16 Қазан 12:00
...

«Адам папиллома» вирусы: Күдік пен үміт

екпе
Фото: ғаламтордан

Елімізде жыл сайын екі мыңға жуық әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықса, 600-ден астамы осы дерттен көз жұмады екен.

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны ісігін тудырушы негізгі фактор – «Адам папиллома» вирусы.

Былтыр «Адам папиллома вирусына» қарсы екпе салу Вакциналау ұлттық екпе кестесіне енгізілген-ді. Жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын қоздырғышқа қарсы салынатын екпе әлемнің 130-ға жуық елінде тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, бұл тізімде Грузия, Түркіменстан, Армения, Өзбекстан және Қырғызстан елдері бар. Ал мамандар Қазақстанда бұл екпе 2013-2015 жылдары Астана, Ақтөбе, Павлодар, Алматы өңірлерінде пилоттық бағдарлама бойынша 17 мыңнан астам қыз балаға салынғанын алға тартып, он жылда оң нәтиже бергенін айтады. Қыркүйектің 20-сынан бері 30 мыңнан астам қызбалаға салынған екпе жайында мамандар мен ата-ана не дейді?

Жанерке Әжетова, Астана Медицина университетінің қауымдастырылған профессоры, Экомед клиникалар желісінің медициналық директоры:

Екпені ерте жастан салдырғандардың 80 пайызы қатерлі ісікке шалдықпайды

адам папиллома вирусы
жеке мұрағаттан

– «Адам папилломасы вирусына» қатысты екпе 20 қыркүйектен бастап салына бастады. Қазір бір дозасын, алты айдан кейін екіншісін алады. Бұл екпенің пайдасы туралы әлі де түсінбей, қарсылық танытып жатқан ата-ана да баршылық. Бәлкім, вирус туралы ақпараты кемшін шығар. «Қызым бедеулікке ұшырайды» десе, енді бірі «Аутизмге әкеп соғуы мүмкін» дейді. Сауатты адам олай айтпаса керек-ті. Алайда, қызы 11-12-13 жастан асып кеткен ата-аналар да екпені салуға ынта білдіріп жатыр. Бірақ бұл осы жастағы қызбалаларға ғана салынуы тиіс. Біз әр екпенің белгіленген уақыты мен жас ерекшелігіне мән береміз. Үкімет, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан талқыланып, бекітілген.

Біріншіден, бұл екпенің ешқандай да қарсы көрсетілімі жоқ. Ең алдымен ата-ананың рұқсаты керек. Сосын дәрігердің кеңесінен өтуі тиіс. Бұл енді коронавирус кезіндегідей жаппай алатын екпе емес. Арнайы жоспар да жоқ. Мұны кейбіреулер дұрыс түсінбей жатыр. Қазір бір күнде 2, келесі күні 5 қызбала алуы мүмкін.

Екіншіден, бұл екпенің пайдасы көп. Өйткені, екпені 15 жылдан бері әлемнің 135 елінің халқы алып жатыр. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны қатерлі ісігінің көрсеткіші төмендеген. Тіпті, жеңді деуге болады. Өкініштісі, Қазақстанда қатерлі ісік түрі бойынша жатыр мойны обыры екінші орында тұр. Елімізде күніне 2 әйел көз жұмады екен. Мұның себебі белгілі болып, оның алдын бүкіл әлемде екпемен ғана алатын болғандықтан, ата-аналар да түсінуі керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамау тиіс. Медицина мамандары екпені салдыру керектігі жөнінде әлі де болса халыққа түсіндірме жұмысын жүргізуге дайын. Оны бұрмалап, басқаша айтудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл жылдар бойы тексеріліп, зерттелген. Қолданыста 15 жылдан бар екпе. Қаншама жылдан бері алып келген елдерде бәлендей мәселе туындаған емес. Әрине, екпе алғаннан кейін, 100 пайыз жатыр мойны қатерлі ісігіне шалдықпайды деген кепілдік жоқ. Алайда, екпені ерте жастан салдырған қыздардың болашақта ауруға шалдықпау мүмкіндігі - 80 пайыз.

Мәдина Орысбаева, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы:

Жатыр мойны обырымен ауырған әйелдердің 75 пайызында папиллома вирусы анықталған

адам папиллома вирусы
жеке мұрағаттан

– Қазір «Адам папилломасы» вирусы бүкіл әлем бойынша инфекцияның ең көп тараған түріне жатады. Әр адам өмірінде осы вирусты жұқтыру ықтималдылығы 80 пайыз. Он адамның сегізі вирустың бір немесе бірнеше түрін жұқтыруы мүмкін. Бұл тұрмыстық тәсілмен, атап айтқанда қол алысу, сүйісу, терінің зақымдануы, жыныстық қарым-қатынас арқылы жұғады. Сондай-ақ, босанған анадан балаға өтуі ықтимал. Тіпті, адам өзіне өзі жұқтырады. Мысалы, қырынған кезде ағзаның бір жерінен екіншісіне тарайды.

Ал бұл вирустың жатыр мойны қатерлі ісігіне әкеп соғатыны ғылыми түрде дәлелденген. Онкологиялық инстиут мамандарының зерттеуі бойынша, жатыр мойны обырымен ауырған әйелдердің 75 пайызында папиллома вирусының 16 және 18-ші онкогендік типі анықталған.

 Біз салып жатқан АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» екпесі осы типтерден және 6,11 типінен қорғай алады. 11 қазандағы дерек бойынша, 30 мыңнан астам қызбала салдырды. Жыл аяғына дейін және келесі жылы да жүргізіледі.

Бүгінде медицина мамандары ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Тіпті, бұл туралы естімеген ата-аналар бар. Әлеуметтік желіге ақпарат көптеп салынуда. Сұрақ туындаса, 7701 кол-орталығына хабарласуға болады.

Толқын Садықова, ҚР Ғылыми зерттеу институтының жоғары санаттағы онкогинекологы:

Қызбала екпені жыныстық қатынасқа түскенге дейін алғаны жөн

адам папиллома вирусы
жеке мұрағаттан

– Биылдан бастап 11-12-13 жастағы қыз балалар екі дозалы төртвалентті «Гардасил» вакцинасын тегін алып жатыр. Бұл екпе әбден тексерілген. Еуропаның дамыған елдерінде де өз нәтижесін берген. «Қандай да бір бедеулікке әкелді» деген ақпарат болған жоқ. Маман ретінде айтсам, бұл екпені вирус ағзаға түспей тұрып салдырған дұрыс. Себебі, қызбала екпені жыныстық қатынасқа түскенге дейін алса, денесінде антиденелер пайда болады.

Гүлжан Бақыт, ата-ана:

Сынып жетекшілері «Ата-анаңа қол қойдырып кел» деп тілдей қағазды ұстата салады

– Қатерлі ісіктің қандай дерт екендігінен хабарым бар. Әсіресе, әйелдерде кездесетін жатыр мойны обырының асқынып кеткені ақпарат көп. Осыдан кейін жасөспірім қызыма салдырғым-ақ келеді, бірақ күдігім де жоқ емес. Яғни, оның қауіпсіздігі мен тиімділіне қатысты мазалайтын сұрақ көп. Сондықтан екпеден бас тарттым. Басты себеп – «Гардасил» екпесінің нарыққа енгеніне бес-ақ жыл болыпты. Содан кейін екпе нәтиже берді ме, жоқ па, дерттің алдын алды ма, бұл жағын ғалымдар толыққанды зерттеп үлгермеген.

Екіншіден, заң нормаларына сәйкес, екпені салмастан бұрын халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оның пайдасы мен зияны туралы бүкпесіз айтылуы қажет. Мектепте сынып жетекшілері қызбалалардың қолына «Ата-анаң қарсы емеспін немесе қарсымын» деп қол қойып берсін» дейді де, тілдей қағазды ұстата салады. Бұл дұрыс емес. Мұның артында болашақ аналардың тағдыры жатыр. Олар ертең өмірге ұрпақ әкеледі.

Сондықтан бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Меніңше, осы саланың басы-қасында жүрген мамандар арнайы кездесу ұйымдастырып, ата-аналарды ақпараттандыруы керек. Сонда ғана ата-ана баласы үшін қандай тәуекелге барып отырғанын біледі. Кез келген екпені салдырар алдында жалпы қан талдауы, жалпы зәр талдауы анализін тапсырып, оның ағзасында қарсы көрсетілім бар ма, жоқ па, соны да анықтау керек. Сәби кезінен бүгінге дейінгі алған екпеден кейін ағзасында өзгеріс болды ма? Осы мәселені де басымдыққа алып, баланың екпе егу кітапшасын ашып, қарау қажет. Мұның бірі де жасалып жатқан жоқ.