«Төл өнеріміздің түбіне балта шаппауымыз керек» – Жеңіс Сейдоллаұлы
Биыл Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне 60 жыл толады. Осы ретте тарихы тереңде жатқан қарашаңырақтың қандай әзірлік көріп жатқанын білу мақсатында мекеме басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Жеңіс Сейдоллаұлына хабарласқан едік.
– Мерейтойларыңыз құтты болсын! Дайындық барысы қалай?
– Бұйырса, 15 қазан күні сағат 19.00-де Қазақ мемлекеттік циркінде үлкен шоу-концерт өткізбекпіз. Онда колледждің бұрынғы түлектері қазіргі білім алып жатқан талантты студенттермен селбесе елге белгілі әндерін орындайды. Атап айтар болсам, Жанболат пен Жазира, Сәкен Майғазиев, Динара Сұлтан, «Меломен» тобы, Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Нағима Есқалиева сынды қазақ эстрадасында орыны бар өнер қайраткерлері ән шырқайды. Ал есімі елге етене таныс «Дос-Мұқасан» тобы, Роза Рымбаева, Нұрлан Абудллин сияқты өзге де өнер майталмандары әннен шашу шашамыз деп отыр. Сондай-ақ аталған бағдарламадан цирктің бесаспап өнерпаздары да қалыс қалмайды.
– Қазіргі таңда колледж қабырғасында қанша студент білім алып, қанша ұстаз қызмет етуде?
– Қазіргі кезде 370 студент білім алып жатса, оларға 130 ұстаз дәріс оқып жүр.
– Өнер ошағының алғашқы ұстаздары Ғарифолла Құрманғалиев, Гүлжахан Қалиева, Еркеғали Рахмадиевтер ауыл-ауылды аралап, таланттарға іздеу салған деседі. Қазір ондай үрдіс үзілді ғой. Дегенмен, талантты жастарға ақысыз білім алу жағы қаншалықты қарастырылған?
– Мемлекет осы орайда жастарға барынша қолдау көрсетіп, жыл сайын көңіл көншітерлік дәрежеде грант бөліп келеді. Биылдың өзінде 65 студент үкіметтен берілетін жеңілдікке қол жеткізді. Біз де соған сәйкесінше меселін қайтармайық деген ниетпен алыстан ат терлетіп, оқимын-тоқимын деп келетін жасөспірімдерді қабылдаймыз. Оның ішінде көпбалалы үй мен әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың, жалғызбасты аналардың балалары назарымыздан тыс қалмайды. Ал емтихан барысында балы жетпегендер ақылы бөлімге тапсырады. Кейін оқуға үлгерімі мен тәртібі көңілімізден шығып жатса, оларға да түрлі жеңілдіктер жасау жағын қарастырамыз.
– Қазіргі жастарды креативті дегенмен, олардың дені оқу бітірген соң өнер ошақтарынан жұмыс таппағандықтан, өзге салаға ойысып кетеді. Ондай таланттарды тойдан да, базардан да кезіктіріп жүрміз. Осы ретте түлектеріңіздің болашағына алаңдаушылық танытасыз ба?
– Әрине, талантты жастарды әрдайым қолдауға әзірміз. Бізден оқып бітірген соң өзге оқу орындарына түсіп, не болмаса қандайда бір мекемеге жұмысқа орналасқан-орналаспағанын қадағалап, қолдан келгенше көмектесіп отырамыз. Ал оқу барысында сабақтан тыс уақытта кафе, мейрамханаларда өнер көрсеткендеріне қарсы тұра алмаймын. Себебі әркімнің жағдайы әртүрлі болғандықтан, нәпақа табуына тура келеді. Біз де сол жолдан өткенбіз. Тек сырттағы жұмысы білім алудағы үлгеріміне кесірін тигізбесе болды. Сондықтан колледж қабырғасында жүрсе де, көпшілік алдында өнер көрсете бастағандарды қолдаймын. Өйткені тәжірибе жинайды. Нәтижесінде оқуды бітірген бетте дайын әртіс болып шығуы әбден мүмкін.
– Жасанды интеллект деген дүние біраз өнер адамдарының сағын сындыратын сияқты ма, қалай? Мәселен, біреулер оның көмегімен дайын әнші болып шыға келсе, енді біреулер Астанада спектакль қоймақшы.
– Цифрландыруға бүкіл әлем назар аударып жатқандықтан, өзгемен тереземіз тең болу мақсатында біз де одан қалыс қалмауға тиіспіз. Сондықтан жастардың оның тілін тыңғылықты меңгеруге жұмылғаны жөн. Кейін қыр-сырын анықтап алған соң жақсысын алып, жаманынан жерінетін боламыз. Бірақ стуенттерімізге «кітапты көп оқыңдар, телефонға телміріп уақыттарыңды текке өткізбеңдер» деп үнемі ескерту жасап отырамыз. Алда жасанды интеллект елімізге дендеп кірген кезде соның жетегіне еріп, дәстүрлі өнеріміздің бояуын жоғалтып алмауға тиіспіз. Жаһанданудың жетегінде кетіп, төл өнеріміздің түбіне балта шаппауымыз керек. Осы ретте жастармен тыңғылықты жұмыс жасап жатқан жайымыз бар.
– Сіз бұған дейін де біраз өнер мекемелерін басқардыңыз. Салдарынан жеке шығармашылығыңыз жайына қалған сиқты ғой. Мысалы, сіздің соңғы рет қашан концерт бергеніңізді есіме түсіре алмай отырғаным...
– Ол рас. Себебі әр нәрсенің өзіндік уақыты болады. Кезінде талай сахнаны да, шығармашылық сапарды да өткердік. Енді сол білген-түйгенімізді жастарға үйретіп, өзіміз жіберген қателікті солар қайталамаса екен деген ниетте қызмет қылсақ деген ойым бар.
– Кезінде талай ғашықтың жүрегін ән бесігінде тербеген Жеңіс Сейдоллаұлы бүгінде бір әулеттің ақсақалы атанған шығар?
– Шүкір, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. Немерелеріміз өсіп жатыр. Кіші қызым өзім сияқты өнер жолына түсіп, Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдады. Одан басқалары өзге салада.