27 Қыркүйек 21:32
...

Жолдаудың Қазақстан жастарының болашағына ықпалы

Фото:

Президент қазақстандық саясатта дәстүрлі түрде өзінің халқына жолдауын Парламенттің екінші сессиясы кезінде баяндады.

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жолдаған алтыншы жолдауы. Бұл жолдаудың жөні басқаларға қарағанда бөлек болды, себебі жолдауда Қазақстанның экономикалық реформалар бағытында дамуының үлгісі мен мақсаттары айтылды. Жолдау «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталады. Ал осы «Әділетті Қазақстан» жалпы бағытында жыл басынан бері Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы мен ҚХА ХХХІІ сессиясы өткізілген болатын.

Қазақстанды соңғы 5-10 жыл бұрынғы күйімен салыстыруға келмейді, себебі мемлекетте болған саяси оқиғалар, әлемдік аренада болып жатқан саяси процестер, көршілес мемлекеттердің ішіндегі қарым-қатынастар мен Қазақстан үкіметі мен халық арасында қарым-қатынастың орнауының барлығы мемлекеттің бүгінгі күйіне толықтай әсер еткен болатын. Менің ойымша, біздің мемлекеттің саяси бағдары салыстырмалы түрде өзгерген. Неліктен? Себебі мемлекеттің барлық жүргізген іс-әркеттері мен қойған мақсаттары мемлекетіміздегі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, елдің берекесін арттыруға бағытталғандығы көрінеді.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауда алдағы уақыттарда елімізде болатын экономикалық реформалар айтылып, оны іске асыру кезінде «Адал азамат» концепциясының болуынан «Әділетті Қазақстанның» экономикасы дамитындығы, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратындығы айтылды. Жалпы алған кезде Тоқаевтың халқына жолдаған барлық алты жолдауында да реформалардың елімізге әсері, халықтың бүгіні мен болашағына, ұлттық сананы жаңарту мен жаңғыртуға бағытталғандығы айқын көрінеді. Осы жолдауда да, елбасы қазақстандық жастардың бүгіні мен болашағына айқын ден қойған.

Жолдауда жастарға қатысты не айтылды?

Тоқаевтың әрбір баяндамасында ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен мемлекеттегі жастар мен балаларды қорғау мен қолдауға қатысты көп пікірлер айтады. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы кезінде де мемлекеттегі жастар мен балаларға қатысты пікірі де әлеуметтік маңызды болып тұр. Бұл жолдауда Президент балалардың жарқын болашағын қамтамасыз ету үшін «Үлттық қор – балаларға» жобасының қолға алынғандығын атады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды» - деген болатын.

Елбасы жастардың жарқын болашағын құру кезінде қоғамда инклюзияның болуын қолдайды. Қазіргі кезде қала мен ауылдық аймақтардағы балалардың бірдей сапалы мектептерде білім алуын, сол мектептердің қауіпсіз болуына аса мән беретіндігі айтылды. Сондай-ақ сапалы медицинаның болуына, ауруханалардың санының артуына нақты назар аудартқан. Ал бұл бойынша келесі жоба қазіргі кезде жұмыс істеуде.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр».

Мемлекет басшысы 2020 жылдың 27 мамырында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы кезінде Қазақстандағы білім беру жүйесіне қатысты өзіндік пікірін білдірген болатын. Ол жерде Қазақстанда сапалы білім беру кезінде бөлінетін қаржының көлемінің, сондай-ақ мектептердің инфроқұрылымының, жабдықталуының әлсіз болуы жастардың білім сапасына тікелей әсер ететіндігін атады. Сондай-ақ Президенттің осы отырыста сөйлеген сөзін тұжырымдайтын болсақ білім беру саласына бөлінетін қаржының жеткілікті түрде бөлінбеуінің өзіндік себептері бар екендігін атады. Дегенімен, қолда бар қаржымен де білім беру саласында сапаны арттыруға мүмкіндіктер бар делінген болатын. Иә, әрине қазақстандықтарды әлемдік аренада сапалы біліммен бәсекелестікке шығару үшін сол балалардың болашағына үлкен инвестициялар мен салымдар жасау керек.

Салыстырмалы түрде, Қазақстан мектептегі бір білім алушыға бір жылда 1 мың доллар жұмсайды, ал PISA рейтінгінде жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрған мемлекеттер бір балаға жылына 10-14 мың доллар жұмсайтындығы анықталған.

Менің ойымша, бұл еліміздің әлі де дамуы керек бағыттары мен асар асуының көп болатындығын көрсетуде. Яғни, мемлекет қазіргі кезде балалардың, жастардың сапалы, әрі қол жетімді білім алуына ықпалдасуы керек. Сондай-ақ, шалғай аймақтар мен халық көп тығыздалған аймақтарда білім беру сыныптары мен топтарында білім алушылардың санының аз болуы, білім беру мекемелерінің сан емес, сапаға жұмыс істеу керек деген ойдамын.

«Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп,  ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспарланып отыр» – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында. 

Қазақстандық жастардың қауіпсіздігін, сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету

2023 жылдағы жолдауда мемлекет басшысы еліміздегі жастардың демографиялық үлесін айтып, мемлекеттегі орта жастың 32 жасты көрсетіп тұрғандығын атады. Тұрғындардың үштен бірі жастар болғандықтан, қазіргі кезде үкімет демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға пайдалану керек.

Жолдау барысында мемлекет басшысы әрбір қазақстандық жастың бойында әділеттілік пен адалдық сезімдерінің болу керектігін, ал бұл қасиетті ата ұрпақ жастарға бала кездерінен дарыту керектігін, оларға әрекеттері арқылы үлгі көрсетіп аталған қасиеттерді бойларына сіңірулері қажеттілігін атады.

Қазіргі кезде БАҚ оқу арқылы немесе көру кезінде кәмелет жасына толмағандардың құқы тапталып жатқан көптеген ақпараттарға кезігуге болады. Қазіргі кезде қазақстандық жасөспірімдерге қауіпті әсерлер көбейіп кеткендігі көрінуде. Соған байланысты мемлекет басшысы кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түріне қатысты жазалау шарасын қатайту керектігін айтты. Жалпы алған кезде қазақстандықтар үшін, оның ішінде балаларға жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, барлығы қауіпсіз болуын нақты айтқан болатын.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, жастардың, жасөспірім балалардың психикалық саулығын қамтамасыз ету кезінде барлық шаралардың сапалы кешенді жасалуы керектігін атап өтті. Ол өз сөзінде:

«Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек» деген болатын.

Мектептерде болатын буллингке қатысты әрекеттер 2022 жылдың мамыр айында басталған болатын. 2022 жылғы 4 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң жобасы Сенатқа 2022 жылдың наурыз айында түскен. Қазақстандық интернет кеңістігінде Facebook, Instagram, YouTube, Telegram, WhatsApp және басқа да әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің болуына қауіп төндіретін түзетулер қыркүйек айында талқыланған болатын. Қазақстандықтар әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы заң жобасына енгізілген түзетулерге қарсы петицияға бастамашы болды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда заң жобасын қайта қарауға қайтару үшін митингілер өткен болатын.

Жолдауда балалардың қауіпсіздігі мен білім берудегі сапаның болуы туралы айтылған. Дегенімен, қазіргі кезде білім беру мекемелерінде сапаны қамтамасыз ету кезінде қауіпсіздік мәселесін де қарастыру маңызды болып тұр. Елімізде мектептердегі буллингтен басқа, зорлық-зомбылық әрекеттері, кемсіту, құқық бұзушылық әрекеттері де орын алып жатқандығы БАҚ ақпараттарынан айқын көрінеді. Мысалы, ЮНИСЕФ мәліметінше, 2020 жылы Қазақстанда балалардың 63 пайызы зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің куәсі болған, 44 пайызы құрбан болған және 24 пайызы мектепте басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік әрекеттерін жасаған.

 Сапалы білім беруде оқытушылар мен мұғалімдердің біліктілігін арттырудың маңыздылығы

«Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» - деген болатын Президент.

Кейбір кезде еліміздің шалғай аймақтарындағы жастарымыздың білім алуы мені алаңдатады. Себебі, осындай аймақтарда «сапалы» және «заман талабына сай» білім беретін оқытушылардың саны аз болып немесе олар мүлде жоқ болуы да ықтимал. Жалпы осы жолдауда мемлекет басшысы «Адал азамат» тұғырнамасы туралы жиі айтты, соған байланысты білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар да осы тұғырнамасы ұстануы керек сияқты. Қазір білім беру мекемелерінде ұстаздар заман қауіпі мен күрделігін ескере отырып білім мен біліктілік беремін деген ұстаныммен жұмысқа орналасуы қажет.

Әділетті Қазақстанның азаматтарын тәрбиелеу кезінде «сапаға» назар салып әрекет ету керектігі туындауда. Осы жолда мемлекеттің саяси басшылары да өз әрекеттерін саналы жасауы керек, себебі арттағы ұрпақ соларға қарап әрекет ететіндігі анық болып тұр.

 Президент ғаламтор жылдамдығы туралы айтты

Қазақстанда ғаламтор жылдамдығына қатысты көптеген әңгімелер айтуға болады. Алматы қаласының шекарасында тұрып ғаламтор жылдамдығымен қиналатындығым айқын.  Жалпы, неге Президент бұл жолдауда ғаламтордың сапасының жастардың бүгіні мен болашағына қатысы бар екендігін айтты?

«Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» - делінген болатын.

Бұл жерде тек ғаламтор мәселесі емес, сондай-ақ қазақ тіліндегі цифрлық ресурстардың аздығын да айтуға болады.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі қай деңгейде?

Президент жолдауында: «Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.

Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек».

Ал бұл туралы мынадай статистикалық ақпараттар бар. 2023 жылдың бірінші тоқсанында 15 және одан жоғары жастағы халықты жұмыспен қамту деңгейі 65%, жұмыс күшіне – 95,2% құрады. Жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша) 4,8% құрады. Жұмыссыздар саны (ХЕҰ әдістемесі бойынша) 453,4 мың адамды құрады. Жұмыспен қамтылмаған, білім берумен немесе оқытумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,9% құрады. Осы жылдың наурыз айының соңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде 57,2 мың адам жүгінді. Барлығы 36,4 мың бірлікті жұмысқа орналастыру бойынша шаралар көрсетілді, кәсіптік даярлауға немесе қайта даярлауға, 13 мың адамның біліктілігін арттыруға жіберілді, қоғамдық жұмыстарға 12,7 мың адам қатысты.

Жастарды жұмыспен қамту туралы мемлекет басшысы өзінің халқына жолдауында былай деген болатын:

«Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет».

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдаудың жастардың болашағына ықпалына қатысты қорытынды ой: 

Қазақстан өзіндік тарихы, ұзақ уақыттан бері қалыптасқан, жалғасын тапқан құндылығы, көп ұлттылығы мен конфессиялығының салдарынан құрмептен сақталып келе жатқан салт-дәстүрі бар, қолданысында үш тілді пайдаланатын мемлекет. Еліміздің шекаралық орналасуына байланысты көптеген игіліктерді иемденген мемлекет. Ал халықаралық саясатта өзіндік саяси бағдары бар, бейбітшілікке ұмтылған мемлекеттердің бірі. Осының барлығы ол Қазақстанның жетістіктері мен мақтаныштарының жартысының азы айтылып тұр. Дегенімен, бізде Қазақстандықтарда сақтауы керек, дамытуы керек, жақсылыққа жеткізуі керек мұрамыз бар. Бұл мұра, бізге ата-бабамыздан бері келе жатқан жәдігерлер мен жақсылықтар. Осы жерден де, біз Қазақстанның дамуына ықпал ететін ол тек өзіміз Қазақстандықтар екендігімізді түсінуіміз керек. Тек Қазақстандықтар ғана мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық әлеуетін сақтап оны дамыта аламыз. Ол осы жерде жастардың рөлінің маңыздылығы айқын көрінуде.

Біз, жастар мемлекеттің кемел болашаққа жетуіне ықпал етеміз, ал ол үшін әрине еңбек етуіміз керек. Біздің бұл жолдағы еңбегіміз кішкентай дүниелерден де көрінеді, мысалы жай ғана «Адал азамат» болу мен адамгершілігімізді сақтаудан.

Тоқаев өзінің іс-сапарлары кезінде әрдайым жастармен, балалармен кездеседі. Сондай кездесулерде біздің жас ұрпақтың санасының ашықтығы мен еркіндігі тамсандырады. Олар еркін түрде Президентпен сөйлесіп, өз ойларын айтып, онымен достары немесе құрдастарындай етіп суретке де түседі. Бұл мемлекет басшысының өзінің әрекеттері негізінде біздің бойымызда қалыптастырған қасиеттерінің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев өзін кемел тұлға ретінде көрсетті, жолдаулары мен баяндамаларында да адами құндылықтарды дамыту мен ұстанудың маңыздылығын айтады, себебі ол әлемдегі, мемлекеттегі тыныштық пен бейбітшілікті, сапалы өмірді қамтамасыз ететіндігін ұрпағының алдында таныта білді.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауы ол мемлекеттің экономикалық реформалар негізінде дамуының кілті айтылған, дегенімен оның астарында адамдардың мінезіне, болмысына қатысты айтылған идеялар да бар. Бұл жолдауды оқып, түсінгендер Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының көрінетіндігін сезінуі керек деген қорытынды жасағым келеді.

Айнұр Бақытжанова

Тегтер: