5 Тамыз 12:42
...

Әбдірашит Бәкірұлы: Билікке ішкі мәдениеті төмен адам келсе, мемлекетті жарға жығады

Фото:

Халықаралық ахуал ушығып тұр. Ресей Украина даласын қанға бөктірсе, Батыс Ресейді санкция құрсауына алды. Тынық мұхит жағалауларын танкілердің шыншыр табаны таптап, теңізде әскери кемелер мен ұшақтар торуылдап жүр.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ұшқыны алдымен осы аймақта – Шығыс Еуропа мен Тынық мұхитта тұтанғаны есте. Тіпті, тайталасушы күштер Косово мен Қарабақта ескі жараның аузын қайта қанатуға күш салып жатқаны байқалады. Жанжалдасушы тараптардың бірі ядролық қаруға жүгінуге әзір екенін айтып та үлгерді. Адамзат алапат апаттың алдында тұрғандай. 

NEGE-ге берген сұқбатында философ Әбдірашит Бәкірұлы осы мәселенің астарына үңілді.

– Қазіргі халықаралық ахуал екінші дүниежүзілік соғыстың алдындағы кезеңді – 1937 жылдарды еске түсіре ме? Ұқсастығы мен айырмасы неде?

– Рас, қазіргі халықаралық саяси ахуал өте күрделі. Ресейдің сыртқы агрессиялық саясатын әлем жұртшылығы қателік деп есептейді. 1937 жылғы ахуалға ұқсастығы бар. Десе де, бұл – мүлде бөлек құбылыс. Агрессияның астарында үстемдік құру, басқа халықтардың тәуелсіздігін мойындамау, әріптес ретінде жұмыс істей алмау және басқа мәселелер бар. Бұл – шектеулі саяси сананың көрінісі.

Билік басына ішкі мәдениеті төмен адам келсе, мемлекетті жарға жығатынын, халыққа трагедия әкелетінін осы мысалдан көруге болады.

Көптеген сарапшылар Ресейдің әрекетін реваншизм деп атап отыр. Екінші дүниежүзілік соғысқа түрткі болған да осы еді. Немістер есе қайтаруды қалады. Бұл екі жағдайдан ұқсастық көретіндер бар. Ал сіз не дер едіңіз?

– Есе қайтаратындай Ресейге ешкім соғыс ашып, мүддесін аяққа таптаған жоқ. Бұл – реваншизм емес, таза ұлы империялық, шовинистік көзқарас мәселесі.

Қытай мен Тайвань арасында текетірес күшейді. Қос тарап шекара маңына әскер төгіп, қылышын жалаңдатып, жаттығу өткізу үстінде...

Украина мен Ресей және Қытай мен Тайвань арасындағы дау-дамайдың сыртқы ұқсастығы ғана бар. Ресей болса, барлық халықаралық заңдарды аяққа таптап отыр.

Украина – тәуелсіз мемлекет. Біріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған әрі ұйымның бір мүшесі. Және 1994 жылы Будапешт декларациясы бойынша ядролық қаруға ие елдерден қауіпсіздігіне, аумақтық тұтастығына кепілдік алған ел.  Сондықтан «айтқаныма көніп, айдауыма жүрмедің» деп соғыс ашып, екі жақтың да халқын қырғынға ұшырату – адамзатқа қарсы қылмыс деп есептеймін.

Тайвань мәселесіне келсек, халықаралық құқық Қытай жағында. Тайваньды тәуелсіз мемлекет деп әлем елдері мойындамаған. Қытайдың бір бөлшегі. Бірақ тарихи себептерге байланысты даму векторы басқа арнаға түскен. Қытай енді Тайваньды құрамына қайтарғысы келеді. Тайвань болса, Қытай үлгісіндегі дамуды қаламайды. Қайшылық осыдан туындады.

Қытай мен Тайвань арасындағы дау-дамайға әлем елдері көп араласып жатқан жоқ.  Ал Ресей мен Украина арасындағы соғысқа әлем баса назар аударып отыр.

– «Тарих дөңгелегі қайталанып отырады» деген тәмсілмен келісесіз бе?

–  Тарихи шолудың өзі қиял-болжам. Бұған басқаша қырынан қарайық. Айталық, Путиннің орнына прогресшіл, демократияшыл адам келсе, осы соғыс болатын ба еді? Әрине, жоқ. Сондықтан «Тарих дөңгелегі қайталанады» деген ұғым бұл жерге келіңкіремейді.

Әрбір қоғамның, мемлекеттің даму заңдылықтары бар. Әрқайсысы өзінің ұлттық, экономикалық ерекшеліктерімен өзгешеленіп тұрады. Бірақ адамзат дамуының заңдылықтары ортақ болғандықтан, «тарих дөңгелегі қайталанады» деп айтамыз.

Қазіргі таңда объективті дөңгеленіп келе жатқан тарихқа субъективті агрессияның араласқанын көріп отырмыз. Тарихтың логикасы бойынша, Украина дамыған мемлекетке айналуы тиіс. Ресей оның тату да, іргелі көршісі болып, екі ел достық қарым-қатынас орнатуы қажет еді. Оқиғалардың өрбуі тарих заңдылықтарына қарсы шығып жатыр. Күшті дамып келе жатқан, потенциалы зор Украинаны қолтығынан демеудің орнына желкесінен нұқып, «біздің рұқсатымызсыз дамуға құқың жоқ» деген әлімжеттік көрсетілуде.

– Батыс Ресейді ядролық қаруды қолдану ұрандарынан бас тартуға шақырды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, адамзат ядролық соғыстың табалдырығын аттауға шақ тұр. Ал сіздің тұжырымыңыз қандай?

Ресейден басқа ядролық қаруын шошаңдатып, қоқан-лоқы жасап жатқан елді көрмедім.

Ядролық қару – тек қана бір елге емес, бүкіл адамзатқа қауіп. Сондықтан ақыл-есі түзу мемлекет ядролық қару туралы сөз қозғамайды. Ядролық қарумен қорқытатын елдерге «террористік ел» деген айдар тағылады. Мәселен, ядролық бағдарламасы үшін Иран қанша жылдардан бері санкциялардың құрсауында қалып қойды. Осы секілді халықаралық нормалар іске қосылады.

Ресей көшедегі бұзақыға ұқсайтын мемлекетке айналып кетті. Батыс бір-екі рет қылығын ескерусіз қалдырып еді, тіптен еліріп кетті.

Шын мәнінде, ядролық қаруды қолданудан Батыс елдері емес, Ресейдің өзі қорқып отыр. Өйткені, неғұрлым көп айқайлаған адамның арғы жағында ұдайы қорқыныш тұрады. Батыс «ядролық қару бізде де бар» дегенді ашық айта бастады. Ядролық қару қолданылмайтын екі жақ та жақсы біледі. Сондықтан Батыс Украинаға емін-еркін көмектесіп жатыр. Қару-жарағын үйіп төкпестен, там-тұмдап беріп, әскерилерін оқытуды қолай көреді. Ондағы мақсаты – шалт қимылға бармасы үшін Ресейді бірден күйретпей, ақырындап әлсірету. Мәскеу мұны ұқпай, әскерін лег-легімен төгіп, экономикасын күннен-күнге құлдыратып, потенциалынан айырылуда.  

Медведевтің «бұзылған» парақшасындағы жазбасынан хабарыңыз бар шығар. Біздің еліміз де екі оттың ортасында қалған тәрізді. Осындай халықаралық жағдайда Қазақстан қандай саясат ұстануы тиіс?

Медведев – «керемет саясаткер» емес.  Ол қуыршақ президент болды. Ой өрісінің шектеулі екені сөзінен көрініп тұр. Біз рұқсат берген күннің өзінде, Медведев пен Шойгу бұрынғы Одақты қалпына келтіре ала ма? Одақ құрмақ түгілі, олар ертесіне бас сауғалап қашатын болады.

Неге қашады?  

– Одақ құру – әскер кіргізіп, бақылап отыру емес. Бұл кемеңгерлікті, даналықты талап етеді. Басқа түгілі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үш-төрт елдің басын біріктіре алмай отырған мемлекет қалайша үлкен одақ құра алады? Күшті саясат, күшті мемлекет болса, өзге елдердің өздері-ақ одаққа кіруге ұмтылар еді. Алдымен еліңді көркейтіп алмай, өз мемлекетіңді дамытпай, артта қалған кертартпа жолын өзге мемлекеттерге ұсыну – сұрқиялық.

Қазақстан сабырлық танытуы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстан – өз потенциалын іске асыра алмаған мемлекет. Отыз жыл халықтық саясат болмады. Бір актер ойнаған спектакльді тамашалаумен өткіздік.

Десе де, Ресейден бас тарту мүмкін емес. Себебі, қарым-қатынас барынша тамырланып кеткен. Мұның бәрін қирату ешқандай саясаткердің қолынан келмейді. Бірақ саяси мәселелерде Ресейдің жолын ұстанбайтынымызды ашық айтқанымыз жөн болды деп ойлаймын.

Біз бейбітшілікті қалайтын елміз. Осы ұстаным – экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың кепілі. Одан бас тартсақ, кемеміз толқынға түсіп, аударылып кетуі де ғажап емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: