14 Тамыз 10:40
...

Уран ісі: АЭС-ке аз уақытта бес мың маманды қалай дайындаймыз?

Үлкен
Фото: Коллаж NEGE

Сонымен, көптен бері талқыға түскен және 14 млрд АҚШ доллары жұмсалатын алғашқы АЭС-тің де қазығы қағылып, құрылысына қан жүгіретін күн жақын. 

Жуырда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында алғашқы атом станциясының салтанатты түрде қазығы қағылып, топырақ алу үшін бұрғылау жұмысы басталды. Салтанатты шараға ҚР Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв және басқа да ресми тұлғалар қатысты. 

Алмасадам Сәтқалиев
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік

Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын «Росатом» компаниясы салатыны хабарланған еді, көп ұзамай АЭС мамандарын оқыту ісі де аталған компаниямен бірлесе жүзеге асатыны белгілі болды. Себебі, келісімшарт бойынша «Росатом» қажетті мамандарды әзірлеу міндетін жауапкершілігіне алған. Тіпті, бұл ақпаратты ресейлік ақпарат құралдары сүйіншілеп таратып жатқанда, билік отандық оқу орындарында маман дайындауға келгенде жерге қарап қалмас дедік.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта елімізде энергетика саласына мамандар дайындайтын 40 жоғары оқу орны мен 215 колледж бар. Онда жеті мамандық бойынша 19 мың студент оқиды.

«Алайда жаңа электр энергиясы нысандарын салу қажеттілігіне байланысты 2030 жылға дейін энергетика саласында 20 мыңнан астам маманға сұраныс болады деп болжануда. АЭС үшін дозиметрист, бу-турбина жабдықтарын жөндеу бойынша слесарь, атом станцияларының механикалық жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету маманы, атом станцияларындағы ақпараттық технологиялар маманы және басқа да бағыттар бойынша мамандықтар ашылады. 2030 жылға дейін АЭС құрылысы жобасы аясында шамамен 5 мың адам жұмыспен қамтылады», – деген бір пікірінде.

Алдын-ала болжам бойынша екі блоктан тұратын, қуаты 1200 МВт болатын АЭС-ке 2 000-ға жуық маман керек. Оның ішінде 1600 маман – жедел қызметкер, 400 маманның атом саласында жоғары білімі болуы керек. Егер АЭС құрылысы он жылға созылса, бұл уақытта жоғары білімді маман дайындап үлгереміз бе?

NEGE тілшісі отандық кадр дайындау барысы қалай жүзеге асатыны туралы тиісті мекеме мен осы саладағы мамандардан пікір сұрады.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік:

АЭС-ке кадр даярлау 5 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асады

Агенттік
Фото: ғаламтордан

– Қазіргі таңда Қазақстанда атом саласы үшін білікті кадрлар даярлау белсенді жүргізілуде. Мамандарды даярлау физика, энергетика, электротехника, тау-кен инжинирингімен байланысты 18 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Дайындық отандық университеттерде де, ядролық технологияларға маманданған жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық шеңберінде де жүзеге асырылады.

Атом саласы бойынша кадрларды даярлау қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 білім беру және екі дипломдық бағдарламалар (Ядролық физика, ядролық инженерия, ядролық физика және атом энергетикасы, теориялық ядролық физика) негізінде жүргізіледі, бұдан басқа «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Атом және ядролық өнеркәсіп» мамандығы басым бағыттардың қатарына кіреді. Атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға қатысатын негізгі отандық жоғары оқу орындарының ішінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін және Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетін атап өтуге болады.

Жалпы, әлемдік тәжірибеге сәйкес орта есеппен АЭС құрылысы 8 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ал АЭС пайдалану кезеңінде жоғары және арнаулы орта білімі бар шамамен 2 мың адамнан тұратын маман қажет. Бұл ретте ядролық технологиялар саласында біліктілігі бар қызметкерлер, атап айтқанда инженер-физиктер, есептеу жөніндегі және тағы басқа мамандардың жалпы санының шамамен 20 пайызын құрайды. Сондай-ақ, станцияны пайдалану үшін инженерлік кадрларды, оның ішінде жылу физиктерді, энергетиктерді, автоматтандырылған басқару жүйелері бойынша мамандарды және басқа да байланысты бағыттарға қатысты кадр даярлау қажет.

Саябек САХИЕВ, Ядролық физика институты РМК бас директоры: 

Техникалық білім алған ұлттық кадрлар қажет

Ядролық физика институты
ғаламтордан

– Атом электр станциясының тиімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуі үшін тек жоғары білімді маман ғана емес, техникалық білім алған ұлттық кадрлар да қажет. Мұндай мамандарды сапалы даярлау үшін мықты материалдық-техникалық база болуы басты шарт. Бұл тұрғыда Қазақстанда тиісті инфрақұрылым мен тәжірибе жеткілікті.

Мысалы, ҚР Атом энергиясы агенттігіне қарасты Ядролық физика институтында қуаттылығы 6 МВт болатын ВВР-К су-сулы зерттеу реакторы және қуаттылығы 100 Вт болатын сыни стенд жұмыс істейді. Зерттеу реакторы 1967 жылы іске қосылған.

ВВР-К реакторы – Қазақстанда салынуы мүмкін болашақ АЭС-тердің нақты прототипі. Ал сыни стендке келсек, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) мәліметі бойынша мұндай құрылғы әлемде небәрі 60 елде ғана бар, олардың 42-сінде АЭС үшін жоғары білімді кадрлар дайындалады. Демек, Қазақстанда жоғары білімді ядролық мамандар даярлайтын бірден-бір әрі ең қуатты база – осы Ядролық физика институты.

Техникалық мамандарды даярлау ісінде де институт маңызды рөл атқарады. Оның базасында МАГАТЭ-нің қолдауымен үш оқу орталығы жұмыс істейді. Ядролық-физикалық қауіпсіздік оқу орталығы 2017 жылы, Радиациялық қауіпсіздік оқу орталығы 2000 жылы, ал Бұзбайтын бақылау әдістері оқу орталығы 2003 жылы ашылған. Аталған орталықтарда осы уақытқа дейін шамамен 5000 маман даярланған.

Осы деректерді ескере отырып, Қазақстанда АЭС үшін ұлттық кадрлар даярлаудың барлық мүмкіндігі бар екенін сеніммен айтуға болады. Ал Ядролық физика институтының әлеуетін бұл процесте назардан тыс қалдыру – стратегиялық қателік.

Нұрзада БЕЙСЕН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, физика-техникалық факультетінің деканы: 

«Уран ісі» атты жаңа оқу бағдарламасын іске қосамыз

Декан
Фото: welcome.kaznu.kz

– Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі – мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырған маңызды бастама. Бұл тек энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізудің ғана емес, сондай-ақ жоғары технологиялы, ғылымға негізделген өндірісті дамытудың нышаны. Алайда, АЭС құрылысы мен кейінгі қызметін жүзеге асыру үшін ең алдымен отандық жоғары білікті мамандар қажет.

Аталған салада кадр мәселесінде бізге өзгелерге арқа сүйеу емес, өз ғылыми мектебімізді дамыту, жас мамандар мен ғалымдарды өзіміз дайындау – басты стратегиялық міндет. Бұл бағытта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да ядролық энергетика саласы бойынша үш негізгі білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Атап айтқанда, «Ядролық физика» мамандығына 69 студент, «Ядролық медицинаға» 30, «Ядролық инженерияға» 13 студент оқыды. Оқу бағдарламасы үнемі жаңартылып, еңбек нарығының талабына сәйкестендіріліп отырады. Университетте қос дипломдық бағдарламалар табысты жұмыс істеуде. Жыл сайын 10-15 студент Ресей, Жапония, Корея, Қытай секілді елдердің жетекші университеттерінде білім алуда.

ҚазҰУ студенттері Еуропаның ең ірі ядролық зертханасы – Швейцариядағы ЦЕРН базасында тағылымдамадан өтіп келеді. Бұл болашақ АЭС мамандарының кәсіби деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ биыл «Қазатомпром» ұлттық компаниясымен бірлесіп «Уран ісі» атты жаңа оқу бағдарламасын іске қосуды жоспарладық. Демек, бұл салада жүйелі жұмыс жүргізіп, ядролық энергетикада еңбек ететін өз кадрларымызды дайындауға толық мүмкіндік бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында гранттар саны жылдан-жылға артып, ядролық саланың болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырылуы тиіс.