Тәуелсіздік қанша тұрады?

Беларусь президенті Александр Лукашенко екі оттың ортасында қалды. Бір жағында – Беларусь тәуелсіздігін сақтауды талап етіп отырған өз халқы. Екінші жағында – бодандық қамытын қолына қысып, «бол да болдың» астына алған Ресей.  «Біз кез келген мемлекеттің, тіпті, бауырлас Ресейдің де құрамына кіруге ұмтылған жоқпыз, ұмтылмаймыз да», – деп, Беларусь президенті Александр Лукашенко басу айтқанымен, жұртшылықтың оның сөзіне сенбейтіні байқалады. Бірқатар қоғам қайраткерлері мен оппозиция өкілдері халықты алаңға шығып, тәуелсіздікті қорғап қалуға ашық шақырып отыр.

Тіпті, олар «Екі басты жыртқыш құстың тырнағынан ажыратып алуға» қоғамдық қауымдастықтан араша сұраған. Осы мәлімдеменің астына Тәуелсіз Беларусьтің бірінші басшысы Станислав Шушкевич, оппозициялық көшбасшылары Павел Северинец, Григорий Костусев, парламенттің бұрынғы депутаты Алена Анисим, Беларусь Халық Республикасының қуғындағы үкіметінің басшысы Ивонка Сурвила да қол қойған.

Жалпы, Беларусь тілі, діні, ділі бір қандас, бауырлас халық деп орыстарға, Ресейге оң көзбен қарайтын ел. Десе де, қанша жерден жақсы көрсе де, жекеменшік пәтерін ағасының атына аударып, жазып беруге мүлде дайын емес. Сондықтан да болар, «Беларусь тәуелсіздігі саудаға салынбайды» деген ұрандар жиі көтеріліп, Ресейге қарсы көңіл-күй күшейіп барады.

Бүгін Лукашенко Путинмен Сочиде кездеспек. Сонда «Ресей басшысымен қатқыл әңгімелесемін» деп Беларусь парламентіне уәде берді. Ресейдің талабы бойынша, Беларусь пен Ресейдің одақтас мемлекет құрғанына 20 жыл толуына орай, 8 желтоқсанда «интеграцияны тереңдету» туралы құжатқа қол қоюы тиіс. Шындығында, бұл құжаттың атауы әдемі болғанымен, іс жүзінде Беларусьті егемендіктен айырудың басы болмақ.

Құжат мәтінін билік қоғамнан жасырып отыр. Бір белгілі жайт –  екі ел ортақ валютаға көшеді деген әңгіме. Аса құпиялылықтың өзі отқа май құйып отыр. Мәселен, интеграция туралы жаңа құжаттарда не жазылғанын ашық білгісі келгендерге Беларусь шенеуніктері «жұмыс аяқталмай жатып қоғамды алаңдататудың қажеті жоқ» деп жауап берген. Бұдан жиырма жыл бұрын да Одақтас мемлекет құрылғанда осылай болған. «Беларусь халқы референдумда Ресеймен бірге болуды қалап, екі мәрте дауыс берді. Мәтінді жария етудің қажеті шамалы» деген-ді беларусь билігі.

Осылайша, Лукашенко Батыстың қысымына шыдамай, Ресейдің қолтығынан пана тапқан. Ол Ресейдің кепілдігімен өз билігінің дәуірін осы уақытқа дейін ұзартып келді. Судың да сұрауы бар. Екі туып, бір қалса да, борыштың қайтарымы бар. Енді, еңбегінің қайтарымына Кремль «интеграцияны тереңдетуді» сұрап отыр.

 «Табиғи газ жеткізу туралы келісім-шарт әлі жоқ, мұндай жағдайда қандай терең интеграция туралы сөз қозғауға болады? Егер біздің тауарларымызға нарықтарын (тұрақты түрде немесе ара-тұра) жауып жатса, бұл қандай бірыңғай экономикалық кеңістік болғаны? Мәселені қатаң түрде көтереміз», – деп, Лукашенко Беларусьтің мүдделеріне зиян келтіретін құжаттарға қол қоймайтынын бірнеше мәрте қайталады. Естеріңізде болса, Беларусь президенті «Мұндай одақ бізге неге керек?» дегенді дөрекі сөздермен де жеткізген болатын.

Бір қызығы, «одақтас мемлекет құрдық» деп жариялаған екі елдің қарым-қатынасы ыдыс-аяғы жиі сылдырайтын, көршілерінің мазасын ұдайы алатын отбасын еске түсіреді. Кремль БАҚ арқылы Беларусь басшысын нысанаға алып, аямай сыбап алса, Минск АҚШ-пен дипломатиялық байланысты қайта жаңғыртуға келіссөз жүргізе бастайды. Десе де, жұдырық түйіп, қанша қатуланса да, Лукашенко екі елдің одағы ешқашан мызғымайды деуден бір жаңылған емес.

Тәуелсіздігіне қатысты күдік шындыққа ұласса, Беларуське ешкімнің қол созбайтыны түсінікті. «Еуропаның соңғы диктаторына» Батыстың жәрдем бере қоюы неғайбыл. Мұны Кремль жақсы біледі. Лукашенко да ақымақ емес. Қаласа да, қаламаса да, Беларусь егемендігі ақыры саудаға салынар болса, ендігі мәселе оның құнына келіп тірелмек. Лукашенкоға тәуелсіздігін пұлдап, нарқын көтеруден басқа амал қалмаған секілді.  Бұл – Беларусь сабағы.

Шадияр Өстемірұлы

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты