10 января 2026 г. 17:48

Сәулелік терапиясыз қалған балалар дауы: дәрігер дабыл қақты

Фото: Nege.kz

Наркозбен сәулелік терапия алуы тиіс балалардың қажетті емге қол жеткізе алмауы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Онколог Берікбол Дәулет бұл жағдайды мемлекеттік квоталардың қысқаруымен байланыстырып, мәселені әлеуметтік желіде көтерді. Осыған байланысты құзырлы орган ресми түсініктеме берді.

Астана, NEGE. Наркозбен сәулелік терапия алуы тиіс балалар 2025 жылдың 1 қазанынан бері қажетті емге қол жеткізе алмай отыр. Бұл туралы онколог Берікбол Дәулет әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Дәрігердің айтуынша, бұған дейін аталған санаттағы науқастар Астанадағы томотерапия орталығында ем қабылдап келген. Алайда 2025 жылдың төртінші тоқсанына арналған мемлекеттік квоталар қысқартылып, ал 2026 жылға мүлде қарастырылмаған. Соның салдарынан дәрігерлер балаларға сәулелік терапияның орнына химиотерапия тағайындауға мәжбүр.

Берікбол Дәулеттің сөзінше, ең сорақысы – барлық қажетті медициналық құрал-жабдық пен білікті мамандар бар болғанымен, мемлекет тарапынан нақты қолдау жоқ.

«Аппаратура дайын, мамандар бар. Бірақ мемлекеттік қолдау жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?» – деп жазды ол.

Ал, жазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары Денсаулық сақтау министрлігін қатаң сынға алды. Көпшілік балалардың тағдыры бюрократиялық шешімдердің құрбанына айналғанын айтып, жауапты органдардан шұғыл әрекет күтетінін жеткізді.

Осы жағдайға байланысты Nege.kz редакциясы Денсаулық сақтау министрлігіне мәселені жеткізіп, жай-жапсарын сұрады. Ведомствоның ресми өкілі Әсел Қыдыралиева әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған «балаларға сәулелік терапия көрсетілмей жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Министрлік мәліметінше, балаларға көрсетілетін сәулелік терапия, соның ішінде заманауи жоғары технологиялы әдістер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі. Бұл қызмет Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық пен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты базасында көрсетіледі.

Балалардағы онкологиялық ауруларды сәулемен емдеуде негізгі басымдық жоғары технологиялы протондық терапияға берілген. Бұл әдіс те Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта тегін қолжетімді.

Сонымен қатар, томотерапия мемлекет қаржыландыратын сәулелік ем түрлерінің қатарында қала береді. 2025 жылдан бастап бұл қызметті амбулаториялық деңгейден стационарлық форматқа көшіру туралы шешім қабылданған. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс емдеудің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру мақсатында енгізілген және пациенттердің медициналық көмекке қолжетімділігін шектемейді.

«Барлық онкологиялық науқас бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем қабылдай береді. Томотерапия орталықтары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы келісімшарт негізінде жұмысын жалғастырып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс тоқтатылған жоқ»,– деді Қыдыралиева.

Ал жекелеген жеке медициналық орталықтарда томотерапияның уақытша тоқтатылуы ұйымдастырушылық және келісімшарттық мәселелерге байланысты. Бұл жалпы ел бойынша сәулелік терапияның қолжетімділігіне әсер етпейді. Жеке клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және өңірлік онкологиялық орталықтармен келісімшартты өз бетінше жасай алады.

Сызықтық үдеткіш аппаратының томотерапиядан айырмашылығы неде?

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында 28 сызықтық үдеткіш пен гамма-терапиялық аппарат жұмыс істейді.

Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтының басқарма төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Айша Молдашеваның айтуынша, жаңа буын құрылғыларында жасанды интеллект, 4D-сәулелік терапия және тыныс алуды ескеретін технологиялар қарастырылған. Бұл әдістер сәуле дозасын зақымдалған тінге дәл жеткізіп, сау ағзаларды барынша қорғауға мүмкіндік береді.

«Науқастар ем тактикасын анықтау үшін тіркелген жері бойынша онкологиялық орталықтарға жүгінуі тиіс», – деді ол.

Қажет болған жағдайда Қазақ ғылыми-зерттеу онкология және радиология институтына да жүгінуге болады.