Неслихан Өзтүрік: Шетелде туып-өссем де, қазақ тілі – менің түп-тамырым
Мұстафа Өзтүрік – әлемге танымал таэквондо шебері, спорт қайраткері әрі Қазақстан халқының жүрегінен ерекше орын алған тұлға.
Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын спорт арқылы түркі халықтарының бауырластығын нығайтуға арнады. NEGE тілшісі әке аманатын өмірлік ұстанымына айналдырып, бүінде қазақ тілін үйренуді қолға алған тектінің қызы Неслихан Өзтүрікпен әңгімелескен еді.
– Неслихан, әкеңіз Мұстафа Өзтүрік Қазақстандағы таэквондо мектебінің негізін қалап, осы салада айтулы еңбек сіңірген тұлға. Ал әке ретінде қандай адам еді? Әкеңіз жайында қандай естелік жадыңызда жатталып қалды?
– Әкем әрдайым: «Спорт – бауырластықтың көпірі» дейтін. Ол үшін таэквондо тек спорт емес, халықтарды жақындастыратын, бір-бірін түсінуге үйрететін құрал болды. Әкем ерекше жан еді. Ішкі жан дүниесі де, сыртқы болмысы да ерекше болатын. Ол тек шебер спортшы ғана емес, әділеттілік сезімі өте терең көреген адам болды. Ол даңқ пен атақ үшін емес, құндылықтар үшін күресті. Бұл – тәртіп, ар-намыс, бауырмалдық, батылдық. Әкем халқына қызмет етуді қалады. Бұл оның борышы емес, шынайы махаббаты еді.
Мен әкемді өте жас, тіпті бала кезімде жоғалттым. Бірақ оның рухы жүрегімде әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Көпшілік үшін ол – батыр, ал мен үшін – әкем өмірімдегі үлгі-өнеге тұтатын негізгі адам.
– Мюнхенде, Ыстамбұлда әкеңіз ашқан мектеп әлі жұмыс істей ме? Ал өзі негізін қалаған Қазақстандағы Таэквондо федерациясымен байланысыңыз бар ма?
– Шынымды айтсам, қазіргі таңда әкемнің Мюнхенде, Ыстамбұлда ашқан мектептері әлі жұмыс істей ме, жоқ па, бұл туралы нақты ақпаратым жоқ. Ал Қазақстандағы мектепке соңғы рет шамамен он жыл бұрын, яғни Алматыда әкемнің 60 жылдығына орай ашылған ескерткіштің ашылуына жолым түскенде арнайы барып көрдім. Мен үшін толқынысқа толы әсерлі сәт болды. Болашақта байланыс қайта орнайды деп үміттеніп жүрдім.
Сол армандаған күн туды. Таэквондо федерациясының шақыруымен Kazakhstan Open шарасына қатысу үшін Астанаға келдім. Бұл өңім бе, түсім бе, әлі сене алмай тұрмын. Арнайы шақырған федерацияға алғысым шексіз. Әкем таэквондадан жылдар бойы үздік спортшылар тәрбиеледі. Бұл спорт жарысы ғана емес, қазақ халқының әкеме деген құрметі.
– Әкеңіздің аты Қазақстанда қалай ұлықталып жатқанынан хабардарсыз ба?
– Әрине, 60 жылдығына келген сапарымда қазақ халқы әкемді ерекше құрмет тұтатынына куә болдым. Үлкені де, кішісі де «Сен Мұстафа Өзтүріктің қызысың ба?!» деп арнайы кеп, амандасып жатқанда көңілім толқып кетті. Алматыға келгенге дейін әкемнің осыншалық сый-құрметтің иесі екенін білмеген екенмін. Және сол кезде Мұстафа Өзтүріктің қызы болғаныма марқайып, әке алдындағы аманатқа адалдық танытуды ғана ойладым.
Қазір әлеуметтік желі алысты да жақындатып жатыр. Күн сайын Тик-Ток желісі арқылы Қазақстандағы ағайыннан хабарлама алып тұрамын. Бәрі де әкемді құрметтейтінін, ал көзін көргендері сағынғанын айтады. «Мұстафа Өзтүрік сияқты адам мың жылда бір туады» деп, әркез дұға тілеп отыратынын жазғандар бар.
Тағы бірі «Егер ол тірі болғанда, Қазақстан мүлде басқа биікте болар еді», – дейді өкінішке толы арман-мұратын жеткізіп. Әкемнің өмірден өткеніне 30 жылдан асып кетсе де ұмытпай, естен шығармай жүргендеріне ризашылығымды білдіремін. Демек, әкемнің есімі халықтың жүрегінен орын алып, мәңгіге сақталып қалды. Қазақ халқы оны ешқашан ұмытпайтынын түйсіндім.
– Ал анаңыз, сіңліңіз бен ағаңыз туралы білсек. Әкеңізге үш баласының қайсысы ұқсайды?
– Біз Мюнхенде тұрамыз. Анамның есімі – Нұрила. Ол біз үшін нағыз қайсар жан. Жалғыз қалса да, тағдырға шағымданбады. Үш баласына бар махаббаты мен мейірімін төгіп, тәрбиеледі, жеткізді. Сіңлім Аслыхан – әкемнің рухани тереңдігін бойына сіңірген. Сырт келбеті мен мінезі жағынан ағам Нәзірбек әкеме қатты ұқсайды. Ал өзіме келсем, көп адам менің көзімдегі отты, болмысымды, тыным таппайтын еңбекқорлығыма қарап, әкеме ұқсатады. Қазір әкемнің өз халқына деген махаббатын шын мәнінде түсіне бастағандаймын. Себебі, бұл сезім менің де жүрегімде оянып келеді.
– «Қазақ тілін үйреніп, халқыммен ана тілімде тілдескім келеді» дегеніңізді естіп, қатты қуанып қалдық. Бұл шешіміңізге не түрткі болды? Қазақ тілін үйретуге ниетті адамдар көп пе екен?
– Қазақ тілін үйрену – жүрегімнің үндеуі іспеттес. Қазақ тілі – менің тілім Мен – қазақпын. Әкем де, анам да – қазақ. Шетелде туып-өссем де, қазақ тілі – менің түп-тамырым. Тик-Ток желісінде көп адам қазақ тілін үйренуге көмектесіп, үміт сыйлап жатады. Ана тілін меңгеру үшін әуелі неден бастау керектігін айтып, кеңес береді. Сол үшін де алғыстан басқа айтарым жоқ. Маған туған тілімде сөйлеу өте маңызды. Көп нәрсе айтқым-ақ келеді. Бұйырса, қазақша оқуды, жазуды да меңгеріп алсам, Қазақстанға, ондағы халыққа қоятын сұрағым көп.
Әлеуметтік желіні парақтаймын ғой. Сол кезде қазақтардың өзі орыс тілінде қарым-қатынас жасайтынын көремін. Бастапқыда «Неге көбі орысша сөйлейді? Өз елінде жүрген азамат неге ана тілін қолданбайды? Мәселен, Ресейде ешкім қазақша сөйлемейді ғой» деп таң қалдым.
Өзім 40-тан асқанда ана тілімді үйреніп жүрмін. Кейде кеш емес пе деп те ойлаймын. Бірақ естуімше, қазір жастардың көбі қазақша сөйлеуге бет бұра бастапты. Бұл маған да үміт берді. Тіл – құрал ғана емес, ұлттың болмысы. Тіл – Отан, тіл – жүрек. Мен өз Отанымды қайта тапқым келеді.
@nesli_nash Қазір мен қазақша үйреніп жүрмін. Халқыммен сөйлескім келеді, жаныммен. Қазақтың тарихы мен даналығы мені тамырыма жақындатады. Жылы сөздер де, сабырлы сын да — бәрі маған ой салып, шабыт береді. 🤍🇰🇿 #менқазақпын #жүрегім #kasachstan #almaty #astana #nomad #centralasia #mustafaöztürk #мұстафаөзтүрік #мустафа #қазақша #kazakh #qazaq #kazakhgirl #kazakhstan ♬ Gladiator - Now We Are Free (Theme) - Jhonatan Rodrigues
– Кәсіби әнші ретінде репертуарыңызды қазақ тіліндегі әндермен толықтырар ма едіңіз?
– Әзірге қазақ тілінде ән жазбадым. Бірақ ұлтқа деген махаббатым туған тілімде ән айтуға жетелейтініне сенемін. Бірде «Әке арманы» деген әннің мағынасы ұнап, орындап көрдім. Жүрек қалайды, ниет бар, сондықтан оған да жетемін. Алла қаласа, бір күні қазақ тілінде ән шырқаймын.
Әкемнің көзі ретінде оның домбырасын үйдің төріне іліп қойғанмын. Бұл домбыраны әкеме Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер Досхан Жолжақсынов сыйға тартқан екен. Меніңше, екеуі дос болған сияқты. Сол домбыраның үні маған өте ыстық. Құдды бір әкемнің рухымен тілдескендей боламын. Бірақ өзім шерте алмағандықтан «әттең-ай» деймін. Алайда, назарым мен шыдамымды салсам, үйренуге әлі де кеш емес деп ойлаймын. Алла сәтін салса, Досхан Жолжақсынов ағамен кездесіп, алғысымды білдіріп және әкем туралы естелігін тыңдағым келеді.
– Қазақ халқына қандай тілегіңіз бар?
– Қазақ халқына әрқашан амандық пен бірлік тілеймін. Менің әкемнің арманы – түркі халықтарының достығы мен бауырластығы еді. Мен де осы жолды жалғастырғым келеді. Сондықтан да «Халқыммен тілдескім келеді» деген сөзімді жүрегіммен айтып отырмын.