4 Ақпан 13:34
...

«Ақ жол» ұсынған бастамалардың басым бөлігі Конституцияда көрініс тапты

Қазыбек Иса
Фото: Мәжіліс

«Ақ жол» демократиялық партиясы Жаңа Конституция жобасына жолдаған ұсыныстарының басым бөлігі құжат мәтінінен көрініс тауып, нақты жүзеге асып жатқанын оң бағалайды. Партия мұны ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам деп санайды.

Астана, NEGE. Ұлы Абай «Қандай істің қалай аяқталатыны оның бастауынан байқалады» дейді. Жаңа Конституция кіріспесінде байырғы қазақ жері, Ұлы Дала ұғымы, мемлекеттің унитарлы сипаты мен аумақтық тұтастығы, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» идеясы мен заң үстемдігі қағидаттары басым бағыт ретінде бекітілген. Партия бұл нормаларды ұлттық мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын қамтамасыз ететін іргелі негіз деп есептейді.

«Ата Заңымыздағы: «Байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп», – деп басталатын көзімізге оттай басылған Ұлы Дала ұғымы мен байырғы қасиетті қазақ жері атауы бас қағидат ретінде шегеленіп жазылғаны көңілге көп үміт ұялатады», – дейді Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясының сөзінде.

Халықты бірлікке ұйыстыратын Бірегей ұлт саясаты да анық айқындалған.

«Ата заңның негізгі ерекшеліктерін атасақ, Бір палаталы парламент құруды бүкіл еліміз бірауыздан қолдап отыр. Бұл «Ақ жол» партиясының талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Пропорционалды сайлау жүйесі алдымен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды. Дамыған елдердегі белгілі партиялар мемлекет тұрақтылығының негізі. Партиялар халық сеніміне ие болуы тиіс. Ол үшін не істеуі керек? Ол үшін халық мүддесін, мемлекет пен ұлт мүддесін қорғауда қарқынды қайрат көрсетуі қажет», – деп атап өтті Қазыбек Иса.

Депутаттың айтуынша, тарихи тамыр тартқан Құрылтай атауы – қазақтарда мемлекет болмаған дейтіндерге Ұлы даланың рухы мен Алтын Орданың айбарын еске салады.

Ал жаңа Конституциядағы Ұлттық заңдардың халықаралық шарттардан жоғары тұруы – бұл бұрын болмаған, ел үшін ерекше маңызды бап. 

«Бұл – халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, оларды ұлттық мүдде сүзгісі арқылы іске асыру. Көптеген мемлекеттерде халықаралық шарттар автоматты түрде емес, ұлттық Конституцияға сәйкестігі тексерілгеннен кейін ғана қолданылады. Бұл – құқықтық егемендік, нақты басқару тетігі. Ұлттық заңдардың үстемдігі мемлекеттің өз даму моделін өзі таңдауына жол ашады; сыртқы нормалардың ішкі ерекшеліктерді елемей енгізілуінен қорғайды. Бұл қорғаныс механизмі — құқықтық сананың дербестігін көрсетеді», – деп атап өтті Қазыбек Иса.

Айтуынша, дамыған елдердің тәжірибесі осыны растайды. АҚШ-та (Америка Құрама Штаттарында), Германияда, Францияда халықаралық келісімдер Конституцияға қайшы келмесе, қайта қаралады немесе орындалмайды. 

Енді осы бап арқылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылы айтқан «Осыдан отыз жыл бұрынғы халықаралық шарттарды қайта қарау керек» деген бастамасы іске асуы керек. Партия ескі билік үшін зор, халық үшін қор болған мұнай келісімдерінде кеткен есемізді, жатқа кетіп жатқан ел қазынасын қайтаратын кез келді деп санайды. 

Ұлттық заңдардың халықаралық келісім-шарттардан жоғары тұруын бекіту Қазақстанды құқықтық егемендігі бар, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекет ретінде нығайтады. «Ақ жол» партиясы бұл норманы уақыт талабына сай, стратегиялық тұрғыдан мықты шешім деп бағалайды.

Партия өкілдері Парламентте мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту жолында жүйелі әрі табанды жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Парламент отырыстарының басым бөлігі қазақ тілінде өтуде, өзге этнос өкілдері де мемлекеттік тілде еркін сөйлеп отыр. Бұл – тіл саясатының нақты нәтижесі, деп есептейді депутат.

Сондай-ақ 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру талабын заңмен бекіту «Ақ жол» партиясының бастамасымен жүзеге асты. Партия бұл норманы ел қауіпсіздігін нығайтып, мемлекеттік қызметке қабылдауда тіл талаптарын күшейтетін маңызды қадам деп санайды. Осы тест жүйесін жетілдіру қажеттігі де атап өтіледі.

«Біз бұндай жақсы үдерістерге қарап отырып, көп мәселе өзімізге де байланысты екеніне көз жеткіздік. Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіру қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай: тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпал болып тұр», –  дейді Қазыбек Иса.

Партия Жаңа заман талабына сай Жаңа Конституция жобасын қолдайды және Тәуелсіз елдің тағдыры әр азаматтың қолында екенін атап өтті.