Депуттар портреті. Қарақат Әбден. «Purity culture»
NEGE редакциясы ел назарындағы «халық қалаулыларының» саяси портретін сипаттауды жалғастырады.
Алматы, NEGE. Біздің шолуымыздың кезекті кейіпкері – депутат Қарақат Әбден. Көпшілікке ол, ең алдымен, президент сайлауына түскен кандидат ретінде таныс. Сол науқан оның саясаттағы танымалдылығын арттырды десек те болады.
Депутаттың президенттік сайлауға дейінгі атқарған қызметіне көз жүгіртейік. Қарақат Әбденнің жобалары көбіне патриоттық атаумен жарыққа шығып, резонанс тудырудан алдына жан салмайтын. Ол Астана мәслихатының депутаты атанып, сол кезден-ақ «Қазақ қызы» мәдени-тәрбие институтын құрды. 2019 жылы «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!» атты кітабын шығарып, өз жобаларына жұрт назарын тағы да аудартты.
«Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!»
Ұлттық құндылықты ұранына айналдырған депутаттың бұл кітабы не жайында екенін көзі қарақты оқырман атауынан-ақ түсініп отырған болар. Кітаптың ішінде жас қыздарға арналған 160 лайфхак топтастырылған. Қарақат Әбденнің айтуынша, ол кітабында жаһандану мен заманауи трендтерге қарамастан әр адамның ұлттық болмысы болуы керек екенін көрсеткісі келген. Елдің алғысын арқалаймын деп ойласа керек, алайда кітап шыққан бойда ол белсенділер мен феминистердің сынының астында қалды.
- Тақырыпқа орай: Қарақат Әбден қазақ қызына НЕГЕ шүйлікті?
Қоғам белсенділері кітаптағы кейбір дәйексөздерді сексистік әрі әйелдің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайды деп бағалады. Мысалы, кітапта: «Сенің пәк болғаныңды біліп, таңдаған адамың сені бағалап, оны күткенің үшін саған іштей алғыс айтады. Ол қызға болашақ жары ретінде қарайды, сондықтан қыздың пәк болғанын қалайды» деген мазмұндағы пікір келтірілген. Қыздың «пәктігі» сөз болған тұста белсенділердің дүрсілкінері анық. Өйткені ол – әркімнің жеке шаруасы, жабық тақырып.
«Қыздықты сақтау керек пе, жоқ па?» деген сұрақтың жауабына автор бірнеше кеңес айтады. Бір парасы төмендегідей:
Лайфхак 14. Білесің бе, секссіз де өмір тамаша. Егер ол сені сүйсе, міндетті түрде күтеді. Тұңғыш еркекті таңдағанда мұқият бол. Ол сенің жалғызың болып қалуы өте маңызды.
Лайфхак 16. Мұндай қадамға бармас бұрын интимдік жақындасу жайлы ойлан. Мұқият ойлан.
Соңғы лайфхакқа қатысты депутаттың «пәтуасы» мынадай: «Әрине, соңғы шешімді өзің қабылдайсың. Бірақ секске жоламай, шыдау арқылы көптеген қателіктерден қашуға болады. Бір жағынан, жігітіңнің шыдамдылығын тексеріп аласың».
Тақырыпқа орай: «Бұл – шалалық»: Депутат Қарақат Әбденнің «ПӘКТІГІНЕ» танымал феминист күмән келтіреді
Қоғам белсенділері бұл кітапты «қыздарды еркектерден төмен қоятын кезекті туынды» деп тапты.
Ерлермен қатар президенттік сайлауға үміткер атанған тұста, журналистер «Қарақат Әбденнің кітаптағы көзқарастары оның мемлекет басшысы болуға ұмтылуына қайшы келмей ме?» деп сұрады. Қарақат Әбден өз сөзінде қазақ қыздары табиғатынан феминист екенін, әрдайым еркекпен тең болғанын айтып, кітап арқылы қыздарға қорықпауға және жеңіске сенуге шақырғанын түсіндірді.
«Әрине, мен феминизмді қолдаймын, және менің осында тұрғаным да феминизмнің арқасы», – деген еді Қарақат Әбден.
Қарақат Әбденнің журналистпен текетіресі
Журналист, әрі белсенді Фариза Оспан осы тұста Қарақат Әбденнен «Қазақ қызы» институтына бөлінген қаражаттың есеп-қисабын сұраған болатын. Бұл мекеме жайлы, ол жерде қыздарға нені үйрететіні жайлы түрлі жорамалдар бар. Алайда депутаттың айтуынша, институттың басты мақсаты – қыздарды тек болашақ ана немесе жар ретінде емес, ең алдымен жеке тұлға ретінде қалыптастыру.
Белсендінің дерегінше, 2016–2019 жылдары институтқа әр жылы 17–121 млн теңге аралығында қаржы бөлінген, ал үкіметтік емес ұйыммен жасалған келісімшарттар сомасы 197 млн теңгеден асқан.
Журналист барлық ақпаратты мемлекеттік сатып алу порталынан алған. Ол қаржының қалай жұмсалғанын, қанша қыз білім алғанын және қандай нәтижеге жеткенін сұрады.
«Мені оның бастамасымен құрылған қыздар институты қызықтырды. 4 жылдың ішінде мемлекет бюджетінен 200 млн теңге бөлініпті. Қыруар ақшаның қайда жұмсалғанын білу үшін депутатты бетпе-бет кездесуге шақырдым. Одан бөлек, қояр сұрақтарым да жетерлік еді. Мәселен, кітаптың атауы – «Сен қазақтың қызысың. Мақтан ет!». Біздің елде өзге де ұлт өкілдері тұрады. Сонда олар қазақ қызы болмағаны үшін ғана мақтана алмай ма? Бұл кітап әйелдердің құқығын шектейді. Белсенді феминист ретінде менің шамыма тиді», – деген еді Фариза Оспан Nege тілшісіне берген сұхбатында.
Депутат Әбден бастапқыда журналиспен жеке кездесуге келіскен-ді. Кейін оның түрлі себептермен кездесуден бас тартқаны белгілі болды. Кездеспесе де, өз парақшасында институт қызметін түсіндірумен әлек болды. Дегенмен, Әбденнің түсіндірмелері халық арасында қолдау тапқан жоқ.
Осы аралықта журналист Фариза Оспанның телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып, Қарақат Әбденге қатысты жазбаларды әлеуметтік желіден алып тастауды талап еткен. Талап орындалмаса, заңнан тыс әрекет ететінін жеткізген. Журналист өзіне қоқан-лоқы жасаған адамның кім екенін білмек болып Getcontact арқылы тексеріп көреді. Ол жерде байланыс нөмірге қатысты «Президент күзет қызметі» деген ақпар шыққан.
«Сауыншы» кандидат
Хош, осылайша, «қазақ қыздарының қамын ойлаған» Қарақат Әбден, 2022 жылы президенттікке үміткерлердің қатарынан бірақ шығады. Әбденнің сайлауалды бағдарламасы әлеуметтік мәселелер мен отбасылық құндылықтарға басымдық берді.
Отбасылық құндылық демекші, оның сайлауалды бағдарламасында да қыз тағдыры қозғалды. Мәселен, оның Қазақстан президенттігіне кандидаттардың арасында өткен теледебат кезіндегі мәлімдемесі қоғамның қызу талқысына ұшырады. Қарақат Әбден шетелдіктерге тұрмысқа шығатын қыздарға үлкен салық салуды ұсынды.
«Егер қыз тұрмысқа шыққысы келсе, мен не айта аламын? Бақытты болсын! Бірақ қазір есеппен үйленетін жастар көп. Біз дәстүрді сақтау тұрғысынан қарауымыз керек. Біздің қыздар – біздің құндылығымыз. Мен шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққысы келетіндерге үлкен салық салуды ұсынамын. Содан кейін қыздар мен олардың ата-аналары ойланатын шығар», – деді Әбден.
Сайлауға түсіп жатқан тұста Қарақат Әбденнің басы тағы да дауға ілікті. Журналист Гүлбану Әбенова жариялаған электрондық төлем бойынша, президенттікке кандидат Қарақат Әбден «Нұр-Бөбек» жеке балабақшасының атынан жаңа пәтеріне 3,7 млн теңгеге джакузи сатып алған болып шықты. Журналист Гүлбану Әбенова хабарлағандай, Әбден 2022 жылдың басында балабақшаға мемлекеттік бюджеттен шамамен 92 млн теңге алған екен. Журналист мұның барлығын Facebook парақшасында дәлелмен жариялады.

Қайда жүрсе де қазақ қызының тағдырына бей-жай қарай алмайтын Қарақат Әбден өзінің де үй шаруасына икемді екенін көрсетіп қалды. Президенттікке кандидат бола жүріп, Семей маңындағы өндірістік кооперативтердің бірінде бие сауып, көзге түсті. «Ұлылар мекені Абай облысына келіп, балалық шағымды есіме алдым» деп жазды ол.
Ол сайлау алдында бие сауып қана қойған жоқ, өзінің ат құлағында ойнап, жүйіткіте шаба білетінін де дәлелдеді. Қарақат Әбден үгіт-насихат жүргізу бейнежазбасында атқа мінген сәтін көрсетіп, бір мақтанып өтті.
«Біз – бақытты халықпыз, өйткені бізде шексіз дала мен биік таулар бар. Біздің міндетіміз – осы байлықтарды келесі ұрпаққа жеткізу. Қазақ әйелдері – ерлер мен халық тағдырын шешетін басты тұлға. Қазақ әйелдері – өз халқының айнасы», – деді Қарақат Әбден.
Бие сауып, ат құлағында ойнаған Қарақат Әбден сайлаушылардың небәрі 2,6% дауысын жинап, сайлау қорытындысы бойынша үшінші орынға тұрақтады.
Қарақат Әбденнің депутаттық мансабы
Қарақат Әбден Қазақстандағы тұңғыш әйел президент бола алмаса да, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан депутаттық мандатқа ие болып, мәжілісвумен атанып шыға келді. Депутаттық мансабында да қыз тағдырын тыс қалдырмас деп үміттенген халық оның отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін жиі көтереді деп үміттенді. Әйтеуір, депутат 2024 жылды «Зорлық-зомбылыққа қарсы жыл» деп жариялауды ұсынды.
Сайлау алды бағдарламасында шетелдіктермен некеге тұрған қыздарға салық салу мәселесін көтерген Мәжіліс депутаты бұл бастамасынан бас тартпағанын айтты.
«Мен бір ғана нәрсені айта аламын: мен көтерген барлық идея, айналысқан мәселелерім алдағы қызметімде жалғасын табады. Сіздер айтып отырған ұсынысты әлі де тарқатып, қалай жүзеге асатынын түсіндіру керек. Неге болмасын? Әрине, мүмкін!» – деді ол журналистердің сұрағына берген жауабында.
Осыдан кейін Қарақат Әбденді депутаттық мандатынан айыру туралы сөз қозғала бастады. Петицияны қоғам белсендісі Дина Таңсәрі жариялады.
Белсендінің айтуынша, депутат конституциялық нормаларды бұзып, сайлаушылардың сенімін жоғалтты. Десе де, Қарақат Әбден парламенттегі орнын сақтап қалды. Бірақ ол Мәжіліс мінберінде бұл мәселені енді көтермеді. Кейіннен депутат бұл сөзді президенттік сайлау науқаны кезінде қысқа лозунг ретінде айтқанын атап өтті.
Ол Мәжілісте сексистік тіркестерге қарсылық танытып, премьер-министрден үкіметтегі жетекші лауазымдардың жартысын әйелдерге беруін талап етті.
«Қазақстандық әйелдердің саясатта да, экономикада да тең өкілеттілікке қол жеткізуге ұмтылуымыз қажет. Әділдік үшін тағы айтамын: алдымен 30%-ға жетіп, кейін 50%-ға ұмтылуымыз керек», – деді ол.
Қарақат Әбден әйелдердің жұмыс күнін қысқарту және түрмеде отырған әйелдерге амнистия жариялау туралы мәселелерді көтеріп, көпшіліктің есінде қалды.
Қыздарға қатысты мәселе туындай қалса, «шыр» ете түсетін депутатты бренд заттардың жалған көшірмесі көбейіп кеткені қатты қынжылтқан сыңайлы. Мәжіліс депутаты әлеуметтік желілерде жасанды тауарлардың белсенді сатылып жатқанына назар аудартты. Қарақат Әбденнің айтуынша, жалған тауар сатушылар танымал брендтердің атын ашық пайдаланып, сатып алушыларға миллиондаған қаржыны үнемдеуге уәде береді. Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдар тарапынан тиісті реакцияның жоқтығына назар аударып, бұл салада бақылауды күшейтуді сұраған.
Жақында ол өзінің жақсы сауыншы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жолы ол бие емес, сиыр сауды.
Bizdin Auyl отбасылық шаруа қожалығына барған депутат кезінде біраз сиыр сауғанын айтып, сауыншылық өнерін тағы да дүйім жұртқа паш етті.
«Бәріміз ауылдан шыққанбыз, ауылдың топырағынан нәр алып, еңбек етіп адам болдық! Сиыр сауып бір рахаттанып қалдым! Нағыз релакс осы емес пе?!» – деп жазды депутат.
Алайда бұл көрініске желі қолданушылары әртүрлі пікір білдірді. Кейбірі мұндай әрекеттерден гөрі халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесіне көбірек көңіл бөлу керек екенін жазды.
Контекст
1990-жылдары АҚШ-та Purity culture қозғалысы пайда болды. Ол «Тазалық мәдениеті» дегенді білдіреді. Бұл діни қозғалыс некеге дейінгі жыныстық қатынасты құптамайды, пәктікті насихаттайды. Өздерінің осы жолда екенін көрсету үшін тазалық сақинасын тағып жүреді. Осылайша жасөспірімдер мен жастар некеге дейін жыныстық қатынастан бас тартуға уәде етеді. Қозғалыстың басты мақсаты – пәктігіңді заңды некеге дейін сақтау, өзіңді тек отбасылық қарым-қатынасқа арнау.