27 Ақпан 18:11
...

Жұмасейіт Нұрбаев: Малшының құқығы қорғалуы керек

фермер
Фото: qazdauiri.kz

«Бәйелі болыс» шаруа қожалығының иесі Жұмасейіт Нұрбаев отыз жылдан бері шаруа қожалығымен айналысып келеді. Ауыл шаруашылығы маманы. Бизнестің түр-түрімен айналысып көрсе де, жүрек қалауымен, ата-баба жолымен малды кәсіп кетуді ұйғарыпты. 

«Бәріміз ауылдан шықтық. Мал шаруашылығын жақсы көремін. 500 бас жылқы, мың қой өсіріп отырмын», – дейді фермер. Жұмасейіт Нұрбаев NEGE-ге берген сұхбатында өзінің тәжірибесін алға тарта отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға, мал басын өсіруге қатысты пікірімен бөлісті.

Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту мақсатымен неше түрлі бағдарламалар қабылдады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы және «Ауыл аманаты» жобасы бар. Кәсіпкер ретінде мал өсірумен айналысып жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек пен жеңілдіктер туралы айтып өтсеңіз. Қаржы қалай жетіп жатыр?

– Қазір қолға алынған бағдарламалар аз емес. Өте көп. Ауыл шаруашылығын қолға аламын дегендерге түрлі гранттар бөлініп жатыр. «Ауыл аманаты» жобасымен 2,5 пайызбен жеңілдетілген кредит беріледі. Мал басына, мал азығына субсидия бөлінеді.

Десе де, өз басым сол жеңілдіктердің біріне де жүгінген емеспін. Шаруамды өз күшіммен дөңгелетіп жүрмін.

– Неге? Сіз үшін шарттары тиімсіз болды ма?

Бұл жобалар ауылда тұратын жағдайы төмен адамдардың тұрмысын жақсарту, жаңа іс бастағысы келген жастарға қолғабыс ретінде жасалған. Бұдан бөлек, қайтарымсыз гранттар да бар. Ауыл тұрғыны жаңа бір нәрсе, малды өсірудің ерекше тәсілін ойлап тапса, идеясы мықты болса, қаражатты сол алады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 7,8 миллион беріледі.

Бұл мен үшін аздық етеді. Алдыма ірі жоспар қойып отырмын. Екі сиыр алып, сүтін сату – архаизм. Бұл ауыл шаруашылығын дамытуға жатпайды. Отбасылық күнкөріс деуге ғана болады. Меніңше, біздегі ауыл шаруашылықтың деңгейі үйдегі қосалқы шаруашылық деңгейінде ғана тәрізді.

Мал өсірудің проблемасы аз емес. Кейбір сарапшылар мал басының өсіп жатқанын, бірақ заманға бейімделген дайын өнім өндіру мәселесі бар екенін айтады? Бұл пікірмен келісесіз бе?

– Мал басы көп болса, онда молшылық болу керек еді. Ет, сүт, сары май секілді азық-түліктер ағылып-төгіліп жататын еді. Статистикада көрсеткіш жақсы болғанымен, іс жүзінде бәрі басқаша. Елімізде малдың қырылуы жиі кездесіп жатыр. Мал басына субсидия берілгендіктен, шығынды қағазға түсірмейді. Сондықтан статистикаға көп сенім арта бермеймін.

Мал көп болса, ет қайда? Сиыр көп болса, сүт қайда? Бізге бұл тауарлар Ресейден, көрші мемлекеттерден, тіпті, Латын Америкасынан жеткізіліп жатыр. Ал кебекті, арзан бидайды Ресейден алып жүрміз.

қой
aqjolgazet.kz

– Мал азығын дайындауда да түйткіл бар ма?

– «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» деген қазақтың сөзі бар. Ата-бабасынан есігінің алдына ешкі бітпеген адам мал өсірудің қыр-сырын қайдан біледі? Шаруашылықпен айналысамын деп, ақша алып, мал сатып алғандар «бұлар шөп жейді екен» деп таңырқап отыратыны бар.

«Күлшелі бала сүйкімді» деуші еді бұрын, қазір жексұрын болды. Менің қазір бірталай шөбім бар. Алты-жеті мың түк. Кемі 25 мың түк жинаймын. Қазіргі елдің шөбі таусылды. Тараздың түбінде әлі тізеден қар. Елдің бәрі менен келіп шөп сұрайды. Егер оған шөп берсем, өзім малымды қайтпекпін? Сондықтан «қыстың қамын жаз жаса» деймін, ақыл-кеңесімді айтамын.

– Сонда, жем-шөпті өзіңіз дайындап аласыз ба?

– Шаруа мал өсіру үшін алдымен техникасын, жерін, жем-шөбін сайлап алуы тиіс. Жем мен шөбін сатып алатын адам шаруа емес. Мәселен, жүз мың теңге тұратын қойың жүз мыңның шөбін жейді. Сатып әперетін болсаң. Ауылдағыларға мал ал деп ақыл беретін адам көп. Бірақ ауылдың айналасы тақырға айналып кетті. Жейтін дәнеңе де қалмады.

Атам қазақ малды қалай өсірген? Мал жаятын жайлауы, көктеуі, қыстауы болған. Абай атамыздың:

Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай –

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.

Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай, – деген өлең жолдары бар.

Менің пікірімше, шаруа болу үшін Абайды оқу керек. Бір емес, төрт рет оқу керек. Сонда өмірді, шаруаның жайын түсінесің.

Малды қай уақытқа қайда жаятынын, қай жерде қыстататынын, жөнін білу керек. Бізде қазір қысы-жазы бір жерде айдап жүреді. Тақырда. Ондай мал өспейді. Ауру болады.

Қазақтың ежелден келе жатқан мал өсіру дәстүріне қайта көшу керек пе?

Әрине, көшу керек. Ауылдан шықпай, «ауылдың айналасынан жайылым бер» деген айғайды тоқтату қажет. Балқаштан ары жерлер – Сарыарқа, Жезқазған, Ұлытау бос жатыр. Баяғы құдықтар, ескі қораның орындары тұр. Жол салынбай, ол жаққа ел бара алмайды.

Адам малмен, шаруамен айналысуы үшін оның отбасылық мәселесі шешілуі керек. Мал бағу қазақтың қанында ежелден бар. Даланы аңсап, далада жүруді қалайтын азамат көп. «Балаларымды қаладағы ағайынымның үйіне апарып тастаймын, сол жақта оқи береді» деген заман жоқ қазір. Кеңес дәуірінде малшылардың балалары оқитын интернаттар аз емес еді. Қазір оның бірі қалмады. Әлеуметтік жағдайы жоқ.

шоп
inbusiness.kz

Малшының әлеуметтік жағдайын қолға алса, мал шаруашылығы дамиды. Қазір мал бағып жүргендердің дені – қырық пен алпыстың арасындағы отбасынан айырылған, ішімдікке салынған адамдар. Мұндай адамдар шаруашылықты көгерте ала ма?

Бізде ақшасы барлар қаражатты басқа жақтан тауып, мал алып, оны біреуге бақтырып қояды. Оны малшы емес, малай деп қабылдайды. Мысалы, дамыған елдерде фермерлер тракторларын өздері айдап жүреді. Бізде трактор айдап жүрген фермерді көрдің бе?

Бізде неге олай емес? Себебі неде?

– Жиырма, отыз жылға артта қалып қойдық. Мәселен, олар фермерлікті ата-бабаларынан бері үзбей жалғастырып келе жатыр. Біз капиталистік, нарықтық қоғамға енді өттік.

Біз ежелден келе жатқан және кеңес дәуіріндегі мал өсіру мәдениетін жоғалтып алдық. Қазір мал бағатын фермер жоқ. Сондықтан біз ауыл шаруашылығында түбейгейлі реформа жасауымыз қажет.

Біз малшы дайындауымыз керек. Бұрын әскерден келген жігітті үйлендіріп, алдына бір отар қой салып, құмға жіберетін еді. Ол малын өсіретін еді. Бала-шағасы өскен соң, мектеп-интернатқа оқуға жібереді. Он, он бес жылдан кейін совхоз малшыға үй салып береді. Қазір ше? Біреудің қойын он жыл бақсаң да, ешкім ештеңе бермейді. «Қойды жоғалттың» деп өзін айыптайды. Оның құқығын ешкім қорғамайды.

Малшының құқығы қорғалу керек дейсіз бе?

– Кеңес кезінде «мәдени мал жайылымы» деген болған. Қазір шетелдерде де бар. Жайылымды қоршап қойып, үйінде отырып мал бағады. Біз ХІХ ғасырдағыдай әлі құрығымызды сүйретіп жүрміз. Өркениетке қол жеткізе алмай келеміз. Әр ауылда малы бар, жағдайы жөнделген адамдар кездеседі. Солардың үстінен арыз жазып, «жердің бәрін алып қойды» деп шағымданып жүрміз. Заңсыз алса, бірсәрі. Заңды жолмен алып жатқаны да, көзтүрткі болып жатыр.

Бұл жағдай жайылымдық жердің жетіспеушілігін көрсете ме?

– Жер жетіспеушілік деген сөз – қазақтың даласына қолданатын сөз емес. Ел ауылдан әрі ұзағысы келмейді. Масылдық психология бар. Малын Қызылқұмға, Байырқұмға немесе Сарыарқаға апарып баққысы келмейді.

Кеңес дәуірі кезінде ауылдың іргесіне дейін егін егілетін еді. Мал сыртта болатын. Қонаев атамыз ел басқарып тұрған тұста қойдың басы 50 миллионға жетті.

– Мал басын көбейту үшін нақты қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Ең алдымен жемқорлықты түбегейлі тоқтату керек. Одан кейін мал бағатын адамдарды, белсенді фермерлерді дайындау қажет. «Аудан әкімінің, прокурордың малы» деген нәрсе ауыл шаруашылығын дамытпайды. Бұл оларға көлденең табысын заңдастыру үшін ғана керек. Мәселен олар бәленбай мың қойы болса, неге ет өткізбейді? Өз басым тонналап ет өткіземін. Кейде ет өткізетін жер таппай қалатын кезіміз болады. Олар неге өйтпейді? Мал басына беретін субсидияны да солар алып отыр. Егер ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, салаға түбегейлі реформа керек.

Сұхбатыңызға көп рахмет!