Қазақстандағы қымбат ет Өзбекстанға арзанға кетіп жатыр: министрлік не дейді?
Сауда министрлігінің мәліметінше, статистика жасалғанда техникалық ақау болып, тараған ақпарат қате болуы мүмкін.
Астана, NEGE. Жуырда кедендік Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ет саудасына қатысты статистика жариялады. Құжаттағы мәліметтерге сәйкес, Өзбекстан Қазақстаннан етті келісіне шамамен 1500 теңгеден сатып алады. Ал дәл осы өнімді отандық тұтынушылар 4–4,5 мың теңгеден алуға мәжбүр.
Аталған деректерге байланысты Мәжіліс кулуарында пікір білдірген Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанел Кушукова бұл ақпараттың шынайылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні статистикадағы техникалық қателікпен байланысты болуы мүмкін.
«Бұл жерде мемлекет екінші бір мемлекетке сатып жатқан жоқ қой. Етті Өзбекстанға нақты өндірушілер келісімшарт негізінде, нарықтық бағамен сатады. Егер баға ішкі нарықтағыдан әлдеқайда төмен болса, оның экономикалық мәні қандай? Шартты түрде айтсақ, өндіруші ел ішінде өнімді 10 долларға өткізе алса, неге ол оны шетелге 3 долларға сатуы керек? Бұл тиімсіз», — деді ол.
Министр міндетін атқарушы бұл мәселе жан-жақты зерделеніп, кеден қызметінен статистика сұралатыны және нақты қорытынды жасалатынын атап өтті. Қоғамда резонанс тудырған дерекке нүкте қою үшін мемлекеттік органдар мен салалық сарапшылар бірлесіп жұмыс жүргізбек.