«Соғыс» кезінде эпидемиологтарды НЕГЕ қаңғытып жіберді?
, пандемия басталғалы 47 миллионнан астам адам вирус жұқтырған.
Еуроодақ елдерінің бәрі дерлік толығымен немесе жартылай қайта карантинге жабылуда. Бельгия секілді елдердің өзі науқастардың бәрін сыйғыза алмай көрші Германияның ауруханаларына жөнелтуде. Еуропалық эпидемиологтар мен вирусологтар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Әлем осылай дүрлігіп жатқанда, бізде мүлде кереғар жағдай орнаған.
Отандық эпидемиологтар дабыл қағуда. Олар «Алматыдағы 95 жылдық тарихы бар Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы құрып кетудің аз ақ алдында тұр» дейді. Ғалымдар жарты ғасырдан астам уақыт түрлі вирустармен күресудің әдістемесін әзірлеген ғылыми орталықты жоғарыдағы әлдекімдердің әдейі құлдырауға жеткізгенін айтады.
Денсаулық сақтау министрлігі орталықты жабу туралы шешім қабылдапты. Қазір мекеме орналасқан көне ғимарат жабық тұр, онда істеген микробиолог ғалымдарды министрлік ақысы төленбейтін ұзақ мерзімді демалысқа мәжбүрлі түрде жіберген.
Осы орталыққа маусым айында кезінде Алматының бас санитары қызметін атқарғанда түрлі шумен аты шыққан Айзат Молдағасымова келген. Көп ұзамай ол қызметінен босап қалды. Ол өзінің жұмыстан кетуін орталықтың аянышты жағдайы туралы жағымсыз деректі жария еткенімен байланыстырады. Оның сөзінше, орталықтың жұмысын қожыратып, дәл қазіргідей бейшара күйге түсірмегенде қағынып тұрған коронавирус індетімен де тиімді күресе алатынына сенімді.
«Пандемия кезінде орталықтың маңызы орасан. Мұнда вакцина, диагностика, бәрін жасауға болар еді. Мұнда интерферон препараттарын әзірледі. Қазір әлем ковидпен емдеуде осы препаратты қолдануда. Өйткені ол адамның иммунитетін көтереді. Орталық ғалымдарының әлеуетін дәл қазір пайдаланбаса, қашан қолданбақ?, – дейді Айзат Молдағасымова.
Білуімізше, орталықтың ғалымдары екі жылдан бері ақысыз еңбек демалысында жүр. Біреулері жоғарғы оқу орындарында дәріс беруге көшкен, келесілері тіпті мүлде басқа кәсіпке ауысқан. Коронавирустың беті қайтпай тұрғанда, керісінше, әлем екінші толқынымен алысып жатқан шақта індетпен күрес мәселелерімен шұғылданатын бүтіндей бір орталық НЕГЕ керек болмай қалды?
Денсаулық сақтау министрлігі тозығы жеткен орталықққа ақша жұмсау тиімсіз деп шешіпті. Сондықтан жаңадан Алматыдан үлкен орталық құрылысы басталатын көрінеді. Сол кезде жұмыссыз отырған ғалымдарды қайтадан шақыратынын айтады.
Жаңа ғимарат туралы бастама – құптарлық іс. Бірақ бұл орталықты жаңа ғимаратқа көшіргенге дейін ғалымдардың ғылыми жұмыстарын ескі ғимаратта жалғастыра беруіне не кедергі? Оның үстіне ғылыми орталық тұрғызу тұрғын үй салу сияқты оңай шаруа емес екені белгілі. Оған қойылатын талап жоғары, құрылыстың ұңғыл-шұңғылы да көп. Әлде ескі ғимарат орналасқан Алматының орталығындағы жер әлдекімдердің көзқұртына айналды ма екен?
Әлі сұлбасы көрінбеген жаңа ғимарат ашылғанға дейін ақысыз демалысқа кеткен ғалымдар осылай өлместің күнін кешіп жүр. Жұматов атындағы ғылыми орталықта жабылғанға дейін 300 ден астам ғалым мен қызметкер еңбек етіпті.
Соғыс кезінде қолына қару ұстай алатындардың бәрі майданға аттанады. Қазір бейбіт заманда да көзге көрінбейтін жаумен соғыс жүріп жатыр. Коронавируспен күресте оған қарсы әрекет-амалды табады ау деген ғалым атаулының бәрі алғы шепте жүруі тиіс емес пе? Оның орнына білікті мамандарды ұзақ мерзімге ақысыз демалысқа жіберу, ал орталықтың өзін бюджетке тиімсіз деп жауып тастау қаншалықты заңды әрі қисынды?
Мысалы Германияда ғылыми институт жабылса, үкімет жұмыссыз қалған қызметкерлеріне еңбекақы төлей береді екен. Өйткені «ғылыми әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек» деп санайды немістер. Ал бізде әзірге ақша санау бірінші орында тұрған секілді.