26 Қазан 15:55
...

345 млн еуро сыртқы қарызды қалай қайтарамыз? Жамаубаевтың жауабы жоқ

Фото:

Қазақстан тағы да сырттан қарыз алатын болды. Оны бүгінгі Мәжіліс отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хабарлады.

Оның айтуынша, Халықаралық қайта құру банкі бізге 345 млн еуро көлемінде 11 жыл өтеуімен қарыз бермек. Министр бұл ақша бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалатынын айтты. Ал біздегі бюджет тапшылығы 3 триллион теңге екен.

Кулуарда кеңірек жауап берген Жамаубаев: «Дүниежүзілік ауқыммен қарағанда, біздегі бюджет тапшылығы көп емес. Біздің сыртқы қарыз 24 пайыздан аспайды, ал АҚШ, Еуропа елдерінің сыртқы қарызы 100 пайыздан асып кетеді», – деп мәлімдеді.

«Алайда біздің елдің жағдайын Еуропамен салыстыруға келмейді ғой?» деген журналистің сауалын министр жауапсыз қалдырды.

Сонымен, «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру банкі арасындағы Қарыз туралы» заң жобасы Мәжілісте мақұлданды.

NEGE тілшісі осы заң жобасына қатысты ойын білмекке Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Құдайберген ЕРЖАНДЫ әңгімеге тартты.

– Әріптесіңіз Дүйсенбай Нұрбайұлы «бұл қаржы бюждет тапшылығы мен коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл үшін жұмсалатыны көрсетілген» деді. Дегенмен қазір елімізде пандемия толықтай тоқтады. Ендеше, бұған қаржы шығындаудың қажеті не? Әлде алдын-ала келісіліп қойған соң амалсыз алынып жатқан ақша ма?

– Амалсыздықтан емес қой енді. «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек». Отбасыға қаржы жетпей жатса, бір әрекетін жасайсың ғой. Малыңды сатасың немесе бір туыстан уақытша ақша ала тұрасың. Мемлекетте де солай. Президенттің халыққа берген уәделері бар, жоспарланған дүниелер бар. Үлкен мемлекеттік шаруалардың барлығын депутат болғаннан кейін білем деп айту орынсыз. Осы қажеттіліктердің бәрін жүзеге асыру үшін бұл қаржы керек қазір.

– Бірақ бұл қарыз короновирус кезінде сұралған ғой? Қазір неліктен актуалды?

– Иә, сол кезде сұралды. Дәл сол уақытты біз Ұлттық қордан қаржы алып жұмсадық. Жалпы, бұл келісім әрі тиімді қаржы болғаннан кейін, сол кездегі атауы қалғанмен де бүгінгі қажеттілікке жұмсайын деп тұрмыз.

– Дегенмен министр бұл қаржының нақты қалай, қандай жолдармен жұмсалатынын айтып бере алмай тұр. «Медицина, әлеумет, ғылым-білімге, бәріне» деген жалпылама жауап берді. «Судың да сұрауы бар» дегендей, бұл қаржы сыртқы қарызды одан сайын арттыра бермей ме?

– Әрине, арттырады. Сол үшін жаңа депутат Рау да, мен де «Қарыз алған жерде қайтару бар ғой» деп министрге қарата мәселе көтердік.

Қайтарудың жолы қандай? Оның бірі – мемлекеттің табыс салығы. Яғни, халықтың табысын ұлғайту керек. Біз халықтың табысын көбейту арқылы екіжақты пайда көреміз.

Бір жағынан әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржыларды үнемдейміз, екінші жағынан әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар азаяды.

– Сыртқы қарызды халықтың табыс салығынан түсетін қаржымен жабамыз ба сонда? Әлде бұл ішкі нарықты ғана қамтамасыз ете ме?

– Жоқ, бұл – сыртқы қарызды қайтару тірліктері емес, мемлекет ішіндегі қаржыландыру процесі. Халықтың өмір сапасын арттырудағы жұмсалатын қаржылар бұлар. Үлкен қалалар мен елді-мекендерге газ тарту керек, одан бөлек, ауыз су мәселесі әлі көп жерде шешілмеген. Он жылдап салынып жатса да, бір жағы бітпей, ал басталған жағы бұзылып жатқан күре жолдар бар. Осындай еліміздегі әлеуметтік сала мен «сақалды» құрылыстар туралы депутаттар болып Үкімет пен министрге мәселе көтергенбіз.

Фото: Sputnik.kz

– Сол «сақалды» құрылыстарға тоқталсаңыз.

– Олар – созылып кеткен құрылыстар.

LRT сияқты ма?

– Жоқ, ол – «сақалды» емес, «проблемный» құрылыс. Жылдар бойы жалғасып, әлі бітпей жатқан жолдар бар. Мысалы, Астана-Алматы бағытындағы Бейнеу тас жолы сияқты.

–  Жолдар дедіңіз, су құбырларына қатысты мәселені де көтеріп едіңіз...

– Әрине, ол да бар ғой. Біздің елде не жоқ? Бәрі бар. Су мәселесі, жол мәселесі де бар. Егіндікке су апаратын канал, арық-атыздардың жұмыстары да солай созылып жатыр. Газ мәселесі тағы бар. Мысалы, бір елді мекеннен екіншісіне газ тарту жұмысы басталады, сосын ол қаржы үш жылдап, 5 жылдап айналымнан шығып, еш пайда әкелмей тұрады.

– Бұл қай сектордың қателігі? Мемлекеттік тексеріс дұрыс жүргізілмей ме сонда?

– Бұл – біздің азаматтарымыздың өз міндетіне немқұрайлы қарауынан. Яғни, «Үкіметтің тірлігі – менің тірлігім емес» деген көзқарастан туындап отыр. Өзінің жеке тірлігі болса, олай жасамас еді.

Қазір Президенттен күтіп отырғанымыз да – осы. Мемлекетке шынайы жаны ашитын, кәсіби мамандарды жұмысқа тарту керек. Әр жерде тек уақыт өтсе екен деп жүрген азаматтарды көріп жатамыз. Солардың кесірінен осындай шикіліктер пайда болады.

Ал ондай шикілік болмау үшін о баста жоспарлаған кезде жұмыстардың барлығын мұқият тексеру керек. Мердігерді, керекті шикізатты дұрыс таңдамау сияқты мәселелер осыған келіп тіреледі.

– Иә, «сақалды» құрылыстар ішкі қаржыны «қымқырып» жатқаны рас. Ал сыртқы қарызды қалай жаба аламыз?

– Енді оған жұмыс істейміз. Мен министрге сауал кезінде табыс көздерінің жолдарын айтып бердім. Олар – шикізатты сатудағы жұмыстар, мемлекеттің негізі қоры саналатын мұнай, газ, қара, түрлі-түсті металл, уран. Бұлардың барлығы әлемдік нарыққа біздің елден, біздің бағамен шығу керек. Мысалы, қазір бізден 30-40 доллармен шығады да, әлемдік нарыққа барып 10 есеге сатылады. Арасындағы табыс шетелде қалады.

Е.Жамаубаев. Фото: informburo.kz

– Министр осы түрлі-түсті шикізат пен қара алтын бағасын әлемдік нарық үшін көтердік деді. Басқа қандай өнім бағасын көтеру керек?

– Экспортталатын тауарлардың ашық бағасы әлемдік бағаға осы Қазақстаннан алынуы керек. Биржада кім артық баға берсе, біздің өнімді сол алады. Биржа деген базар ғой. Ал онда ашық сауда болуы керек. Мемлекетіміздің тарихындағы осындай бірінші биржаларды өзіміз ашқанбыз, талай жұмыс істегенбіз. Қандай болу керек екенін білеміз. Дәл осы тәртіппен көршілес мемлекеттер жұмыс істеп жатыр. Сол тәртіп сақталса, эскспортталған тауарға қатысты кеден тәртібі де өзгереді. Осы биржаларды жүзеге асыратын болсақ, біз мемлекеттік қорды толтырудың бірден-бір көзін тапқан болар едік.

– Экспортталатын өнімнің бағасын арттыратын болсақ, биржада отандық өнімнің өтпей қалу қаупі туындамай ма?

– Жоқ. Ол таңдалады. Өйткені сапасы сәйкес келеді. Көп жерде біздікіндей тауар да жоқ. Ресей мен Еуропаның арасындағы кедергілерге байланысты, керісінше, қазір біздің тауарлар өтімді болып тұр. Тек ол нарықтағы сол күнгі баға бойынша сатылады.

– Бізде көбіне экспортталатын өнімнің көлемі мен бағасы артқан кезде ішкі өнімнің де құны артып кетеді. Мысалы, бидай мен мұнай экспортына қатысты ұн мен бензиннің қымбаттауы сияқты. Бұлар бір-біріне әсер етпеуі керек пе?
– Әсер етеді әрине. Мемлекеттік реттеу деген осы үшін қажет. Екеуі бір-біріне байланысты. Өйткені сауда ғой.

– Сыртқы өнімді қымбат бағаға шығарып, ел ішінде арзан бағаны сақтап қалуға бола ма?

– Ол үшін ішкі нарықтағы азаматтарымыздың сатып алу қабілетін бағалауымыз керек. Оны біз білеміз ғой.

«Шетелде бензиннің литрі 3 доллар, бізде арзан» деп жатады Үкіметтің кейбір мүшелері. Ондай емес. Бұл елдің табысына байланысты. Халықтың табысы қандай болса, нарық та сондай болуға тиісті. Еуропаның бағасы сондай екен десек, онда біз азаматтарымызға еуропалық табыс көзін қойып беруіміз керек.

Ол жақтың зейнеткерлерінің де зейнетақысы бізден бөлек. Күн көру деңгейі де мүлдем басқа. Ал нарыққа шығатын тауарды қымбаттауы ішкі бағаға қатты әсер етпеуі үшін Үкімет ұстап отырмыз ғой. Үкімет соны реттеу керек. Монополиялық ортаны реттеуі керек. «Көршіде баға солай» деп, бәрін сонда жіберіп, өзіміз аш-жалаңаш отыра алмаймыз ғой. Сондықтан халықтың жағдайын, халықтың табысын, күн көріс көзін есепке алып істеу керек. Оны бірақ күн көре алмай кететін жағдайға жеткізбейік. Бұл мемлекетті дефольтқа, азаматтарымызды әлеуметтік теңсіздікке алып келеді.

Тегтер: