25 Тамыз 17:22
...

«Оның қылмысқа қатысы жоқ» – Владислав Челах мерзімінен бұрын түрмеден шығуы мүмкін бе?

Арқанкерген
Фото: ғаламтордан

Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында адвокат Гүлмира Шалдықова өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың ісін қайта қолына алғысы келетінін айтты.

Адвокат бұған дейін де Челах ісін қайта қарап, соттың өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімін жоюды сұраған еді. Енді ол Челахты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға болады деп есептейді.

«Челахтың жазасын жеңілдететін кез келген нұсқа қолайлы. Тіпті бұл мерзімінен бұрын шартты түрде босату болса да. Себебі ол заңсыз түрде бас бостандығынан айырылып отыр. Челах – сол кездегі жағдайлардың құрбаны. Ол – атылғандардың арасынан тірі қалған жалғыз адам», – деген адвокат «Челах ісімен» қайтадан айналысқысы келетінін жеткізді.

Адвокат
Г.Шалдықова. Фото: Sputnik / Владислав Воднев

«Қылмыстық істің материалдарын зерттей отырып, оның бұл қылмысқа қатысы жоқ екеніне көзім жетті. Челах алғаш ұстаған кезде: «Мен бұл қылмысты жасаған жоқпын, менің қатысым жоқ», – деген болатын. Ол оқиға болған сәтте шекара заставасынан кетіп қалған. Өрт шығып, атыс басталғанда ол жерде болмаған. Жалпы алғанда, кезінде бұл іс саясиландырылды, сондықтан оған сондай реңк берілді. Мұны бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл істі ҰҚК өз бақылауда ұстаған», – дейді қорғаушы.

2019 жылы Г.Шалдықова істі қайта қарауды сұраған болатын. Оның себебін былай түсіндірді: «Ол кезде билік ауысқан еді, президент болып Тоқаев сайланды. Билік ауысуына байланысты көзқарас өзгерер, Жаңа Қазақстан басқаша қарар деген ой болды. Ол үкім қайта қаралады деп сенді. Менің ойымша, саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты бізде әлі де үміт бар».

Арқанкерген
Челахтың атасы мен әжесі. Фото: Азаттық

Естеріңізге салайық, 2012 жылы мамыр айының 28-інде Арқанкерген шекара заставасында 15 шекарашы мен бір орманшы жұмбақ жағдайда оққа ұшты. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челах заставадан тыс жерден ұсталды.

Алғашқы жауаптарында ол аса ауыр қылмысты мойындаған жоқ, бірақ кейін қамауда жатқанда жанындағыларға қылмысты қалай жасағанын айтқан. Алайда біршама уақыттан соң ол тергеу тарапынан қысым жасалғанын мәлімдеді.

2012 жылдың желтоқсанында сот оны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Бар-жоғы жиырма жасында «шекара бекетінде 15 адамды өлтірді» деген айыппен өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілген В.Челахтың жасы қазір отыз үште. Ол жазасын Қостанай облысындағы №39 мекемеде өтеп жатыр.