Астана мен Алматыда пәтер бағасының өсуіне не әсер етеді?
Астанада Есілдің сол жағалауында орналасқан, төбесі биік пәтерлер қымбатырақ бағаланса, Алматыда баспана бағасына тұрғын үйдің Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасуы айтарлықтай әсер етеді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында айтылған.
Орталық банктің Krisha.kz деректері негізінде жүргізілген зерттеуіне сүйенсек, Астанада пәтер бағасына орналасқан ауданның беделі әсер етеді екен.
– пәтердің Есіл өзенінің сол жағалауында орналасуы бір шаршы метр бағасын орта есеппен 11,3%-ға арттырады;
– жағалауға жақын орналасуы (1 км радиуста) бағаны 10,4%-ға өсіреді;
– саябақтардан 1 км-ден астам қашықта орналасуы бағаны 10,5%-ға төмендетеді.
«Қосымша баға үстемесіне ірі сауда-ойын-сауық орталықтарына жақын орналасуы себеп болады», – делінген зерттеуде.
Сондай-ақ, орналасқан аумағынан бөлек, елордадағы пәтер құнын белгілеуде нысанның сипаттамасы да маңызды рөл атқарады:
– монолитті үйлер панельді үйлермен салыстырғанда 11,8%-ға қымбат;
– пәтер ішінің биіктігі әр метрге артқан сайын баға 59,2%-ға өседі;
– жатақхана типіндегі үй болуы бағаны 13%-ға төмендетеді;
– құрылысы 2026-2028 жылдарға жоспарланған ғимараттардағы пәтерлер құрылысы аяқталған нысандарға қарағанда орта есеппен 15,7%-ға арзан;
– пәтердің соңғы қабатта орналасуы бағаны 6,2%-ға, бірінші қабатта орналасуы 4,8%-ға төмендетеді.
Монолитті ғимараттарға сұраныс жоғары болғанымен, мұндай пәтерлер тозуына байланысты жылына 1,43% арзандайды екен, ал кірпіш ғимараттардың бағасы жылына 0,38%, панельден салынған ғимараттардың бағасы 0,23% төмендейді.
Алматыда пәтер бағасына орналасқан ауданы айтарлықтай әсер етеді:
– оңтүстік мегаполисте Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан пәтерлер орта есеппен 20,6%-ға қымбат;
– метро станциясынан 2 км-ден астам қашықтықта орналасу бағаны 6,2%-ға төмендетеді.
Алматыдағы пәтерлердің бағасына нысан сипаттамасы айтарлықтай әсер ете қоймайды екен. Дегенмен:
– төбесінің биіктігі әр метрге артқан сайын баға 31,2%-ға арттырады;
– кірпіш үйлер орта есеппен 4,7%-ға қымбат;
– монолитті үйлер панельді үйлермен салыстырғанда 3,2%-ға қымбат;
– пәтердің соңғы қабатта орналасуы бағаны 4,8%-ға, бірінші қабатта орналасуы 2,5%-ға төмендетеді;
– бұрын жатақхана болған үйлерде баға 2,8%-ға төмен;
– 2026- 2028 жылдары аяқталуы жоспарланған пәтерлердің құны аяқталған тұрғын үйден орташа есеппен 11,6%-ға арзан.
Панельді үйлер жыл сайын шамамен 0,17% құнын жоғалтса, монолитті үйлер – 0,46%.
«Жалпы алғанда, нәтижелер ірі қалалардың тұрғын үй нарығындағы баға айырмашылықтары негізінен локациялық артықшылықтар мен жылжымайтын мүлік нысандарының сапалық сипаттамалары арқылы қалыптасатынын көрсетеді.
Бұл нарықтың ең тартымды сегменттері мен локацияларында инвестициялық белсенділіктің шоғырланғанын көрсетеді», – деген қорытынды жасайды сарапшылар.
Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй инвестицияларының жалпы көлеміндегі екі ірі қаланың жиынтық үлесі 38,6%-ға жеткен.