28 Шілде 16:49

АҚШ қазақтар үшін Қытайға соғыс ашты

Фото:

АҚШ Қытайға ресми түрде қырғи-қабақ соғыс жариялады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Никсон атындағы Калифорния кітапханасында сөйлеген сөзін дүниежүзінің сарапшылары осылай тәпсірлеп отыр. Оның айтуынша, Қытай – АҚШ-тың ғана емес, «еркін әлемнің» басты жауы. ХХІ ғасырдың басты айқасының елімізге ықпалы орасан. Өйткені, еліміздің қойын-қонышы байлыққа толы деп далақтап мақтанғанымызбен, оны игеріп, қызығын көріп отырған – осы бірін-бірін атарға оғы жоқ екі алып ел.

«Фукидид қақпаны»

Бұл – АҚШ-тың мемлекет қайраткерлерінің Қытай туралы жариялаған төртінші тезисі. Бұған дейін ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президент кеңесшісі Роберт О’Брайен, Федералды тергеу бюросының директоры Крис Рэй және АҚШ-тың бас прокуроры Барр Бейжіңді ашық түрде жау деп атаған болатын. Осы лауазымды тұлғалардың сөзі – Мемлекеттік хатшының өз өтініші екен.

Майк Помпео

Қытай күшейген сайын, АҚШ-тың дегбірі қашқаны ақиқат. Бір сұмдықтың боларын сарапшылар күні бұрын болжап келген. Екі алып елдің стратегиялық қарсыластар екенін болжау үшін көріпкелдіктің қажеті шамалы. Помпеоның сөзі – АҚШ-тың сөзден іске көшкенінің нақты айғағы.

«Гарвард профессоры Грэм Аллисонның «Фукидид қақпаны» деген ғажап кітабы бар. Фукидид – ежелгі грек тарихшысы әрі әскер қолбасшысы. Афина мен Спарта арасында соғыс боларын болжаған адам. Неге десеңіз, әскери күшке сүйеніп отырған Спарта демократиясы мықты Афинаның экономикалық гүлденуінен, дамуынан қатты қорыққан екен. Осыған сүйене отырып, Грэм Аллисон Қытай мен АҚШ арасында соғыс болады деп болжам жасаған. Тарихта екі супердержава қатар өмір сүрген 16 жағдай болған екен. Соның 12-сі соғыспен аяқталған. Қазақтар мұны «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп бір ауыз сөзбен жеткізген», – дейді Шыңғыс Мұқан.

 

Не түрткі?

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы ең алдымен осы жиында төбе көрсеткен бірнеше қытай диссиденттеріне алғыс білдірді.

«Мен қай жерге табан тіресем де, дарынды және еңбекқор қытайларды кездестірдім. Мен Шыңжаңдағы концентрациялық лагерьлерден қашып құтылған ұйғырлармен, қазақтармен кездестім. Гонконгтің демократиялық қозғалысының серкелерімен сөйлестім. Кардинал Ченьнен бастап Джимми Лайға дейін. Екі күн бұрын Лондонда Гонконгтің азаттығы үшін күресіп жүрген Натан Лоумен әңгімелестім», – деді Майк Помпео.

АҚШ қазақ пен ұйғыр үшін ғана Қытайға қырғи-қабақ соғыс ашып отырмағаны белгілі. Өзге себептері де ашық айтылды.

«Қытай саудада өрескел қиянат жасап жатыр. Оны зығырданыңды қайнататын статистикалық деректерден көріп жүрміз. Америкалық жұмыс орнын құртып, барлық штаттардың экономикасына ауыр соққы жасап жатыр. Оның ішінде осы өлке – Оңтүстік Калифорнияда бар. Қытайдың әскери мәшинесі күн санап күшейіп барады. Яғни, қауіп төндірерлік жағдайға жеткенінің куәсі болып отырмыз», – деді Помпео.

Оның айтуынша, Қытай АҚШ-тың аса бағалы зияткерлік меншігі мен коммерциялық құпияларын ұрлап, тонап келеді. Соның кесірінен бүкіл Америкада миллиондаған жұмыс орындары жабылған.

Помпео америкалық саясаткерлерге тән асқан шешендігімен, от тілімен Қытай қатерінің қоясын ақтарды. Оның бұл сөзі тарихта Уинстон Черчиллдің Фултонда сөйлеген сөзімен қатар тұратына еш күмән қалмағандай.

Никсонның «Франкенштейні»

Соңғы кездері әлем аспанында көне гректердің түсінігіндегі соғыс құдайының сұлбасы қылаң беріп келе жатыр. Есе қайтаруды көздеген мемлекеттер, араздасқан алпауыт елдердің қарым-қатынасы қатты шиеленісіп барады. Әдетте, мұндай шиеленіс қанмен ғана шешіледі.

«Қырғи-қабақ соғыс басталар кезде амбициясы бар мемлекеттер бұрын өздері ратификациялаған жауапкершіліктерден бас тарта бастайды. Мәселен, зымыран қаруларына қатысты тыйымдардан, халықаралық заңдардан да бас тартып, агрессиялық саясат күшейе бастайды», – дейді пәлсапашы Әбдірашит Бәкірұлы. Соңғы жылдары бұған мысал жетіп артылады.

Бейжіңмен әмпәй-жәмпәй болуды бастаған АҚШ президенті Никсон бірде «Қытайдың компартиясы үшін әлемнің есігін ашып, «Франкенштейн құбыжығын» өсірген жоқпын ба, осы» деп қорыққан екен. Араға уақыт салып осы қорқыныш АҚШ-тың алдынан шығып отыр. Әскери қуаты күннен-күнге артып, экономикасын нығайтып алды. Бірінші қырғи-қабақ соғыстағы қарсыласы КСРО халқының саны АҚШ-тан екі есе аз болатын. Бүгінгі қарсыласы 2 миллиардтан асады. Яғни, 5 еседей көп. Қытай әсте осал жау емес. Помпео мұны ашық мойындап отыр.

«КСРО еркін әлемнен оқшау қалған еді. Ал Коммунистік Қытай біздің шекарамыздың түбінде тұр. Егер еркін әлем өзгермесе, коммунистік Қытай бізді өзгертетіні анық. Біз қазір әрекетке көшпесек, Қытайдың коммунистік партиясы біздің бостандығымызды тас-талқан етеді», – деп түйіндейді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы.  

Бұл соғыс немен бітеді?

Қытай салыстырмалы түрде әлі де әлсіз. АҚШ мұны жақсы түсініп отыр. Қазір қимылдап қалмаса, ертең кемеліне келсе, аузынан от шашқан алып айдаһарға қарсы тұра алмасын, оның бір деммен жайпап өтерін де біледі. Сондықтан, ұрымтал кез осы деп ұйғарған секілді. Қарулы соғыс бірнеше жылдарға ұласса, қырғи-қабақ соғыс ғасырға жуық уақытты талап етуі кәдік. Мәселен, КСРО мен АҚШ-тың арпалысы ширек ғасырға жуықтағаны белгілі.

Десе де, бұл қырғи қабақ соғыстың немен бітерін болжаудан тартынып қалмаған сарапшылар да табылып отыр. 

«Екінші қырғи-қабақ соғыс басталса, ол Қытайдың шаңырағын ортасын түсіреді деп ойлаймын. Тарихқа жүгінсек, Қытай ешқашан аса мықты мемлекет болмаған. Ұзақ жылдар отар болып келді. Тек 1949 жылы егемендік алды. Қытайдың экономикасы бастапқыда 8-9 пайызбен (ЖІӨ) қарқынды дамығаны рас. Қазір 3-4 пайызға дейін түсіп кетті. Социалистік, комунистік жүйеде қосып, асырып жазатыны бар. Соны есепке алса, Қытайда тоқырау үрдісі басталып отыр. КСРО тәжірибесіне қарасақ, тоқыраудың соңы ыдырауға ұласады. Қытайдың даму қарқыны баяулап барады», – дейді Әзімбай Ғали.

Екі түйе сүйкенсе...

Иә, арасында шыбын өледі. Бірінші қырғи қабақ соғыста екі алпауыт тікелей соғыспағанымен, өзге елдің жерінде ұдайы күш сынасып келді. Корея түбегі, Вьетнам, Ауғанстан, Африка елдері, Таяу Шығыс, Латын Америкасы мен Кариб аралдары – осының нақты мысалы. Екінші қырғи-қабақ соғыста жаңа майдан алаңдарының пайда болуы – заңдылық. Болашақ ұрыс даласының бедерін қазірдің өзінде картадан көруге болады. Өйткені, Қытай мен АҚШ мүддесі тоқайласып отырған аймақтар аз емес. Атап айтқанда, Тынық мұхит жағалауын, Африканы, Оңтүстік Шығыс Азияны болашақ текетірес ошағы десек, көп қателеспейтін секілдіміз. Оның ішінде Орталық Азия мен Қазақстан да бар.

«Қытай үшін Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы қандай деген сұрақ өте маңызды. «АҚШ-тың қандай да бір әскери, басқа да нысандары жоқ па, әлдеқандай әскери транзиттік мәселелерді қарастырып жатыр ма?» деген сауалдар Қытайды қатты мазасыздандырады. Қытайдың Қазақстанды АҚШ-тан алшақтату саясатын жүргізетіні хақ», – дейді сарапшы.

Пәлсапашының пікірінше, мұндай жағдайда бізге Абылайдың ақ туын көтеріп, саясатын жүргізетін адам керек. Бейтарап саясат ұстанбаса, жағдай қиын.

«АҚШ-тың елімізде орналасқан трансұлттық корпорациялары бар. Қытай компаниялары да аз емес. Яғни, жауласушы екі елдің де компаниялары бізде жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Атырауда Батыс компаниялары көп, ал Ақтөбе толығымен Қытай компанияларына тиесілі. Бұл – Қазақстан үшін өте қауіпті. Қытай компаниялары да, АҚШ компаниялары да өз саясатын жүргізгісі келеді. Сондықтан АҚШ пен Қытай арасындағы майданның шағын көрінісі біздің елден де байқалуы ықтимал», – дейді Әбдірашит Бәкірұлы.

Тегтер: