8 ноября 2019 г. 16:15

Сараптама неге қымбат?

Фото:

Ведомстволар сараптауға 1,3 миллиард теңге жұмсағысы келеді, бірақ Есеп комитеті бұған қарсы.

Есеп комитетінің жіті назары түрлі ведомстволар мемлекет есебінен жүргізуді жоспарлап үлгерген 20 сараптамалық және әлеуметтік зерттеуге түсіп отыр. Ол туралы комитеттің өзі “2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын бағалау жөніндегі қорытындысында жазады. Министрліктер 20 аналитикалық зерттеуге 1,3 миллиард теңге сұраған. Сонда орта есеппен әр сараптамалық талдаудың бағасы 65 миллион теңге немесе 167 мың АҚШ долларына бағаланған.

- Кез келген саяси болсын, экономикалық болсын шешім қабылар алдында толыққанды зерттеудің қажет екені түсінікті – дейді, Ranking.kz басқарушы серіктесі Михаил Корнет. – Әділ өткізілген сараптама басқарушы тәуекелдерді азайта отырып, бюджет қабылдар алдында, экономикалық даму көрсеткіштерін бекітер алдында құзырлы мекемеге жалпы нарықтың ортақ көрінісін бере алады. Мәселе басқада, ол зерттеулер қандай әдістеме арқылы жасалмақ? Біздің тәжірибемізде мемлекеттік органдар алдымен өздеріне қажет шешім қабылдап алады. Содан кейін сол шешімін дәлелдеу үшін зерттеуге тапсырыс беріп, оның қортындысы өздері қабылдаған шешімді ақтайтындай етіп шығарады. Әсіресе, өз бюджетін қорғаған кезде мұндай жағдайлар кездесіп жатады.

- Мен өз тәжірибемде жақсы және қажет зерттеулермен қатар, ешқандай пайдасы жоқ, бюджет қаржысын жеген сараптамаларды кездестірдім. Сол себепті, ең алдымен жасалған зерттеудің дайындалған салалық бағдарламаларға қандай әсері болды, соны анықтап алуымыз керек, - дейді, қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, зерттеулердің қажеттілігін анықтау үшін ең алдымен оған тапсырыс берген мекемелердің даму стратегиясымен мұқият танысу қажет.

Министрліктер мен ведомствалар арасында сәнге айналған әлеуметтік зерттеулердің қажеттілігі күмән тудыратынын 2018 жылғы бюджетті нақтылау кезінде Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин де тілге тиек еткен еді. Былтыр бюджетке тек талдау мен зерттеу үшін 7,2 миллиард теңге енгізілген. Бір қызығы ол қаржы жетпей қалып, министрліктер қосымша 3,3 миллиард теңге сұрады. Мәжіліс спикері мен депутаттарының ашуланатыны да осы тұс.

Есеп комитеті өзінің беріп отырған қортындысында түрлі зерттеулердегі мәліметтердің бір-біріне ұқсастығын айтады. Есеп комитетіндегі аудиторлар пікірінше, органдар бұған дейін дайындалған талдау мен зерттеулерді, тіпті интернет бетінде жарияланған ашық деректерді де пайдалана алады. Соған қарамастан, министрліктегілер баяғы әдетінен жаңылар емес. Бюджет парламентте қаралатындықтан, халық қаржысын Есеп комитетінің орынды пікірін депутаттар қолдаса ғана үнемдеп қалуға болады. Сондықтан, соңғы сөз депутаттарда. 

Nege.kz экономикалық сарапшылар тобы.

Тегтер: