Жаңа жылдан бастап несие алу қиындайды
Келесі жылы Қазақстан азаматтарына банктерден несие алу қиындайды. Ұлттық банк қаржы ұйымдарынан несие беру шарттарын қатаңдатуды талап етуде. Жаңа жылдың қаңтарынан бастап банк менеджерлері: клиенттің төлем қабілетін мұқият тексеріп қана қоймай, борыш салмағының коэффициенті дейтін шаманы есептеуге міндетті.
Қарыз салмағының коэффициенті деген не? Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, несие беруші ұйым клиенттің табысы туралы мәліметтердің негізінде қарыз алушының ай сайын нақты қандай сомада борышын өтей алатынын есептейтін болады. Егер кіріс пен шығыстың алшақтығы белгіленген шамадан асып кетсе, ондай адамға несие берілмейді. Мәселен төрт адамнан тұратын отбасында отағасы айына 150 мың теңге табады делік. Ересектер үшін күнкөріс деңгейі 31 мың теңгеден сәл асады. Әр балаға – осы соманың жартысы. 93 мың теңгеден асатын бұл санға үйдің коммуналдық төлемдері, тамақ пен киім-кешек секілді қажеттерге жұмсалатын шығындарды қосқанда шамамен басы артық 37 мың теңге таза кіріс қалады делік. Демек, бұл отбасы ай сайынғы төлемі осы сомадан аспайтын несиеге ғана өтініш бере алады. Ал егер жалдамалы пәтерде тұрса, мұндай табыспен несие алуы неғайбыл дей беріңіз. Жұмыссыздар мен ай сайынғы табысын ресми түрде дәлелдей алмайтындарға банктер несие бермейді. Бұл дегеніңіз, кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр деп есептелетін 2 млн-нан астам азамат үшін банктердің есебі жабылады деген сөз. Бұрын қарыз алып қайтармағандар, яғни «қара тізімдегілер» банктің босағасынан аттай алмайды.
Ұлттық банктің әдістеме және қаржы ұйымдарын реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың сөзінше, «борышкердің мүмкіндігін бағалау үшін, табысы отбасы мүшелеріне бөлініп, оның жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен болмауы қатаң қадағаланатын болады». Ұлттық банк кепілсіз, тұтынушылық несиелерін беру шарттарын да қатаңдатпақ. Бұл жағынан банктердің жеке капиталына қатысты талаптар күшейтіледі. Одан бөлек, борышкер несие төлеу мерзімін 90 күннен артық кешіктірсе, оның мойнына айыппұл мен өсімақы салуға, тағы басқа комиссия түрлерін артуға тыйым салынады.
Осы орайда банк алдындағы қарызының бір бөлігін мемлекет кешіргендердің де жағдайы дүдәмал болып тұр. Биыл жазда өткен несие амнистиясы барысында үкімет өзі белгілеген 6 әлеуметтік санатқа жататын азаматтардың борышының бір бөлігін өтеп берді. Дегенмен, осы көмекке зәру болғандардың кейбірі аяқ асты жомарт мінез танытқан үкіметтің бұл мырзалығынан да құр қалдық дейді. «Аспаннан киіз жауса, құлға ұлтарақ тимейдінің» кері, шын мұқтаждардан гөрі, тұрмысы түзулердің несиесі кешірілді дейтіндер де бар. Алақан жайып көмек сұрамаса да, өзінің қарызсыз өтеп жүрген несиесін мемлекет жауып тастағандар да ертең несие ала алмай қаламыз ба деп уайымдап отыр. Расында да, ертең «сенімсіз борышкерлер» тізіміне ілініп кетпесіне кім кепіл? Ұлттық банктің жаңа ойын ережесі банктерге де ұнамай отыр. Себебі түсінікті. Пайыздық сыйақының пайдасын көріп үйреніп қалғандардың қолынан майлы жілікті тартып алса, бұл кімге ұнасын?
Жаңа ереженің салдары қандай?
Жаңа ереже онлайн қарыз беретін пысықайлардың оң жамбасына келетін секілді. Себебі жалғыз төлқұжатпен-ақ шағын сомаға несие рәсімдейтін ұйымдардың қызметін Ұлттық банк реттеуге қауқарсыз. Заң солай. Банктен несие ала алмағандар амалсыздан осындай ұйымдарға ұрынары анық. Себебі айлығы шайлығынан аспайтын тұрғындар қарыз қамытын киюге мәжбүр. Ал онлайн қарыздың қамыты оңай емес. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» болған соң мұндай ұйымдар білгенін істеуде. Тіпті шағын несиенің пайыздық мөлшерлемесі 700 пайызға дейін жеткен жағдайлар да бар. Онлайн қарызға белшесінен батып, ойрандалып жатқан отбасылар қаншама? Ал олардың қызметін Ұлттық банк НЕГЕ бақылай алмайды? Ойына келген ойын ережесімен жұмыс істейтін онлайн несие беретін ұйымдардың мәселесі парламент қабырғасында сан мәрте көтерілсе де, үкімет оларды тыйып тастауға НЕГЕ құлықсыз? Ресейде онлайн қарыздың кесірінен қайғылы жағдайлар көбейіп кеткен соң, көрші елдің билігі ондайлардың қызметіне қатаң түрде тыйым салды.
Ал әзірге Қазақстанда биылдың өзінде несиелендіру қарқыны 22 пайызға өскен. Халыққа таратылған несиенің жалпы сомасы 6 трлн теңгеден асады. Оның жартысынан көбі кепілсіз берілген. Қараша айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тағы 57 мың борышкердің банк алдындағы борышы кешірілетінін мәлімдеді. Қарызға өмір сүріп жатқандарға енді қайтіп несие берілмесе, нендей күйге тап боламыз? «Қысылғанды қымыз шығарады» дегендей, амалы қалмаған халық өсімқорларға кіріптар болудан басқа жол табарына көзіміз жетпейді. Ал үкімет жаңа ойын ережесінің салдарларын жеңілдетудің амалын таба ала ма?
Әділ Ұзақбай