«Ұлттық киноны қайта жандандыратын кез келді» – Актер Шыңғыс Қапин
Шыңғыс Қапин – болмысы бөлек актер. Ныспысы қазақ болғанымен, оның бет-әлпетіне қарап, сырттай тон пішетіндер көп. Ал Әсел Сағатовамен бірге жүргенін көргенде әркім әрқандай жорамал айтады. Десе де сымбаты келіскен актер НЕГЕ сүрбойдақ? Тілшіміз «ARTиШоктан» атағы аспандаған актерді қазақ аудиториясына жақын таныстыруға тырысты.
– Шыңғыс, төлқұжатыңызда ұлтыңыз көрсетілмеген екен. Мұның себебін білуге бола ма?
– Өйткені төлқұжат үстелінде менен ешкім ұлтымды сұрамады, содан жазылмады.
– Дегенмен, сіздің түр-сипатыңызға қарап шыққан тегіңізге қызығушылық танытатындар көп. Өскен ортаңызды таныстырып өтсеңіз.
– Анам Ақтөбенің тумасы, бірақ Атырауда өсті. Ал әкем Қызылорданың Аралынан. Екеуі де қазақ. Мен отбасындағы үш баланың үлкенімін, өзімнен кейін қарындасым мен інім бар.
– Желідегі жұрт танымал актриса Әсел Сағатова екеуіңізді әпкелі-інілі деп жатады. Араларызда шынымен туыстық қатынас бар ма?
– Әлеуметтік желі пайда болмай тұрғанда-ақ көпшілік біздің ұқсайтынымызды жиі айтатын. Шындығында біз бар болғаны жақын дос әрі әріптеспіз, ешқандай туыстығымыз жоқ.
– «ARTиШок» сізге не берді?
– Актер үшін театрдың рөлі зор, себебі онда тәжірибе алып, төселеді. Ал «ARTиШок» маған кіші рөлдерден бастап, танымал классикалық туындыларда ойнауыма мүмкіндік беріп, осы салада өзіме деген сенім қалыптастырды. Сондықтан бұл театрды құрған жандарға алғысым шексіз. Кейін келе кино актері болуға қызығушылығым артқандықтан, уақытымды түсірілім алаңында өткізуді құп көрдім. Осыған орай қазіргі таңда театрда тек шақырту бойынша ойнап жүрмін.
– Қазіргі театр көрермендері саяси астары бар спектакльге көп қызығушылық танытуда. Бұл нені білдіреді?
– Иә, ақпараттық технологияның дамығаны сол, бүгінгі таңда адамдар ақпаратты ашық алмасуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, газет-журнал сайттардың қатарына енді ютуб, тикток сияқты желілер қосылды. Бірақ адам осылардың бәрінен өзіне түсініксіз жайттың жауабын таппағанда, оны айналасынан сұрастырып білуге ұмтылады. Кейбір жандар жауапты өнерден іздеуге тырысады. Мысалы, біреулер Абайды оқыса, енді біреулер Шәкәрімді, ал үшінші біреу іздегенін театр қойылымынан табады. Халықтың кез келген жағдайға сыни тұрғыда қарағаны жақсы, себебі одан қорытынды шығарып, дұрыс әрі бұрыс жағын зерделейді. Бірақ театр өзінің көзқарасын ешқашан қоғам санасына тықпаламайды. Тек дұрыс таңдау жасауға жол сілтейді.
Шүкір деймін, біздің үстімізден қорқынышты дрондар мен ракета ұшып жатқан жоқ. Сондықтан тыныш елде өмір сүріп жатқанымыздың қадірін біліп, береке-бірлікке ұйысып, болашақ жолында аянбай жұмыс істеуіміз қажет.
– Әншілердің киноға түсіп жүргенін және жаппай кино түсіріп жатқанын қалай қабылдайсыз?
– Актер иірімі қиын әнді әншідей айта алмайтыны сияқты, әншінің де қиын образға ене алуы екіталай. Сондықтан әр адам өз ісімен айналысқаны жөн деп ойлаймын. Дегенмен, қазір жақсы киносценаристердің азайып кеткендігінен көпшілік кино түсіру арқылы табыс табуға ұмтылады. Бір қарағанда мұның да берері бар. Мысалы, Рүстем Омаровтың командасы қандай мықты. Әсіресе «Патруль» атты сериалы кассалық туынды болды. Алда одан да мықты кинолар түсіреді деген сенімім бар. Бірақ коммерциялық кино түсіргеннің тағы бір осал тұсы бар. Ол – жалпының сұранысын қанағаттандыру. Қазіргі таңда жеңіл фильмдердің танымалдығының артуы содан ба деп ойлаймын.
– ВГИК-тің түлегісіз, кәсіби актерсіз. Осы ретте айтыңызшы, «Қазақфильмнің» жұмысын қалай жандандырса болады?
– Әрине, ұлтық киноның төңірегінде тапшылық бары рас. Себебі ол мекемедегі басшылық жиі ауысады. Біздің кино саласындағы шебер тұлғалар, яғни аға буын өкілдері білген-түйгенін жастармен бөлісіп, жол көрсетсе, қазақ киносының тасы өрге домалар еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Жастарға сенім артып, ұлттық киноны қайта жандандыратын кез келді. Осы ретте «Қазақфильмде» ауқымды алаң, қажетті студия, пафильондары да жеткілікті. Қазір соның бәрі қаңырап тұрған сияқты. Жаңа басшылық келіп, енді жұмыс істей бастағанда жыл отырмай орынын босатады. Себебі, жұмыс істеуге мұрша бермейді.
– Жалпы біздің елде танымал болу үшін таланттан өзге тағы не керек: таныс, әдемі келбет әлде ақша?
– Қазіргі уақытта қолыңдағы телефонмен-ақ қызықты контент түсіріп, танымал болуға мүмкіндік бар. Ал егер халық мойындасын десең, өзіңді сол салаға толықтай арнап, ерекше дүние жасауға тиіссің. Дегенмен, елде жоқ дүние ойлап табу өте қиын, көпшілік бірінен-бірі қайталайды. Егер елдің ықыласына бөлену жолында аянбасаң, еңбегің түбі еленеді. Әрине бұл ретте ақшаның да, таныстың да алатын рөлі бар. Себебі, бәрі бір-бірімен байланысты. Коммуникацияның да алар орыны ерекше. Дер кезінде керек жерден табылуға тиіссің.
– Қуанып тұрған кезде жылаған кейіпкерді, күйініп тұрған сәтте көңілді образды сомдауға тура келеді ғой. Мұндайда ішкі күйіңізді қалай тізгіндейсіз?
– Иә, образдауға тиіс рөлім ішкі жан-дүниеммен үйлеспей қалатын кез жиі болады. Егер кәсіби маман болсаң, ондай жағдайда тығырықтан оңай шығасың. «Менің жұмысыма көңіл-күйім әсер етпейді» деп қарауға тырысамын. Бұл, әрине, оңай емес. Актерлердің өмірінде түрлі жағдай болады. Жақынынан айырылғанын естісе де, сахнаға шығуына тура келген жандар бар. Оның суреткерлігі сол, алдындағы көрермен жан күйзелісін мүлде сезбеуі мүмкін. Актердің өзге мамандықтан ерекшелігі де осында. Біз бетпердемен жүреміз, ешқашан өз-өзімізді ойнамаймыз.
– Сіздей сымбатты жігіттің сүрбойдақ жүруіне не себеп?
– Осы уақытқа дейін карьерамды қалыптастырып алайын деп жеке бастың жайына мән бермедім. Бүгінгі таңда болашақ жарымды іздестіру үстіндемін. Тіпті Қазақстаннан өзге де елден де қарастырып, жар іздеу жолын кеңейттім.
– Жалпы қандай қыздар ұнайды: қаланың ба, әле ауылда өскен бе?
– «Жүрекке әмір жүрейді» дейді ғой. Өйткені өз достарыма қарасам, бірінің әйелі биязы қырдың қызы болса, енді бірінің жұбайы өзін-өзі қалыптастырған қаланың аруы. Олардың өскен ортасы әртүлі болғанымен, бір-бірін сүйгендіктен, отбасында түсіністік бар. Сондықтан болашақ жарым мынадай адам болу керек деп айта алмаймын. Бірақ шынайы боларына сенемін.