27 Қараша 16:32

АЭС: Референдум өткізуге Үкімет, ОСК дайын ба?

Фото:

Соңғы жылдары елімізде АЭС салу мәселесі қызу талқыға салынып келеді. Бұл жайттан қоғам да біршама хабардар десек те, әлі де түсіндіру, ақпараттандыру жұмысы жеткіліксіз. Президент те қыркүйектегі жолдауында «АЭС мәселесін референдум арқылы шешу керек» дегенді төтесінен қойды.

Президент жолдауда: «Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз елімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек десе, тағы бір мамандар атом станциясының қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады.

Алайда, атом электр станциясын салу немесе салмау – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Оны өткізетін нақты мерзімді анықтаймыз. Осы мәселе бойынша талқылауларды жалғастыра беру керек», – деген болатын. 


Президенттің жолдауда айтқан осы пікірінен кейін Энергетика министрлігі де алдын ала дайындыққа кірісіп жатқан сыңайлы. Қазірдің өзінде министрлік мемлекеттік мекемелермен, халық қалаулыларымен, сондай-ақ энергетика саласы мамандарымен бірлесіп референдум өткізу шаралары бойынша жұмыстарды қолға алмақшы. Ең алдымен референдум өтетін уақыт анықталған соң, нақты бағдарламасы мен тұжырымдамасы дайындалуы тиіс. 

«Референдум не үшін өткізіледі? Бірінші, ел халқының атом энергетикасы саласындағы технологияларды дамытудың қажеттілігі тұрғысында пікірін білеміз. Екінші, Үкімет мұны ескеріп, қоғамға тиімді шешім қабылдайды. Атқарылатын және атөқарылған іс-шара туралы халық әркез ақпараттандырылады», – деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. 

Ал премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АЭС салу мәселесіне орай өтетін референдумға бөлінетін қаржының көп болмайтындығын айтып қалды. «Орталық сайлау комиссиясы бюджет бойынша бізге алдын ала қанша қаражат керек екені жөнінде тапсырыс береді. Әзірге бізге беймәлім нәрсені айта алмаймыз. Бірақ былтырғы Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша өткен референдумға қарағанда аз болуы керек», – деп жауап берген Е.Жамаубаев. 
Орталық сайлау комиссиясы да референдум өткізуге дайын екенін жеткізді. Комиссия мүшесі Шавкат Өтемісовтің пікірінше, бүгінде дайындық шарасы жүргізіліп жатыр. «Атап айтқанда, аймақтық сайлау комиссияларына жүктелген жұмыс жоспармен іске асуда. Бір сөзбен айтқанда, «біз дайынбыз», – деді ОСК мүшесі. 

Тамыз айының соңында АЭС салатын орын ретінде анықталған Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарайтын Үлкен ауылында билік өкілдері, ғалымдар, қоғам белсенділері жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырып, қоғамдық тыңдау өткен еді. Мұндағы жұрттың бір парасы АЭС салынса, жұмыс көзі болатынын да ескеріп, қарсы еместігін де жеткізген. Яғни, бұл стратегиялық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеретініне сенім білдірді. Әрине, халықтың бойындағы радиофобияны жеңу мүмкін емес. Ол үшін мамандар жиі ақпараттандыру, түсіндіру жұмысын жүргізу керектігін қаперге салады. 

   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевтің айтуынша, президенттің референдум өткізу туралы пікірі дұрыс. Себебі, бұл халықты  ақпаратпен қамтамасыз етумен тығыз байланысты. 


«Көбінесе жұрт сөзге ереді. Сол себепті құптайтын адамдар да, қарсы адамдар да өз пікірін білдіруі керек. Алматы облысы Үлкен ауылында қоғамдық талқылау болды. Мұны бір рет емес, бірнеше рет өткізу қажет. Себебі,  әркім өз аргументін байыпты түрде айтуы тиіс. Бұл тұрғыда халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Сонда кереғар пікірі бар адамдар да нақты білімнің деңгейінде шешім қабылдайды. Екіншіден, референдум халық ақпаратпен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етілгенде ғана өтуі тиіс. Оған жүрдім-бардым қарамай, міндетті түрде дайындық керек. Оның да алдын ала жасақталған бағдарламасы болады. Мәселен, сайлауға қатысты референдум өтерде де науқандық шара ұйымдастырылады. Меніңше, халықты ақпараттандыру әлі де жеткіліксіз. Ғалымдар өздері жиналып, талқылауы – ақпараттандырудың бір бөлігі ғана. Жүйелі түрде жұмыс атқарылып, арнайы сауалнама жүргізілсе құба-құп. Оны ұйымдастыру «Қазақстандық атом электр станциялдары» ЖШС-ның құзыретіндегі шаруа. Ал жоғары оқу орындары оқытушылары, ғалымдар жастармен жұмыс істеп, атомды бейбіт мақсатта қолдану жөнінде қоғамның әртүрлі өкілдерімен кездесіп, әрекет ете береміз», – деді профессор М.Ержанұлы. 

   Ал «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев «Референдум өткізу – ашық қоғамды жетілдіру жолындағы жүйеліліктің нышаны» деген пікір білдірді. 
«Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам. Біріншіден, Тәуелсіз Қазақстанның 32 жылдық тарихында бірнеше  референдум өтті. Қателеспесем, олардың барлығы дерлік Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізумен байланысты. Ал АЭС салуға қатысты халықты мазалайтын, оның нақты ой-пікірін білу үшін ұйымдастырылатын референдум алғаш рет өтпекші. Себебі, халықтың пікірі қашан да маңызды. Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» құрамыз дегеніне сенемін. Бұған дейін үкімет халықтың дауысын естімей келді. Бұдан былай бәрі басқаша болуы тиіс. Ал жалпы,  АЭС салуға байланысты үш топ бар. Олар – қолдайтындар, қолдамайтындар, үшіншісі біреудің тапсырмасын орындаушылар. Сондықтан бөгденің сойылын соғып, пікіріне еретіндердің көзқарасын өзгерту үшін ақпараттандыру жұмысын өз деңгейінде жүргізген жөн», – деді институт директоры. 

Айтпақшы, DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы 22 қыркүйек пен 4 қазан аралығында АЭС салу мәселесіне қатысты сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде жауап бергендердің 46,6 пайызы қолдаса, 37,7 пайызы қарсы болған, ал 15,8 пайызы «қолдайтын сияқтымын» деген екіұшты пікір қалдырған. Алайда, мамандар республикалық деңгейдегі сауалнаманы ұйымдастыру «Қазақстандық атом станциялары» ЖШС құзыретіндегі шаруа деп есептейді. 

Сонымен, Үкімет те, Орталық сайлау комиссиясы да референдум өткізуге сақадай-сай. Енді тек президент референдум өткізетін уақытты нақтыласа болғаны.

Тегтер: