13 Сәуір 09:39

Ахмадулла Васток: Қазақстанда үш жарым мыңға жуық ауған өмір сүріп жатыр

Фото:

Еліміздегі этнос өкілдерінің бір ғана арманы бар. Ол – бейбіт заман мен жарқын болашақ. Әсіресе, соғыс пен қақтығыстан көз ашпаған Ауғанстан елінің басындағы жағдайға алаңдаған Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты «Ариана» ауған мәдени орталығының төрағасы Ахмадулла Вастоктың айтуынша, тыныштықтан артық ештеңе жоқ.

– Өзіңіз туралы және «Ариана» ауған мәдени орталығы туралы айтып бересіз бе?

 Мен Ауғанстанның астанасы Кабулда дүниеге келдім. Мектепті де сонда оқып, бітірдім. 1982 жылы оқу орнын ауыл шаруашылығы саласы бойынша Душанбеде тәмамдадым. Мұнымен қоса шетелдіктер үшін орыс тілін оқыту методикасын қатар оқыдым. Ал Алматыға 1990 жылы келдім. Содан бері қоғамдық қызметпен айналысып келемін. Әу баста, яғни 2009 жылға дейін ауған диаспорасын тіркедім. 2009 жылдан бастап «Ариана» ауған орталығы қоғамдық бірлестігі ретінде ресми тіркеуден өтті. Өзім де сол жылы Қазақстан халқы ассамблеясына мүше болдым.

Бұл атау қайдан шықты? Ертеде шекара бекітілмегенге дейін Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ауғанстан аумағы «Ариана» деп аталды. Орталық атауының тарихы осы.

Жаңадан құрылған орталыққа Қазақстанда тұратын этникалық ауғандар кіре бастады. Осылайша, Қазақстан мемлекетіне тағы бір этнос өкілін қосқан жайымыз бар.

Біз салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды сақтап, мәдениетіміз бен тілімізді дамытуға күш саламыз. Республика аумағында және Алматы қаласында өтетін қоғамдық шараларға атсалысып, дөңгелек үстел ұйымдастырып, кездесулер өткіземіз. Ең бастысы, Қазақстан үкіметінің саясатын қолдаймыз.

– Қазақстан халқы ассамблеясы керек пе, жоқ па? Соңғы кезде осы сұрақ төңірегінде пікірталас көп. Сіз не дейсіз?

– Кез келген мемлекетте, қоғамда жақтаушылар мен даттаушылар  болады. Әркімнің өз пікірі бар. Кейбір жауға біздің тату тұрғанымыз ұнамайды.

Біріншіден, Қазақстан халқы ассамблеясы – әлемде баламасы жоқ институт. Бүкіл ұлт пен ұлыс өкілін бір шаңырақтың астына сыйғызып отыр. Осы күнге дейін ұйымның ешбір зиянын көрген жоқпыз. Керісінше, бәрін ұйыстыра алды. Әрине, кез келген ұйым немесе құрылым жаңаруды, өзгерісті қалайды. Бұған дейін ассамблеядан Мәжіліске 9 депутат өтсе, қазір Президент Қ.Тоқаев бұған өзгеріс енгізіп, 5 депутат үміткерлігін ұсына алатынын айтты.

– Қазақстанда қанша ауған тұрады?

– Қазақстанда шамамен үш жарым мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Олардың дені Алматы мен Шымкент қаласында тұрады. Кейбірі Солтүстік өңірге қоныстанған. 

 

– Олар өз туған тілін біле ме?

– Жасы егде тартқандары мен ересектерінің бәрі біледі. Ал кейінгі жас буынның хабары аз. Біз оларға ана тілін үйретуге байланысты курстар аштық. Мұны Алматы қаласының әкімдігі қолдады. Оларға дәріс беретін мұғалімдер де этникалық ауғандар. Негізінен жастар үш тілде – қазақ тілі, орыс тілі, ауған тілінде сөйлейді. Ал күнделікті тұрмыста қазақ және орыс тілін қолданады.  Солтүстік Ауғанстан жақта тұратындар қазақ тілін жақсы меңгерген. Олар өзбек тілін де біледі.  

– Ауған ұлтына Орталық Азия елдерінің ішінде қай тіл жақынырақ?

– Парсы – тәжік, иран, ауған. Бізге тәжік тілі жақын. Біздің тіл тәжік тілімен бірдей. Сол сияқты өзбек тілі де, қазақ тілі де алыс емес. Қазақ тілінде араб, парсы сөздерін де ұшыратасыз. Мысалы, қазақ тілін тыңдап отырсам, парсы тіліндегі сөздерді естігендей боламын.

– Ауғанстанда болған саяси жағдайды білеміз. Босқындар біздің елді де паналағаны белгілі. Оларға жан-жақты қолдау көрсеттіңіздер ме?

– Әрине, біз олар үшін де қатты алаңдадық. Өмір бойы соғыс пен жоқшылықтан көз ашпаған ұлттың жағдайы онсыз да белгілі. Этникалық қазақтар кезінде Ауғанстанға өтіп кеткен. Олар – біздің қандастар. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ауғанстанда 15 қазақ отбасы не 200-ге тарта ұлты қазақ адамдар тұрады.

Қандай жағдайда болмасын, Қазақстанға табан тіреген ауған азаматтарының бейімделіп кетуіне барынша көмек береміз. Әрі оларға осы елдің конституциясын құрметтеп, заңнама құжаттарын сақтауды да ескертеміз.

Өзім ертеректе шығарған журналдың әр санында конституция баптарын бөліп-бөліп жариялаған едік. Соны тараттық. Сондай-ақ, өзім көптеген халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеймін.

Босқындар ісі жөніндегі және «Қызыл жарты ай», тағы басқа ұйымдармен бірге ауған босқындары үшін түрлі шараның басы-қасында болдық. Қазақстанға келген шетел азаматы уақытша тұру үшін ықтиярхат алады. Осы тұрғыда семинар өткізіп, кеңес пен бағыт берілді. Ал әйелдер тілдік курсқа жазылып, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, туған ана тілі және орыс тілін үйренеді. Бұл жобаның бәрі олардың тезірек бейімделіп кетуіне септігін тигізеді. Яғни, аяқтан тұрып кетуіне және өзін жан-жақты қамтамасыз етуге берілген мүмкіндік. Олардың тарапынан өрескел заң бұзу фактілері тіркелген жоқ. Тек кейбірінің төлқұжатты қолдану уақыты немесе виза уақыты бітіп қалуы мүмкін.

– Ауғанстан – әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Мұнда 1978 жылдан бері азамат соғысы жүріп жатыр. Мұның бәрі адам құқығын шектеуге, адами құндылықтарды таптауға әкелгені анық қой...

– «Ауғанстан» атауы қазақ тілінде «ауғандар елі» деген мағына береді. Атаудың бірінші буыны – «ауған», «ауғани» – түркі сөзінен құралған, яғни ауып кеткен, жасырынған деген ұғымды береді. Бірақ ауғандар өздерін олай атамайды, олардың өз аты «пуштун». Кейбір ғалымдардың пікірінше «ауған» деген сөз алғаш рет тарихта 982 жылы пайда болған. Яғни, сол заманда Инд өзені бойындағы таулардың батысында өмір сүрген тайпаларды «ауған» деп атапты. Сонау 1333 жылы Кабул жеріне саяхаттаған марокколық Ибн Баттута өзінің еңбегінде «Біз ірі қала атанған Кабулға саяхат жасадық. Қазіргі мұнда өздерін ауғандармыз деп атайтын, парсы тайпалары өмір сүреді» деп жазған.

Ал елді тәліп режимі билей бастаған жылдары «Талибан» қозғалысы өріс алып жатты. Олар өздерін пуштун халқының мүддесін қорғаушылармыз деп жариялады. Шын мәнінде, мақсаты – Ауғанстанда радикалды ислам мемлекетін құру.

Жалпақ жұртқа белгілі, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап «Талибан» лаңкестік ұйымының содырлары Ауғанстан үкіметтік күштеріне қарсы белсенді шабуыл операциясын бастады. Сөйтіп, ауған тәліптері 417 аймақтық орталықтың 200-ін және провинциялық орталықтарды басып алды. Ал тамызда «Талибан» Ауғанстан аумағын толық басып алғанын жариялады.

Жалпы, «Талибан» террористік ұйымының қызметі көп елде тоқтатылған. Қазақстанда да солай. Олардың мақсаты – радикалды ағым арқылы жастардың санасын улау. Бұл ұйымның айналасында жүргендерде адами түсінік жоқ. Оларда ананы, әйел затын сыйлау, құрметтеу деген жоқ. Өз анасын сыйламайтындарды адам деуге бола ма? Тіпті, тәліптер әйелдерді толыққанды адам қатарына қоспайды, пікірімен санаспайды. Тіпті, 5-6 сыныптан кейін мектепте оқуға тыйым салады. Әйелдер билік тармақтарында жұмыс істей алмайды. Қазір мүлдем әйел қауымының құқығын таптауға күш салған. Сондықтан олардың әрекеті адами емес, жабайы хайуаннан асып кетті. Адами принцип жоқ. Ауғанстандағы ауыр жағдай бізді де алаңдатады. Туған жерін тастап кетіп жатқандар көп. Бірақ Қазақстанға келгені ондаған адам ғана.

– Ауғанстандағы жағдай Орталық Азия мемлекеттеріне кері әсер ете ала ма? Ол жақта туыстарыңыз қалған жоқ па?

– Бір ғана жолмен ықпал ете алады. Бұл – діни радикализмді желеу етіп жастарға тұсау салу. Осылай жалғаса берсе, Ауғанстан – терроризм мен радикализмнің алаңына айналуы мүмкін. Бірақ әлемдік қауымдастық бұған жол бермеуі керек. Құдайға шүкір, онда алыс-жақын туыстарымнан ешкім қалған жоқ. Ауған жерін тынышсыздық пен бейберекетсіздік жайлаған күні бүгін емес. Бұл елде болашақ жоғын білгендер ертеректе мүмкіндік бар кезде Еуропа елдеріне кетіп қалған. Ал қазір шығып кетуі екіталай. Шын мәнінде, шекарасын ашса, ондағы 35 млн халықтың 30 миллионы елді тастап қашуы әбден мүмкін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: