Алексей ШЕВЦОВ: Қазақстан мен Ресейдің арасына БАТЫС от салып жатыр

Батыс елдері Ресей мен Қазақстаның қарым-қатынасын бұзып, егеменді елдердің ішкі ісіне араласып жатыр-мыс. Қауіпсіздік жөніндегі ресейлік-қазақстандық кеңес барысында Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Алексей Шевцов осындай мәлімдеме жасады.
«Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына Батыс елдері жағымсыз әсер етуге ұмтылып жатыр. АҚШ пен оның одақтастары ұлтшылдық көңіл-күйді қоздырып, интернет және әлеуметтік желі арқылы өтірік таратып, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр. Бұл – тәуелсіз елдердің ішкі істеріне тікелей және ожарлықпен араласу», – деді ол.
Фото: РИА Новости
Десе де, Алексей Шевцов бұл сөздерін қандай деректерге сүйеніп айтқаны белгісіз. Бірде-бір мысал келтірмеген. Қазақстандық сарапшылар Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы орынбасарының мәлімдемесі жайлы NEGE-ге төмендегідей пікір білдірді.
Дос КӨШІМ, саясаткер:
Ресей Қазақстан мен Батыс елдерінің арасына от салуға ұмтылып жатыр
– Менің ойымша, бұл ойдан шығарылған. Жасанды тәсіл. Алдын-ала байбалам салу. Қазақстанда Батыс елдерінің бірде-бір телеарналары жұмыс істеп тұрған жоқ. Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына от салатындай бірде-бір материалды көрмедім. Ең қызығы, осы сөзді айтып отырған адам дәлел келтіріп отырған жоқ. Жағдай басқаша болса, кем дегенде екі-үш дәлел келтіретін еді.
Керісінше, Ресейдің ақпараттық хабарларында агрессиялық соғысын ақтап алу үшін барынша Батысты жамандауы көбейіп кетті. Себебі, Ресейдің телеарналары бізде еркін жұмыс істеп жатыр. Ресейлік идеология Қазақстанның ақпараттық кеңістігін толық жаулап алған.
Меніңше, Ресей Қазақстан мен Батыс елдерінің арасына от салуға ұмтылып жатыр.
Петр СВОИК, саясаткер:
Мұндай көпвекторлық колониялды мәнге ие
– Қазақстан «көпветорлық» саясатты ұстанады. КСРО құлағаннан кейін сыртқы саясаты осылай құрылды. Бүкіл әлемдің нарыққа шикізатты көпвекторлы жолмен жеткізеді. Шетелдік инвестиция мен кредиттер де осындай көпвекторлы. Мұндай көпвекторлық колониялды мәнге ие. Және ол бірполярлы әлемнің шеңберінде ғана мүмкін болады.
Қазір әлемдік тәртіп ғаламдық гибридті соғыс барысында қайта құрылымдалып жатыр. Қазақстан оған тікелей қатыспайды. Бірақ майданның бірнеше шебінде қалды. Ішімізде де поляризация жүріп жатыр.
Міндетіміз – сырт елдің қайраткерлерінің біз туралы айтқанымен келісу немесе жоққа шығару емес, елдегі этникалық бытыраңқылық пен әлеуметтік теңсіздікті жою.
Серік Белгібаев, саясаттанушы:
Қазақстанның билігінен репрессия жүргізуді талап етіп отыр
– Ресей өкілінің сөзі – Қазақстанның ішкі ісіне араласу. Ол еліміздің ісіне, ішкі үдерістерге баға беріп отыр. Оның үстіне, бұл сөздерді ол Қазақстанда, еліміздің мемлекеттік органдарының басшысының алдында айтты. Мәселен, бұл кеңеске Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрдәулетов және күштік құрылымдардың қызметкерлері қатысты.
Мұндай жағдай бірінші мәрте болып отырған жоқ. Мәселен, Ресейдің елшісі Бородавкиннің сұхбатының мазмұны арсыздыққа толы болды. Десе де, Қазақстан ешқандай реакция білдірмеді. Себебі, Қазақстан мен Ресей арасында мұндай тәжірибе нормаға айналған. Орыстар аймақтың басқа елдерінде де еркінсиді, бірақ дәл мұндай дәрежеде емес.
Олар Қазақстанмен ғана осылай сөйлеседі. Өйткені, қазақстандық тарап бұған мүмкіндік береді. Неге бұлай? Оның салмақты себептері де бар.
Біріншісі, бұл – дәстүр. Ресейдің алдында иілу Қазақстанның саясаты үшін нормаға айналды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап солай.
Екіншіден, бұл дәстүр қайдан шықты? Биліктің өзінің құрамына да байланысты. Ұлтшылдық көңіл-күй, Батыстың ықпалы туралы сөздермен биліктегі адамдардың дені келіседі. Және толық қолдайды. Біздің билік ресейшіл. Бұл – мәдениетпен, сөйлейтін тілімен байланысты. 90 пайызы орыс мәдениетін бойына сіңірген.
Ресей бірнеше мәрте осы тақілеттес пікір айтты. Сөзден басқа, іс жүзінде бұл нені білдіреді? Шын мәнінде, олар Қазақстанның билігінен ісімізге Ресейдің араласқанын қаламайтын, Украинаны қолдайтын қоғамның бір бөлігіне қарсы репрессия жүргізуді талап етіп отыр. Біз кейбір белсенділердің осы үшін сотталғанын көріп отырмыз. Демек, Ресейдің бұл талаптары белгілі бір дәрежеде орындалып жатыр. Мұның тағы да қайталануы ғажап емес.