Сәтбаев университетінің студенттері Отан алдында адал болуға әскери ант қабылдады
Сәтбаев университетінің 447 студенті Қазақстан армиясының запастағы офицерлер қатарын толықтырды. Олар 17 әскери мамандық бойынша арнайы толық әскери дайындық бағдарламасын аяқтап шықты.
Алматы, NEGE. Студенттер университет басшылығының, Әскери іс институтының офицерлері мен қызметкерлерінің, әскери ардагерлердің, өздерінің туыстары мен жақындарының қатысуымен салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын офицерлік шен алған 3-курс студенті Алмасбек Әбдежами көтерді. Ол еліміздің батысында су тасқыны зардаптарын жоюға қатысқаны үшін Сәтбаев университетінің Алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ Сәтбаев шыңына шығуға қатысқан студенттер де университет басшылығы атынан марапатқа ие болды. Шың басында олар политехшілердің болашақ ұрпақтарына арналған жолдау қалдырды:
«Мен Сәтбаев Университетінің 90 жылдығы және Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығы тойланатын мерейлі жылы Сәтбаев шыңына шығу экспедициясының қатысу бақытына ие болдым. 20 маусым күні 4 мың метрден астам биіктікте біз болашақ студенттерге 10 жылдан кейін біздің өрлеуімізді қайталап, аты аңызға айналған Политех түлектерінің дәстүрлері мен даңқты істерін жалғастырулары үшін жолдау қалдырдық», – деді Әскери іс институтының түлегі Снежана Колесникова.
Әскери іс институтының оқу бағдарламасы тек теориялық сабақтарды ғана емес, жан-жақты практикалық дайындықты да қамтиды. Екі жыл оқу барысында студенттер екінші мамандықты меңгеріп, запастағы лейтенант әскери атағын алып шығады, сондай-ақ басшылық ету қабілетін үйренеді, көшбасшылық қасиеттерін шыңдап, шынайы және пікірлес достар тауып шығады.
«Бүгін сіздер Отанға адал қызмет етуге ант бердіңіздер, сондықтан осы әскери антқа адал болып, оны абыроймен алып жүріңіздер!» – деп Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев студенттерді адалдыққа шақырды.
Сәтбаев университеттің Әскери іс институтының тарихы өткен ғасырдың сонау 1940 жылынан, яғни Қазақ тау-кен металлургия институтында Әскери кафедра ашылған кезден басталады. Сұрапыл соғыс жылдарында университеттің алты өкілі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Соғыстан кейінгі жылдары мұнда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бегелдинов білім алып, кейін ол Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Құрметті профессоры атанды.