Сайлау және саяси партиялар туралы жаңа заң жобасы нені көздейді?

Сайлау және саяси партиялар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бүгін Мәжіліс осы заң жобасын мақұлдады. «Бұл құжат жаңа саяси партиялардың пайда болуына және әйелдер мен жастардың саяси үдерістерге қатысуын ынталандыруға бағытталған», – деді депутат Снежанна Имашева.
Жұмыс тобы өздері жасаған жаңа заң жобасының мақтауын асырып отыр. Оларға сенсек, осы жобаны қабылдау идеологиялық және саяси сан алуандылыққа игі әсерін тигізеді. Мемлекеттік шешімдерді әзірлеп, қабылдауда көппартиялық қағидасын сапалық тұрғыдан жаңғыртады. Теңдік және пропорцианалдық қағидаттары сақталады. Бұл – биліктің пікірі. Ал азаматтық қоғам өкілдері бұл жобада ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтады.
Бұл заң жобасының басты ерекшелігі неде?
Біріншісі, тіркелетін партия мүшелерінің саны азайтылды. Яғни, бұрын партия құру үшін 40 мың адам керек болса, енді 20 мың адам жеткілікті. Депутаттардың пікірінше, бұл көппартиялықтың дамуына ықпал етеді.
Екіншісі, Мәжіліс және мәслихаттарға әйелдер мен жастарға арнап 30 пайыздық квота белгіленген. Басты «жаңашылдық» – осы.
Үшіншіден, квота бөлу мәселесінде қатаң шектеу жоқ. Партиялар өз қалауы бойынша тізім жасап, мандаттарды бөлісе алады.
Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, жаңа заң жобасы жоғарыда көрсетілген жайттар қарастырылған небәрі 2 баптан ғана тұрады.
«Ұсынылып отырған заң жобаларын әртүрлі алаңдарда мақсатты топтар қарады. Атап айтқанда, заң жобаларын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жекелеген мүшелері, жастар және саяси партиялардың өкілдері кеңінен талқылады. Жалпы, осы заңнамалық бастамалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға ықпалын тигізетін болады», – деді министр.
Nege.kz тілшісі жаңа заң жобасына қатысты қоғам белсенділерінің пікірін сұрады.
Петр Своик, саясаткер: Қапталға жасалған қадам
П.Своик
– Бұл – аралық заң. Бірнәрселерді ескерген болады. Парламенттің, сол парламенттегі партиялар фракцияларының қызмет көрсету рөлін сақтап қалып отыр. Әйелдерге, жастарға квота беру секілді жаңашылдықты бөлек талқылауға болар еді. Бірақ парламенттің өзі – екінші кезектегі, жасанды орган. Ол президент әкімшілігінде құрылады. Әрқашан солай болған. Солай болып қала береді. Қанша әйелді, жастарды кіргіземін деп тізім жасайтын партиялар емес, соңғы шешімді президент әкімшілігі айтады. Қазақстанда сайлау қорытындысы қолмен жазылатыны дәстүрге айналып кеткен. Яғни, сайлаушылардың берген дауысы емес, орталықтан әкімдік алған міндеттер маңызды. Оны қол астындағы сайлау учаскелерінде, қол астындағы сайлау комиссияларында жүзеге асырады. Дауыс берушілердің сайлауға қатысуы, партияларға дауыс беруі, бәрі де жасанды нәтижеге әкеледі. Сол себепті, әйелдер мен жастардың ол жерде қанша болатыны аса маңызды емес.
Бір сөзбен айтқанда, бұл заң жобасы – алға қарай емес, қапталға, бір бүйірге қарай жасалған қадам.
Максим Казначеев, саясаттанушы: Кәсібилікті құрбандыққа шалдық
М.Казначеев
– Меніңше, мұны қазір талқылап жатуға әлі ертерек. Заңның мәтінін қарау керек. Әзірге қарап үлгермедім. Бірақ косметикалық нәрселер талқыланып жатыр. Партиялар мүшесі 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтылады дейді. Мұның демократияландыруға үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Партиялардың отыз пайызы әйелдер мен жастардан түзілгенінен де пайда шамалы. Жұмысы кәсіби түрде алға басып кетеді деп айта алмаймын. Әңгіме партиялар емес, партиялық тізім туралы болып отыр. Партиялар ұсынған үміткерлердің кәсіби білігі біршама жоғары. Формальды қағидаттар үшін заңнама органының кәсібилігін құрбандыққа шалып отырмыз.
Ермұрат Бапи, журналист: Билікті неғұрлым ұзақ сақтауды көздейді
Е.Бапи
– Еуропа елдерінің басшылығында әйелдер көп. Біздегі гендерлік саясат – «сайлау туралы заң еуропалық нормаларға жақындап қалды» деген алдарқату ғана. Жастардың мәселесі парламент пен мәслихатқа өтуден шешілмейді. Жастар мәселесі әлдеқашан шешіліп қойылған – болашағы сәләфизм мен уахабизмде. Кезінде жастарды саясаттан, мемлекеттік басқарудан шектеп тастадық. Парламенттегі депуттардың 90 пайызы – алпыстан асқан шалдар. Соның кесірінен жастар күш-қайратын жұмсайтын алаң таба алмай, ашық тұрған уахабизм есігін сығалады. Осы ағымдағы адамдардың 95 пайызы – жастар.
Бір мандаттық сайлау жүйесіне қайта келсек, нағыз реформа деуге болар еді. Бұл заң жобасы қоғамды демократияландыруды емес, билікті неғұрлым ұзақ сақтауды көздейді.
Елнұр Бейсенбай, «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы: Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік
Е.Бейсенбай
– Сайлау туралы заңға әйелдер мен жастардың парламенттегі және мәслихаттардағы үлесін 30 пайызға көтереміз дегенін өз басым құптаймын. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Мен де бір ұсыныс бар. Мәслихатқа депутат болу жиырма жастан басталады. Яғни, 20-29 арасындағы жастарды таңдау мүмкіндігі берілген. Мәселен, ауыл жастары жастайынан еңбекке төселген. Мәслихаттарда өз ауылының, ауданының мәселелерін көтереді. Ал Мәжілістегі жастардың санын 35-ке дейін көтеру керек секілді. Бұл – жастардың өкілеттілігін кеңейту болар еді.
Менің түсінігімде, өздерінің платформасы, қолдаушы азаматтары бар нағыз партияларға 20 мың мүше жинау ешқандай қиындық тудырмайды. Бұл да – жақсы өзгерістердің бірі. Мың адаммен партия құру саяси партиялардың салмағын, беделін түсіреді. 20 мың – дұрыс қабылданған меже деп есептеймін.