Сорға айналған Сорбұлақ: Құлаған тікұшақты НЕГЕ әлі таба алмадық?
25 шілдеде EC‑145 әскери тікұшағы жоспарлы ұшып бара жатып, радардан жоғалып кетті. Іле-шала тікұшақтың Алматы маңындағы әйгілі Сорбұлақ көліне құлап қалғаны белгілі болды. Одан бері он үш күн өтсе де, қоғам әлі «не жағдай болды?», «тікұшақта кімдер болған?», «қашан табылады?», «кім кінәлі?» деген сұрақтарға тұшымды жауап ала алмай отыр.
Сорбұлақтың басында балгер де жүр...
Шантуайтында, Сорбұлақ – өзен не көл емес, техногенді сарқынды су қоймасы. Алматы қаласының кәріз жүйесінен келетін лас су осы жерде жиналады. Қойма суы аса терең болмағанымен, түбі тұнбаға, балшыққа, шөгіндіге толы. Түрлі иірімдері де аз емес. Құтқаруышалдыр айтуынша, су астының ағысы қатты, ештеңе көрінбейді, лайы тығыз.
Әскери басшылықтың айтуынша, сүңгуірлер мен із кесушілер барын салып-ақ жатыр. Су асты камералары мен гидролокаторлардан әзірге пайда болмай тұр. Өйткені қалың тұнбадан ештеңе көрінбейді, ал арнайы техникасыз іздеу – шөп арасынан ине іздегенмен бірдей.
Іздестіру жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің мамандарымен қатар, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрлігінің, басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері тартылған. Жалпы 400-ге жуық адам, 50-ден астам қайық, ROV дрондар, эхолоттар, 10-нан аса су асты техникасы жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар, қосымша қозғалыс құрылғылары мен құрал-жабдықтар жұмылдырылады. Қонаев және Ақтау қаласынан A‑400 әскери ұшағымен транспорттар қажетті жерге жеткізілді. Дегенмен, қай аумақ қанша рет тексерілді, нақты қандай техника қандай нәтиже берді, көлді ағызып жіберуге техникалық мүмкіндік бар ма деген сұрақтарға ресми жауап жоқ.
Әскери әуе күштерінің қолбасшысы Асқар Ізбасовтың сөзіне қарағанда, жоғалған әскерилердің өтінішімен Сорбұлақтың басына имамды шақырып құрбандық шалып, жеті нан таратқан. «Қазанды көлдің ортасына қалқытып жіберіп, «міне, мына жерде» деп көрсеткен тұсты да арнайы эхолоттармен тексердік, бірақ ештеңе табылмады. Бұл да наным-сенім ғой», – депті А.Ізбасов.
Әскери басшылықтың имамдар мен балгерлердің көмегіне жүгіне бастағанына қарап, «шарасы таусылған ба» деген де ой келетіні жасырын емес.
Мұхит жалмаған тағдырлар
2014 жылы 8 наурызда Malaysia Airlines-тың MH370 ұшағы Үнді-Қытай мұхитында жоғалып кетті. Бұл – қазіргі заман авиациясындағы ең құпиялы және аса трагедиялы апаттарының бірі. Бұл апат бойынша халықаралық тергеу тобы құрылып, күн сайын жаңа мәліметтер жарияланды. Іздеу операциясы бірнеше жылға созылып, әлемдік медианың назарында болды.
Іздеу жұмыстары Оңтүстік Қытай теңізінен басталды, бірақ кейін Үнді мұхитына ауысты. Іздеу операциясына 26 ел қатысты, оның ішінде Австралия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және тағы да басқа елдер бар.
Іздеу жұмыстарына халықаралық қауымдастық 160 млн доллардан астам қаржы жұмсады. Алайда ұшақ та, жолаушылардың денесі де табылмады. 2017 жылы «барлық техникалық ресурстар пайдаланылды, бірақ ұшақ табылмады» деп, іздеу тоқтатылды. Осылайша 239 адамның тағдыры жұмбақ боп қалды.
2009 жылдың 1 маусымында Air France әуе компаниясының Рио-де-Жанейродан Парижге бағыт алған AF447 рейсі Атлант мұхитының үстінде радардан жоғалып кетті. Ұшақтағы 228 адамның барлығы қаза тапты, ал апаттың нақты себебі екі жылдан кейін ғана белгілі болды. 2010-2011 жылдары ғана суасты дрондары, гидроакустикалық сканерлер қолданылды. 2011 жылдың мамыр айында ұшақтың қара жәшіктері 3 900 метр тереңдіктен табылды.
Біз мысал еткен апаттардан нені байқаймыз? Жоғалған ұшақты немесе тікұшақты су астынан іздеу – аса қиын әрі шығыны көп процес. Алайда қиын әрі қымбат екен деп адам тағдырына бей-жай қарауға тағы болмайды. Не істемек керек? Мұндай кезде қоғам алдындағы ашықтықтың пайдасы бар. Әскерилер неге жиі-жиі ел алдына шығып, іздеу барысын мәлімдеп отырмайды?
Шетелдік мамандарды тартуға бола ма?
Салыстырмалы түрде қарасақ, Сорбұлақтағы тікұшақ апаты аса ауқымды емес. Айталық, Сорбұлақты Атлант мұхитымен салыстыруға да келмейді. Аумағы 55 шаршы шақырым су қоймасынан тікұшақты іздеу мұнша көп уақыт пен көп ресурсты қажет етпесе керек еді, бірақ бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ең бірінші фактор – тәжірибенің жоқтығы. Өйткені бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан өткерген емеспіз. Екінші фактор – арнайы техника мен тиісті мамандардың тапшылығы. Ал үшіншісі, әскерилер айтқандай, су асты тұнбасының қалыңдығы, су бетіндегі толқын, тағысын-тағылар.
Осындай жағдайда шетелден тәжірибелі мамандарды шақырып, іздеу процесіне неге жұмылдырмасқа? Уақытты босқа өткізбей, су астында іздеу тәжірибесі бар елдердің көмегіне жүгінуге не кедергі?
Іздеу операциясының нәтижесі төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін ведомство үшін ғана емес, әскери саланың жұмысына да сын болғалы тұр. «Алақандай» көлден «үйдей» тікұшақты екі аптадан бері таба алмау – абырой емес. Сол себепті де Сорбұлақтың басына балгерлерді емес, шетелдік тәжірибелі мамандарды шақырған жөн болар.
Көкейдегі сұрақтарды жұптап, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдадық. Жауап көп күттірмейді деп сенеміз.