17 Наурыз 18:15
...

«ӘЛЕМДЕ үлкен геосаяси ПОЛЮСТЕР құрылып жатыр» – Дипломат

Фото:

Путин ақыры дегеніне жеткен секілді. Әлемдік бір полярлы жүйенің ақыры көрініп келеді. Украинадағы соғыс осы үрдістің бір шетін парағы ғана. Әрине, Мәскеудің әлемдік орталықтың бірі бола қоюы неғайбыл. Өйткені, таразының екінші басында салмағы басым Бейжің бар. Батыс әлемі оңайлықпен орнын босатпасы да екібастан.

Қазақстандық сарапшы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ NEGE-ге берген сұхбатында әлемдегі геосаяси сілкіністер және оның елімізге әсері жөнінде сөз қозғады.

– Си ЦЗИНЬПИН Мәскеуге сапарлайтын болды. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Қытай басшысы ПУТИНДІ Украинадан әскерін әкетуге, бейбіт келісімге келуге шақырмақ көрінеді. Бұл қантөгісті тоқтатуға Си Цзиньпинның беделі жете ме? Сіздіңше, оның көздегені не?

Қ.Бейсебаев. Фото: ғаламтордан.

– Қазір әлемде екі полюс – күш орталықтары орнап жатыр. Оның бір басында – АҚШ бастаған Батыс өркениеті, екінші жағында Қытай, Ресей, Иран және басқа да елдер тұр. Қытай мен Ресей арасында үлкен мәселелер жоқ. Керісінше, саяси, экономикалық тұрғыдан серіктес елдер. Меніңше, бұлар үлкен мәселені талқыламақ.

Си Цзиньпин қазір үшінші мерзімге қайта сайланды. Алғашқы сапарын Ресейден бастамақ. Мұның өзі Қытай үшін Ресейдің басым бағыт екенін көрсетеді. Сондықтан екі алпауыт елдің басшылары Украинадан басқа да халықаралық мәселелерді талқылайды.

АҚШ-та, Еуропада, жалпы Батыстың банк жүйесінде кілтипан шыға бастады. АҚШ-та екі бірдей ірі банк дефолттың табалдырығын аттағалы тұр. Бұл – әлемдік қаржы жүйесінде түйткіл бар деген сөз. Ал Ресей мен Қытай жақындасып, бірігуге ұмтылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, полюстер құрылып жатыр. Үлкен геосаяси мәселелер талқыланады. Әрине, оның ішінде Украинада да бар.

Фото: РИА Новости

– Қытай  мен Ресей одақ құрады деген болжам бұрыннан айтылып келеді. Бірақ жиырма жылдан бері бұл жорамал іске аспады. Сәті енді түсіп отырғаны ма, сонда?

– Ешқандай одақ құрылмайды. Бірақ қарым-қатынасы өте жоғары деңгейде. Бастысы, бір-біріне бәсекелес емес. Қытай Ресейден шикізат алса, Ресей тауар алады. Екі ел бірін-бірі толықтырып тұр. Халықаралық мәселелерге қатысты ұстанымдары мен көзқарасы бірдей болмаса да, өте жақын.

Екі мемлекетте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына да, БРИКС-ке де кіреді. Сондықтан қандай да бір одақ құрудың қажеті жоқ. Онсыз да жақын елдер. Мәскеуде олар әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге ұмтылады деп ойлаймын.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға келгелі жатыр. Түркі мемлекеттері одағының отырысынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Бейжіңге ұшпақ. Қазақстан болса, осы алпауыт екі елмен де шектеседі. Осындай барыс-келістер соңғы кезде қарқын алды. Мұның астарында не жатыр?

– Біздің президент екі-үш күн бұрын осы екі елдің елшілерін қабылдады. Негізі, мемлекет басшысы елшілерді жеке қабылдамайды. Сенімхат берген кезде ғана қабылдауы тиіс. Елшілермен жеке кездесу нені көрсетеді? Демек, арада үлкен бір маңызды мәселе бар деген сөз.

Си Цзиньпин Ресейге сапарласа, Путин Қазақстанға келмек. Мұның алдында Беларусь президенті Александр ЛУКАШЕНКО  да Қытайға барып қайтты. Мұның өзі үлкен геосаяси полюстің –  күш орталығының құрылып жатқанынан хабар береді.

Қазақстан осы екі алып мемлекеттің ортасында орналасқан. Солтүстігімізде – Ресей, Шығысымызда – Қытай. Іргемізді аулақ салып, ешқайда кете алмаймыз. Ақордаға «бізбен бірге боласыңдар» деп айтатын болар. Бәрі осыған келіп тіреліп тұр.

Ақорда. Фото: ortcom.kz

– Үлкен мәселе туралы айтып қалдыңыз. Бұл не болуы мүмкін? Көздегені не? Батысқа қарсы тұру ма? 

– Әрине, Батысқа қарсы тұру. Украинадағы соғысқа байланысты Ресей мен Батыстың қарым-қатынасы бұзылды. Мүлде ат құйрығын кесісті деп айтуға да болады.

Бұдан отыз жылдай бұрын Социалистік жүйе мен Батыс әлемі екі полюс болып тұрды. Кеңес одағы ыдыраған соң, тек қана АҚШ-тың дәурені жүрді. Қазір Қытай күшейді. АҚШ қазір бұрынғыдай қауқарлы емес. Қытай АҚШ-пен иық тіресе бастады. Ресей де Батысқа бағынбайды. Бұл екі ел Батысқа қарсы тұру үшін ұйым не топ құруы ықтимал.

Бұрын бүкіл әлем қаражат жағынан батысқа тәуелді болып келді. Қазір Қытай батыстың банк жүйесінен бірте-бірте шығып жатыр.

– Алдымызда автократия мен демократия арасындағы «қырғи қабақ соғысы» тұр деп атауға бола ма?

– Францияны демократиялық елге жатқызамыз. Бірақ олар да шеруге шыққан азаматтарын ұрып-соғып жатыр. Автократия мен демократияны әр адам өзінше түсінеді.

Мәселен, АҚШ-тың Сауд Арабиясымен қарым-қатынасы өте жақсы. Ал бұл елде орта ғасырлардағыдай ұрылардың қолын әлі күнге дейін шауып тастайды. Ешқандай демократия жоқ.

Қазір бүкіл мемлекеттер – капиталистік елдер. Идеологиялық айырмашылық атымен жоқ. Арада тек қана бәсекелестік бар.

Джо Байден. Фото: АР

– Бұл жаңа геосаяси текетірес ұзаққа созыла ма?

– Қандай да бір болжам жасау қиын. Десе де, қазір Батыста үлкен түйткілдердің шеті көрініп тұр. Өйткені, бұларда шикізат қат. Шикізат көздері Ресей мен Иранның қолында. Сондықтан баға көтерілді. Еуропада соңғы отыз-қырық жылда баға тұрақты болып келді. Инфляция дегеннің не екенін білмеді. Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Қарапайым халықтың тұрмысы нашарлай бастады. Сондықтан, Батыстың жағдайы аса мәз емес.

Украинадағы соғыстың сыры да осы ресурстарға келіп тіреледі. Ресейге құнарлы жер керек. Әлемде  халықтың саны тез өсіп жатыр. Азық-түлік жетіспеушілігі байқалады. Кімнің жері құнарлы болса, мол азық-түлік алса, болашақтың кілті соның қолында болмақ. 

– Әңгімеңізге рахмет.  

Тегтер: