Таулы Қарабақ: Армян билігі Тұранды НЕГЕ қауіп көреді?
Әзірбайжан әскері Таулы Қарабақтағы Шуша қаласының іргесіне жетті. Мұны өткен аптада әлі ешкім мойындамаған «Таулы Қарабақ республикасының» президенті Араик Арутунян айтты. Ол Армения мен шетелдегі армян диаспорасынан «тағдыры қыл үстінде тұрған» қала мен Таулы Қарабаққа шұғыл қолұшын созуды сұрап, арнайы үндеу жолдады.
Шуша – Арцах (Таулы Қарабақты армяндар осылай атайды) үшін стратегиялық һәм психологиялық маңызға ие қала. Әзірбайжандар үшін оның тарихи-мәдени құндылығы жоғары. Әзірбайжанның ұлттық тарихи мұражайында осы бекініс-қаланың қақпасының кілті сақтаулы. Демек, Шушаны келіп алғаны – оның бекінісіне үміт артқан армян билігінің шошып қалғаны болмақ.
Бұдан бөлек әзірбайжан әскері қазір Лашын қаласы үшін де кескілескен ұрыс жүргізуде. Өйткені Лашын дәлізі – Таулы Қарабақ пен Арменияны жалғайтын, Ереванның Таулы Қарабақты бар қажетімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз жол. Лашынның өзі әзірбайжанның 90-жылдары армяндар күшпен басып алған 7 ауданының бірінің орталығы.
Бұл жерден Арменияның ресми шекарасына дейін небәрі 20 шақырым. Дәл осы тұста Ресей туы желбіреп тұрғанын түсірген бейнежазба тарағаны белгілі. Кейінірек Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Армения аумағында ресейлік шекарашылардың барын растады.
Айтуынша, оған таңқалатын түгі жоқ: ресейліктер бұрын да армяндардың Иран және Түркиямен шекарасын күзетіп келіпті. Таулы Қарабақтағы қақтығыс шиеленсікен соң олар «қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін» ел ішін аралап кеткен-міс.
Дәл қазір Армения мен ресми Ереван қиын жағдайда қалып отыр. Лашын дәлізі жабылса, Қарабақтағы сепаратистерге оқ-дәрі, азық-түлік жеткізу мүлде қиындап кетеді. Әзірбайжан әскері Шуша қаласын азат еткен жағдайда, бұл стратегиялық жағынан да, психологиялық тұрғыда да армяндарға ауыр соққы болмақ. Оның үстіне Шушадан айырылу Таулы Қарабақтың «астанасы» – Степанакерткке қарай жол ашып берумен бірдей. Сол себепті төңірегіндегі бар көршісімен араз армян елінің билігі қазір жер жаһаннан жанұшыра жәрдем іздеуде. Бірінші кезекте, әрине, медет іздеп Мәскеуге мәймөңкелейді.
Кезінде Таулы Қарабақты әзірбайжандардан тартып алуға көмектескен Ресейдің қазіргі билігі бұл қақтығысқа араласқысы келмейтінін бірнеше мәрте мәлімдеді. Ереван қайта-қайта тарихи да, әскери де одақтасы екенін есіне салғанымен, президент В.Путиннен бастап, Ресейдің жоғарғы билігінің бірнеше өкілі «Ресей одақтасының алдындағы міндеттемесін ұмытпайтынын, бірақ дәл қазір қарулы қақтығыс Арменияның аумағынан тыс жерде» жүріп жатқанын жария етті.
Халықаралық құқық, БҰҰ-ның шешімі де Әзірбайжан жағында. Амалы таусылған армян билігі енді Әзірбайжанның өз жерін азат ету соғысын Еуропа мен Мәскеуге берісі – Түркияның Ресейдің бүйіріне қанжар тақауы, арысы – Ердоғанның Осман империясын жандардыру, христиан әлеміне қарсы соғысы, тіпті түркілердің Тұран идеясының төңірегінде топтасу саясаты ретінде көрсетуге барын салуда. Соңғысы – Қазақстанға да жанама әсер ететін әрекет.
Пантүркілікті, Тұран идеясын еуроцентристермен бірге империялық аурудан айыға алмаған Ресейдің шовинистік топтары да әзірейілдей қабылдайды. Ереванның да көздегені осы. Еуропа мен Ресейдің билігіне «түріктер бірігіп жатыр», «іргеңе қарулы жасағымен жақындап келді» деген үрейлі ойды тықпалауда. Онысы жартылай болса да әсерін беріп жатыр. Франция, Ұлыбритания секілді бірқатар еуропалық мемлекеттің, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданың билігі Әзірбайжан мен Түркияға әзірге сыпайылап қысым көрсетуге көшті. Бұл елдердің ақпарат құралдарында Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарулы қақтығыста әзірбайжандарды кінәлау басым екені байқалады.
Ресейдің мемлекеттік телеарналарындағы басты ақпараттық-сараптама бағдарламалары, танымал медиатұлғалары, Кремльдің рупорына айналған саясаткерлері Таулы Қарабақтағы қақтығыстың астарынан тұраншылдық пен түркілік тұтастыққа деген талпынысты іздеуге көшті.
Әзірге «екі шоқып, бір қарап» мысықтабандап, алыстан орағытқанымен, түпкі ниеттері менмұндалайды. Ол – түркілердің бірігуін әлем үшін қауіпті зұлым күш ретінде көрсету.
Әзірбайжан мен оны қолдап отырған Түркияны тоқтатпаса, одан арғы жағдай Ресейдің ұлттық мүддесіне қатер төндіруі ықтимал деген ойды ашықтан ашық мәлімдеуде. Сол себепті ресми түрде әскери көмек беруден бас тартса да, Ресейдің Арменияға астыртын қару беріп, қолдау көрсетіп отырғанын бәрі іштей біледі. Әзірбайжан президенті Таулы Қарабақта жалпы құны 2,6 млрд болатын қару-жарақты жойғанын немесе қолға түсіргенін жария етті.
«..300 қаралы танк, ондаған С-300 ЗЗК, оның бәрі қайдан келген? Ондай қару кедей елде қайдан болсын? Мұның бәрін Армения тегін алып отыр...» деп мәлімдеген Әзірбайжан президенті Әлиевтің кімді, қай тұсты меңзегенін көзіқарақты жан түсінді.
Әзірге Әзірбайжан тез арада Таулы Қарабақты армяндар басқыншылығынан азат ету жоспарын іске асыра алмады. Оған кедергі себептердің бірін жоғарыда айттық. Жедел қимылдамаса, Ереван еуропалық билеушілердің құлағына түрпідей тиетін «түркі идеясына» негізгі геосаяси ойыншыларды иландырып, Қарабақтағы қақтығысты екі елдің арасындағы деңгейден халықаралық дәрежеге көтеруі мүмкін екенін де Баку түсінеді деп ойлаймыз.
Әрине, түркі халықтарының бірігуі туралы Тұран идеясы түркітілдес елдердің қолайына жағады. Бірақ дәл қазір оған Түркиядан өзге түркі елдерінің қай жағынан алғанда да дайын еместігі белгілі. Бірақ «жоқты – бардай, барды – құдай ұрғандай» етіп көрсету – соғыстың көне тәсілі.
Әзірге түйетін жалғыз ой мынау: Түркі елдерінің бірігуі Батыс пен Ресей үшін ұйқысынан шошытып оятатын құбыжық құбылыс іспеттес...