«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан
Жәбір көрген қыз ауыр халде жансақтау бөліміне түскен.
Астана, NEGE. Telegram-дағы Egovpress арнасының жазуынша, Таразда 9-сыныпта оқитын қызды көшеде жеті қыз жабылып соққыға жыққан.
Қыздың анасының айтуынша, шабуыл жасаған қыздар кастет қолданған. Қыз ауыр жарақат алып, екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Соққыдан кейін ол өздігінен жүре алмай, мүгедектер арбасына таңылған.
Бұған қоса анасы оқиғаның бейнежазбаға түсіп қалғанына қарамастан, күдіктілердің әлі де бостандықта жүргенін, төбелеске қатысқан қыздардың туыстары жәбірленуші тарапқа қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Төбелеске қатысқан барлық қыз анықталып, полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды», – деп хабарлады полицейлер.
Сондай-ақ, жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Нәтижесінде төбелеске қатысқан қыздар профилактикалық есепке қойылды.
Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.