біздің аймақта ата заңдарға тәуелсіздік алғашқы жылдарындағы «балаңдықпен», демократиялық дүрмекпен еніп кеткені анық. Енді оны айналып өтудің амалын алас ұрып іздеуге тура келіп жатыр.

Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов пен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы «конституциялық реформалар» мен референдумдарға сүйеніп келді. Мұндай шектеу «Ұлт көсеміне жүрмейді» деп Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да айласын асырды.

Ресей президенті Владимир Путин «конституцияның бір әрпін бұзбай» бір мәрте, бір-екі әрпін бұзып, екінші мәрте тағын сақтап қалды.

Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Беларусь президенті Лукашенко бас қатыруды жөн санамай, бұл ережені қаламының ұшымен конституциядан жәймен ғана сызып тастап құтылды.

Елімізде 5 маусымда өткен конституциялық реформаның жөні бөлек. Сарапшылар бір ауыз сөзбен «Елбасын тарих сахнасынан шығарып салу кәдесі болды» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болса, үшінші мәрте сайлауға түспеймін деп уәде беріп отыр. 

Тегтер: