4 Сәуір 13:29

Жауапты шенеуніктер қатаң жазаға тартыла ма?

Батыс Қазақстан облысы
Фото: ғаламтордан

Еліміздің батыс өңірін қарғын су алып, жергілікті халық әбігерге түсті. Баспанасы суға батып, малынан айрылған жұртты эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, бұған дейін мәлім болғандай «Қазгидромет» тасқын судың жүретінін алдын ала ескерткенін хабарлады.

  Әдеттегідей су басқан өңірлерге депутаттар да жетті. Аяқтарына «боти» киіп алып, баспанасын белден су алған бірқатар шаңыраққа кіріп шықты. «Үкімет барлық шығынды өтеп береді» деп сендіріп бақса да, апаттың алдын алмаған шенділердің әрекетіне кім баға береді?

NEGE тілшісі депутат Батыс Қазақстан облысындағы су басқан аймақтарды аралаған мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевке хабарласқанда, ол бұл мәселе туралы Премьер-министр О.Бектеновке, ҚР Бас прокуроры Б.Асыловтың атына үндеу жолдағанын жеткізді.

«Топан су үйлерге лап қойғанда жанұшыра қашқан жұртпен жолығу үшін Батыс Қазақстан облысына арнайы барып келдім. Елмен кездестім, ағайынның айтарға сөзі жоқ, көңілі атқарушы биліктен әбден қалған. Топан су шайған ауылдардағы ағайын бұл апатты бір емес, бірнеше рет бастан өткерген. Қазір Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Оған қоса кеше «Қазгидромет» Батыс Қазақстан облысы мен Қостанай облысына су тасқынының екінші толқыны келуі мүмкін екенін мәлімдеді», – деді ол.

су тасқыны
ғаламтордан

Сондай-ақ, депутат «БҚО-ғы Теректі ауданы Аңқаты ауылында ондаған үй суға кеткен. Сол үйлердің тұрғындары осымен екінші рет барынан айрылып отыр. Мәселе былай, 2008 жылы БҚО-да жер сілкініп Рыбцех ауылының бірнеше үйі қирап қалды. Далада қалған халықты Аңқаты ауылында салынған үйлерге көшірген. Бірақ жер сілкісінен аман қалған елді сол кездегі шенділер топан судың ортасына тастап кеткен. Себебі, Аңқатыдағы су астында қалған үйлер негізінен сол жер дүмпуінен аман қалғандарға берілген баспана болып шықты. Үйлердің ішіне биіктігі 1 метрден астам су кірген, баспана тұруға жарамайды. Қора-қопсы қирап жатыр, малдар өлген, тұрмыстық техникалардың шаруасы біткен. Үйлерге қайықпен жүзіп әрең жеттік.

Қаратөбе ауданындағы Аққозы ауылындағы жағдай да аса ауыр. 130 үйдің 105-ін түгел су шайған. Қалған 25-інің ауласын су басқан, бірақ тәуліктеп тұрған қарғын су қабырғаларды бүлдіріп тастайтыны анық. Салдарынан топан судың астында қалған тұтас ауылды қайта тұрғызу қажет.

 Ең сорақысы, ағынды суға бұған дейін салынған бөгет төтеп бере алмаған, ал ауылды орталықпен байланыстыратын күрежолды Қалдығайты өзені тас талқан етіпті, көзбен көрдік. Сорақысы сол, осымен үшінші жыл қатарынан өзен тасжолды шайып кетіп отыр, ел осыған да наразы. Жыл сайын қайталана беретін апатқа төтеп беретін әрекет неге жасалмайды?», – деді депутат.

су тасқыны
Мәжіліс үйі

БҚО, Сырым ауданындағы ахуал да күрделі, 247 үй су астында қалған. Жымпитының іргесіндегі өзен арнасынан шығып ауылды су алды, қалың мұздар қора-қопсыны қиратты, мал шығын болды. Ауыл іргесіндегі өзен осымен бірнеше рет арнасынан адасып аққан, бірақ оның тежейтін құрылыс сол күйі тұрғызылмаған. Үйлердің көбі саманнан салынған, алды құлап жатыр.

Одан бөлек Оралдың іргесіндегі Подстепной елді мекені мен саяжай тұрғындары және Бөрлі ауданының халқы да қарғын судан қатты зардап шекті. Әлі де қауіп сейілмей тұр, себебі Қараөзен және Сарыөзен, Деркөл, Шаған, Жайық өзендеріне су шамадан тыс көп келуде. Облыс бойынша тағы бірнеше елді мекен су астында қалуы мүмкін. Қираған үй мен өлген мал, тағы басқа шығындар әлі еселеп көбеюі мүмкін.

 Қазір тіпті облыс орталығы Орал қаласын да су басуы мүмкін. Шаған мен Жайық өзендері көтерілді деген дерек келді, қаланың шетін су ала бастады дейді төтенше жағдайдың басында жүрген азаматтар. Енді Деркөл өзені көтерілсе қала қарғын судың астында қалуы мүмкін. Су астында қалған Қазақстан халқының бірінші арызы, апат неге жыл сайын қайтала береді? Неге жауапты билік өкілдері қателіктен қорытынды шығармайды?», – деген депутат бірқатар ұсыныс-талабын жеткізді.

Батыс Қазақстан облысы
ғаламтордан

Бірінші, су басу қаупін біле тұра әрекет етпеген лауазымды қызметкерлердің жұмысына құқықтық баға берілуі шарт.

Екінші, Қазақстанда су тасқынының алдын алуға 7 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған, соның 3 млрд теңгеден астамы қазір жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл қаржы апаттың салдарымен күресуге жұмсалмағанына куәміз. Сондықтан бюджеттен су тасқынының алдын алуға қай облыс қанша ақша бөлді? Ол қаржы нақты қайда жіберілді, осы есепте ашық жариялау қажет.

Үшінші, жапа шеккен тұрғындарға өтемақы толық көлемде және жедел төленуі қажет.

Төртінші, жапа шеккен азаматтар үйінің құжаттарын алып үлгермеген, олардың да шығындары толық өтелуі тиіс. Және ауыл азаматтарының кейбірі қолдарындағы төрт-түліктің бәрі бірдей есепте болмағанын айтады. Соны сылтау қылмай, келтірілген шығын елдің айтқан есебімен толық төленуі керек.

Бесінші, суға кеткен үйлердің ішінде «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары арқылы және несиеге алынған үйлер бар. Олардың кепілдігіне қатысты оң шешім қабылданып, несиелік пайыздар тоқтатылуы шарт.

Алтыншы, эвакуациялық орталықтың көбі мектептерде орналасқан. бірақ 1 сәуірден бастап еліміздің мектептерінде сабақ басталды. Сәйкесінше оқушыларға кедергі болмас үшін эвакуацияланған адамдарға басқа жайлы, барлық жағдай жасалған орталықтар ашу шарт.

Жетінші, эвакуациялық орталықтарда созылмалы ауруға шалдыққан азаматтар және мүгедектер бар. Оларға тиісті медициналық жәрдем жасау үшін арнайы дәрігерлік пункт ашу мәселесін де қарастыру керек.

Сегізінші, эвакуациялық орталықтарда оқушылар көп, олар сабақты онлайн бастады. Сәйкесінше олардың оқу бағдарламасын толық меңгеруі үшін барлық жағдай жасалуы керек және сапалы ғаламтор желісі болуы шарт.

Ал мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай да төтенше жағдайға байланысты өз ойын былай сабақтады.

су тасқыны
Мәжіліс үйі

«Халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық.

Әкімдіктерде ешқандай дайындық жоқ. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдерінің резервінде не қайық жоқ, суға киетін етік табылмай жатыр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктер арасында байланыс жоқ екенінің белгісі. Бұған алдымен кім кінәлі? Бұл жағдайға премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді.

Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды? «Тамырынан құрттаған ағаш бұтағынан емделмейді». Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыратын кез келді. Мұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер. Қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды.

Сондықтан бұл өзгелерге сабақ болуы үшін Президент сөгіс жариялап жатыр. Бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын», – деді депутат.

«Бірақ комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар. Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек», – деп түйіндеді депутат. 

Осы тұста депутат Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады.

1) Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;

2) ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;

3) өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;

4) гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;

5) биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру, – деді ол.

Әзірге президент Қ.Тоқаев: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс істемейді. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет» деді. Алайда, өңірді аралаған депутаттардың талабы орындалып, жауапты шенеуніктер қатаң жазаға тартыла ма, жоқ па, белгісіз.