26 Тамыз 09:59
...

«Берденов қызметінен кетуге өзі арыз жазған болуы мүмкін» – Дереккөз

Берденов
Фото: Фото: ғаламтордан

Кеше Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары жаңадан тағайындалды. Бұл тағайындаулар Руслан Берденовке қатысты гу-гудің отына май құйғандай болды.

Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен және қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Айдын Кәрімов тағайындалды. 2006 жылдан бері түрлі лауазымда қызмет еткен А.Кәрімов 2023 жылдың қыркүйегінен бастап күні кешеге дейін қала әкімінің орынбасары болған.

Сондай-ақ кеше Шымкент қаласы әкімінің тағы бір орынбасары тағайындалды. Ол – Арман Сәбитов. А.Сәбитов бұған дейін Түркістан облысы Сайрам ауданының әкімі лауазымын атқарған.

Сонымен, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков жаңа орынбасарларын тағайындап, етек-жеңін қымтап алды. Ал енді тағы бір орынбасар Руслан Берденов қайда?

Шымкент
Р.Берденов. Фото: Андрей Лунин

Кейбір ақпарат құралдары мен телеграм арналар іле-шала Р.Берденовтің қызметінен кеткенін хабарлап үлгерді. Алайда Шымкент қалалық әкімдігі мұны растаған жоқ. Тек «Берденов денсаулық жағдайына байланысты демалыста» деп қысқа қайырды.

Шымкент қалалық әкімдігінің табалдырығын жиі аттайтын оқырманымыздың айтуынша, Берденов демалыстан соң қызметінен кетеді.

«Берденовтің «больничныйда» екені рас. Бірақ ол көп ұзамай қызметінен кетеді. Бұл – жоғарыдан шешіліп қойған мәселе. Көктемдегі оқиғадан соң (Берденовке жасалған қастандық – ред.) оның төңірегінде біраз әңгіме болды ғой, егер ол қызметін жалғастыра беретін болса, гу-гу тоқтамайды. Сол себепті Берденов қызметінен кетуге өзі арыз жазған болуы мүмкін. Бәлкім, жазғызды...», – дейді оқырманымыз.

Қош, Руслан Берденов қызметінен кетсе, қайда барады? Бұған дейін оны «Алматы қаласы әкімінің орынбасары болады екен» деген қауесет шыққан. Алайда Алматының әкімін Дархан Сатыбалды да жуырда орынбасарларын түгендеп алды. Сондықтан Берденовтің Алматыға келе қоюы екіталай.

Жалпы, Р.Берденов қызметінен кеткен күнде де іші пысып қалатын адам емес. Оның дәріхана бизнесі мен мейрамхана бизнесінде үлесі бар екені көптен айтылып жүр. Сондықтан көктемдегі оқиғаның күбір-сыбыры басылғанша бизнесте жүре беруі мүмкін.

Р.Берденов
Сотталушы Е.Жиенбай. Фото: ғаламтордан

Естеріңізге салайық, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Әкімнің орынбасарына бес оқ атылған. Қастандыққа түрлі жайттар себеп болғаны айтылды. 20 тамызда күдікті Ернар Жиенбай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.