14 апреля 2025 г. 14:11

Министрлер портреті. Ермек Көшербаев. «Домбырашы»

Фото: Коллаж NEGE

Жаңа Қазақстанның жоғары билігінде домбыраның құлағында ойнайтын екі адам болса, соның бірі – Көшербаев. Ал ескі Қазақстанның тұсында «бас домбырашының» кім болғанын білесіз. Бірақ экс-президенттің домбыра шертісі – әләулайын сүйемелдеуге ғана жарайтын. Көшербаевтің қағысы – сауатты, мәнерлі. Салыстырудың мәні мынада: осы екі кісіні не жақындатпай, не алыстатпай, екі ішектің арасындай қашықтықта ұстап тұратын әдемі бір «ырғақ» бар. 

Трамплинге айналған мектеп

Екі ай бұрын ғана Үкіметке вице-премьер болып барған Ермек Көшербаев екі аптадан соң 60 жасқа толады.Яғни, 1965 жылы 2 мамырда Алматы қаласында өмірге келген. Қызмет жолындағы әр аттаған баспалдағын тізбелей берсек, оқырманға обал. Сондықтан негізгі және маңызды деген мәселелерді ғана іріктеп-сұрыптап алып, кейіпкеріміздің сұлбасын сызуға талпынайық.

Ермек Беделбайұлының қай мектепте оқығаны туралы дерек жоқ. Жоғары білім алған жері – бұрынғы Киров, бүгінгі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің тарих факультеті. Осы жерден «шет тілінде сабақ беретін тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандық алып шыққан. Сосын Алматы қаласындағы №170 орта мектепте мамандығына сай сабақ берген. Жұмыс істеген уақыты – айналасы бес ай ғана.

1988 жылы 23 жастағы Ермек Көшербаев Сыртқы істер министрлігіне құпия іс жүргізу жөніндегі аға инспектор болып барады. Ұстаз ретінде ысылып үлгермеген «шала мұғалімге» Сыртқы істер министрлігі неге «сырға» тақты? Мұны әңгіменің ретіне қарай, келесі бөлімге қалдырып, Көшербаевтың жүрген ізіне қайта үңілейік.

1988 жылы тамыз айында Сыртқы істер министрлігіне қатардағы иснпектор болып барған жас жігіт қыркүйекте министрдің көмекшісі болған. Ол кезде Кеңес одағы құрамындағы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін Михаил Исиналиев басқаратын. Көшербаев 1994 жылға дейін осы министрлікте түрлі лауазымдарды атқарды. Осы аралықта Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында білім алып, «Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат» мамандығы бойынша ғылыми дәрежеге ие болғанан айта кетейік.

Білетіндер «осы кезде Көшербаев пен Тоқаевтың жолы алғаш рет түйісті» дейді. Өйткені аталған академияда қазіргі президент те оқыған. Бірақ Тоқаев 1993 жылы тәмамдаса, Көшербаев бір жыл бұрын бітіріп кеткен. Болашақ саясаткерлер ол кезде танысып-білісіп, араласты ма, ол жағы беймәлім. Белгілісі, Көшербаев 1994 жылы Президент әкімшілігіне ауысты. Кейін елшілікке барды. 1997 жылы Үкімет басшысы болып Нұрлан Балғымбаев келгенде, премьер-министрге тапжылмай үш жыл көмекші болды.

Е.Көшербаев. Фото: ғаламтордан

Өмір жолына қарап отырсаңыз, Ермек Көшербаевтың 10 жыл уақыты текке өтіп кеткендей көрінеді. Өйткені 2000-2010 жылдар аралығында атқарған жұмысы мен істеген шаруасы «өсетін адамға» берілетін өлшемнен көп төмен. «Нұрсұлтан Назарбаев Білім қоры» қоғамдық қоры директорының орынбасары, «ҚазТрансОйл» компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі, «Рауан Медиа Групп» акционерлік қоғамының бас директоры, «Атамекеннің» бірдеңесі, «Ертістің» сірдеңесі дегендей, жалғасып кете береді. 2010 жылы ғана Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып барды. Көшербаевтың көзге түсе бастағаны міне, осы кез. АШМ мен Сыртқы істер министрлігінде орынбасар, Ресейде елші болды. Соңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі деген лауазымнан Үкімет басшысының орынбасары деген қызметке бір-ақ «қарғыды». Осы кезде вице-премьердің арғы-бергісін білетіндер «Көшербаев Шығысқа барған сайын шыңдалып келеді» деп әзілдеді.

«Қатын алма, қайын ал...»

Ермек Көшербаев Динара Шайжүнісовамен отау құрған. Ал Шайжүнісовтер – жалғыз Шығыс өңір емес, бүкіл республикаға танымал әулет. Белгілі әулеттің үрім-бұтағы Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовтен тамыр тартып жатыр. Көшербаевтың қайын атасы Мәркен Шайжүнісов – сонау алпысыншы жылдардың ортасынан бастап, лауазымды қызметтер атқарған көрнекті тұлға. Майда-шүйдесін айтпағанда, Семей облыстық партия комитеті төрағасының бірінші орынбасары, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласының әкімі, Жоғарғы Кеңес пен Парламенттің депутаты болған.

Сондықтан шығар, Ермек Көшербаевты көре алмайтындар оның жеткен жетістіктерінің бәрін қайын жұртына телиді. Бұл аса дұрыс нәрсе емес. Қайын жұрты көкті тіреп тұрса да, жетекке жүрмейтін жігіттер қай жерден де табылады. Осыны ескеріп, Көшербаевтың «көтерілу» кезеңдеріне бейтарап ракурстан көз тастап көрейік.

1988 жылы тамыз айында мектептен Сыртқы істер министрлігіне ауысқанын жоғарыда айттық. Ал енді осы кезде Көшербаевтар әулеті келін түсіріп үлгеріп пе еді? Біз мұны нақты айта алмаймыз. Есесіне Ермек Беделбайұлының тұңғышы 1988 жылдың 15 қаңтарында өмірге келгенін білеміз. Ол кездегі дәстүрдің қатаңдығы мен текті әулеттің қызы босаға аттамай, бала таппайтынын ескерсеңіз, Көшербаев мұғалім болмай тұрып-ақ, төс мүжіп үлгерген-ау деген ойға еріксіз табан тірейсіз. Мектептегі бес айлық жұмыс трамплин үшін қажет болды ма деген топшылауға да осы деректер себепкер.

Мұны енді «бір» деп қойыңыз, екіншіден, Ермек Көшербаевтың Сыртқы істер министрлігін шиырлап жүріп, арасында Президент әкімшілігіне ауысқанын жоғарыда айтқанбыз. Міне, дәл сол кезеңдерде Мәркен Шайжүнісов те Президент әкімшілігінде қызмет атқарып жүрген. Мұны енді «көре алмайтындардың» күдігі бекер емес екен десеңіз де, әншейін сәйкестік десеңіз де, өзіңіз білесіз. Ал біз күннің шығыстан шығатыны секілді Көшербаевқа да жақсы қуаныштың қайын жұрт жақтан келетініне бір мысал айтайық.

Д.Шайжүнісов пен В.Назарбаева. Фото: ғаламтордан

2018 жылы Шайжүнісовтер мен Назарбаевтар құда болды. Дариғаның Венера деген жалғыз қызы Дален Шайжүнісовке тұрмысқа шықты. Дариғаның «кәсіби» әнші, әкесінің «көңілді» әнші екенін ескерсеңіз, құдалықтың қызықты өткеніне дау болмаса керек. Ондай жерде Көшербаев та көсілтіп домбыра шертпеді десеңіз, ешкім де сенбес еді. Құдалықтың кереметі сонда ғой, құда – мың жылдық. Тойдың қызуы тарқаған соң да, сый-құрмет өзгермейді. Көрген жерде бас салып, бір-бірінің бетінен сүймесе де, құдалар сырттай тілеулес-ниеттес болып жүреді. Бұл енді қазақы жөн-жосықтың жоралғысы. Ал саясаттың «сорпасы» қосылғанда, құдалықтың «қамыры» қалай ашитыны бір құдайға ғана аян.

Бастысы, бұл емес негізі. Венера Динараға келін болғаннан кейін, Ермекке де – келін. Ал келін не істейді? Бастары қосылған жерде қоюлап шай құяды. Көрген жерде иіліп, сәлем салады. Басқа емес, президенттің жиен-немересі алдыңда иіліп тұрғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Жаныңды алай-дүлей ететін мұндай ерекше сезімнің дәмін Көшербаев баяғыда татып тастаған болар. Назарбаевтар әулетімен құда болғаннан кейін тағы не «татып» көргенін іші білер, ал біздің білетініміз – Ермек Көшербаев қазір «шығыстық шеңберден» шығып, билік басындағы санаулы адамның сапына қосылды.

«Едел-жедел әкім»

Мақтағанға жақын мұндай сөз Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде айтыла бастады. Кеткеннен кейін де талайдың тіл ұшында жүрді. Әсіресе бюджеттің асырауындағы баспасөз бен билікке жақын БАҚ «Көшербаев көп әкімнен көшілгері еді» деген сыңайындағы ой-пікірді қоғам назарына «сыздықтатып» құятын. Сонда Көшербаев көпшілікке қай қылығымен жаққан? Сол тұста жазылған мәліметтерге қарасақ, бұл кісі әртүрлі апаттар кезінде әлдекімдер құсап сүйретіліп жүріп алмай, оқиға орнына жедел жетіпті. Мәселен 2023 жылы Зайсанның қоғамдық моншасында жылыту қазандығы жарылып, бір адам қаза болған екен. Суық хабарды ести сала облыс әкімі түннің жарымында аттанған. 2024 жылы Глубокое ауданындағы «Ертіс» шахтасында газдан уланып, 4 адам көз жұмғанда, Көшербаев екі өкпесін қолына алып жеткен. Марқұмдардың отбасыларына барып, көңіл айтып, қажетті көмек көрсетуді де ұмытпапты. Шығыстағы апат атаулы қақаған қыспен қабаттасып келетін әдеті ғой, желтоқсанның суығында Риддердегі жылу электр орталығында жарылыс болады. 6 адам зардап шегеді. Шұғыл жеткен әкім апаттың салдарымен күресуді тікелей өз бақылауына алады...

Бәрекелді демеске әддіңіз жоқ. Алайда мұндай шаруа әкім болған соң, Көшербаевтың тікелей міндеті ғой. Дерті болмаса, кез-келген басшы апат кезінде төсегінде тырайып жата ма? «Шығыс Қазақстанды тапжылмай 9 жыл басқарған Даниал Ахметовтен кейін мұндай жеделдіктің де жаңалық болып көрінгені рас», – дейді осы ақпаратты жазып отырған баспасөз. Онда жөн екен деп қабылдасаңыз, Көшербаевтың «жеделдігін» әйгілейтін тағы бір айтулы оқиғаны атап өтпеске болмайды.

Е.Көшербаев. Фото: m.noks.kz

Облысты 1 жыл 8 ай басқарған Көшербаевтың кезінде еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталды. Ұзындығы – 1316, ені – 12,2 метр болатын Бұқтырма көпірінің маңызы орасан. Өскеменді 6 ауданмен жалғайды. Осының арқасында шалғай аудандармен арадағы жол 500 шақырымға дейін қысқарды. Ахметовтің кезінде құрылысы басталған көпірдің ашылуына Астанадан Бектенов арнайы келгенде Көшербаев біткен шаруаның басынан күтіп алды. Негізі бұл жобаның жалпы құны – 61,4 млрд теңге. Қаржының дені Республикалық бюджеттен бөлінген. Бірақ Көшербаевтың кезінде қолданысқа берілгені – факт. Сондықтан «Әй, көпжасағыр Көшербаев-ай» деп алғыс жаудырған ақсақалдардың көп болғаны және ондай мақтау сөздің Көшербаевтың көңіліне жел бергені айтпасақ та, түсінікті шығар.

«Жол жылы» және домбыра

Көшербаев – Шығыс Қазақстанның ең бір түйткілді тұсы – жол мәселесімен де күресіп көрген кісі. 2023 жылдың қараша айында өткен Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Ермек Көшербаев 2024 жыл – облыста «Жол жылы» деп жарияланғанын мәлімдеген. Өйткені нулы өңірге ат арылтып келген турист тұрмақ, жергілікті жұрттың өзі бір-біріне жете алмай, құдайдың зарын айтып жатады. Тақтайдай жол – арман, тәуірі – қырық жамау, қалғаны – шұрық тесік.

Сонымен Көшербаев не істеді? Әкімдік жыл соңында 600 шақырым жолдың жөнделгенін айтып, есеп берді. Бірақ одан жол мәселесі шешіліп кеткен жоқ. Егер сенсеңіз, облыста асфальттің не екенін көрмеген әлі 79 ауыл бар екен. Өскемен мен Риддер арасындағы жаңа жол құрылысы түгесілмейтін түйткілге айналған. Тау үстіндегі ирелең жол – Осинов асуын қайта жаңғырту жұмысы 8 жыл бұрын басталса да, сол күйі аяқталмаған. Мұндай мысалды жүздеп-мыңдап келтіруге болады. Әйтсе де, бүкіл аймақтың жолын бір жылда айнадай қыла алмады деп әкімді айыптасақ, әділетке қиянат болар еді. Есесіне Көшербаевтың елге берген уәдесі мен жақсы әкім бейнесіндегі келбеті Үкіметке «жол салып берді» десек, жарасатын секілді.

Бірақ жол жөндеп жарытпаған Көшербаевтың оң жамбасына келген бір шаруа бар. Бұл кісі бұқараның көңіл-күйін домбыраның құлағын бұрағандай, нәшіне келтіріп қоюға шебер. Мәселен Шығыста ұлттық спортқа жан бітті. Әр жерде ат спорты бойынша додалар ұйымдастырылды. Бүркітшілер фестивалі өткізілді. «Данила Северный» деген лақап аты бар Даниал Ахметовтің кезінде мұндайды көрмеген жұрт Көшербаевқа «құлап» түсті.

Естеріңізде болса, Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы «Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын» деген Қаулы шығарған. Шілдеде туған Назарбаевтың өзі кеткен соң Қаулысының да қызығы тарқай бастады. Ахметов мұндай мерекеде «Халқым, домбыра күні құтты болсын!» деген мағынада бір ауыз сөз жаза салатын. Ал Көшербаев өйтпейді. Көшербаев үшін әр күн – домбыра күні. Қолқа салса, бәлсінетін кісіңіз бұл емес, қоңыр үнді домбыраны қолына алады да, күмбірлете жөнеледі.

Бір қызығы, осындай дүниелердің кейбірін қол астындағылар қолдан ұйымдастырып жібермей ме екен деген де ой келеді. Өйткені әлеуметтік желідегі бір бейнежазбадан әлдебір залда ауыл жұртымен кездесіп тұрған Көшербаевты көруге болады. Әкімнің алдына келген кішкентай бала: «Мен интернеттен сіздің домбыра тартып отырғаныңызды көріп едім», – дейді. Әкім де, ел де бір күліп алады. Сосын Көшербаев: «Сен де домбыра тартасың ба? Ааа әлде мен тартайын ба?», – дейді де, домбыраны қолына алады. Облыстың әкімі өнер көрсетсе, ұйымайтын ел, қол соқпайтын халық бола ма?! Кездесудің алдында не айтылғаны беймәлім, бірақ соңы осылай көңілді бітеді.

Бірақ күй тыңдау – көңілге дем бермесе, құрсаққа тамақ болмайтыны белгілі. Оның үстіне, Көшербаевтың өзі де ұдайы көпшіліктің бел ортасында жүрді деуге келмейді. Мұның дәлелі кейде «бұғынып» қалатын Көшербаевқа жете алмай, оны сотқа берген тұрғындар да бар.

Жеткізбейтін әкімді артынан қуғандар

Биыл қаңтар айында Өскемен қаласының тұрғыны, заңгер Нұрлан Әубәкіров Ермек Көшербаевты сотқа берді. Заңгердің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі «Мемлекеттік қызмет туралы» заң нормаларын бұзған. Ел мақтаған әкім қалай заң бұзып қойды? Мәселе былай екен: Нұрлан Әубәкіров Өскеменнен тоқымдай жер ала алмай зар илеген Елена Симакова есімді тұрғынның құқын қорғауға талпынады. Мәселе төменнен шешілмегеннен кейін әкімнің жеке қабылдауына жазылады. Бірақ әкімнің жандайшаптары үлкен басшыға келген әр адамнан «Сенікі не мәселе?» деп сұрайды екен. Құдай ұрғанда, бұл кісі «Күй тыңдауға келдім» дей салмай, «Жер мәселесі» деп ашық айтқан ғой. Сонымен бәрі біткен. Әкімге апарар жол толық жабылған. «Заң бойынша, әкімдік қандай өтінішпен келгеніңді алдын ала айтуға міндеттей алмайды. Келген адамды әкімнің қабылдамауға құқы жоқ», – дейді ашынған Әубәкіров.

Жалғыз бұл емес, Қаңтар оқиғасы кезінде ұлынан айырылған Арайлым Сағатбаеваның да Көшербаевтың нұрлы жүзін көре алмай, әкімдікті шыр айналып жүргенін бірқатар ақпарат құралдары жазған. Соған қарағанда, шенеунік Шығыстағы қызметінде адамды талғап қабылдауға әбден шыңдалған секілді. Ал соттың жайы не болды? Не болушы еді, бір айға жетпей Көшербаев Астанаға «көшіп» кетті. Соған қарағанда, «соры қайнағандар артымнан іздеп келеді ғой, дейсің бе?» деп ойлайтын сияқты. Егер шынымен осылай ойласа, қатты қателесті. Өйткені Көшербаев Үкіметтегі жаңа кабинетіне енді кіріп, үстеліне жайғаса бергенде, Астанаға сау етіп, Маралдының бір топ тұрғыны жетіп келген.

Маралдылықтар сол сапарында мәжілістің екі депутатымен, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология министрлігі өкілдерімен кездесіп, шағымдарын айтқан. Түсінген адамға Маралды – Шығыстың ең жанды жері. Өйткені жұрт «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп қауіптенеді.

Фото: Коллаж ulysmedia.kz

Зауыт салған компания мен жергілікті тұрғындар арасында сан рет дау туып, арты төбелеске ұласқан. Жағдайды тыныштандыру үшін тіпті арнайы жасақ апарған. Міне, осы кездерде Маралдының жұрты «құдайшылығыңды айтшы, Көшербаев» деп облыс басшысын қайта-қайта шақырды. «Барам» деген облыстың бірінші басшысы сол күйі даулы жерге аяқ баспай қойды. Алайда «Маралдыға неге бармадыңыз?» деген сұрақ Астанада жүргенде, алдынан қайта шықты. «Барам дегем, үлгермей қалдым» деді вице-премьер журналистке. «Үлгермейтін» әдетіңіз болса, үлкен қызметке қалай келдіңіз?» деген сұрақ, өкінішке қарай, қойылмай қалды...

Күнделік жыртқыш

Негізі Ермек Көшербаевты сөйлеткісі келген журналист оны концерттен ұстап алғаны дұрыс. Себебі әңгіме кезінде ар жақта музыканың сазы ойнап тұрса, бұл кісі шешіліп сөйлеп, шындығын айтады.

Мәселен 2024 жылы Мұғалімдердің Тамыз кеңесіне барған кездегі әңгімесі интернеттің «сәніне» айналды қазір. Көз алдыңызға елестетіңіз, фойеге картиналар қойылған, бірнеше қыз түрлі музыкалық аспаппен классикалық әуенді «сызылтып» отыр. Журналистің сауалына орай, шенеунік алғашқы ұстазын есіне алады, алғысын білдіреді. Жақсы оқығанын айтады, бірақ жақсы деуге келмейтін оқиғалардың да боп қалғанын жасырмайды. Соның ең негізгісі – бала Көшербаев «2» алған. Сосын күнделікке баттиып түскен жаман бағадан қалай құтыларын білмей, ақырында «2» деген баға тұрған бармақтай жерді жыртып тастаған. Мұны көріп қойған анасы желкелеп отырып, жыртылған қағазды желімдетеді де, бүлінген күнделіктің «бүтінделгенін» мұғаліміне көрсетуді бұйырады. Соған қарағанда, жыртылған күнделікті анасынан бұрын мұғалімі байқаған секілді. Бірақ маңыздысы бұл емес қой, маңыздысы – бұдан қандай қорытынды шықты? «Бұл маған өмір бойы сабақ болды» дейді Көшербаев. Шығыстан қыз алған жігіттің әкім кезіндегі әрқилы жұмыстары «сабақ алған» кісінің әрекетіне ұқсай ма? Мұны енді әр оқырман көңіл таразысына салып, өз ішінде қорытуы керек тәрізді.

Астана – Өскемен емес. Астанада айтқан әр сөзің алты алаштың құлағына қазір жетеді. «Әйтіп едім, бүйтіп едім», «барам деп ем, үлгермей қалдым» деген сылтаулар Астанада жүрмейді. Оның үстіне, аймақта өзі би, өзі қожа боп үйренген шенділерді Астананың жалаң аяқ журналистері жүндей түтуге машықтанған. Өткенде сондай бір «кергіге» аяқасты біздің кейіпкеріміз де түсіп қалды. «Алматыда Жириновскийге ескерткіш орнатылуы мүмкін бе?», – деген сұрақ қойылды. «Әрине, жоқ», – деді Көшербаев. Өскеменнің журналисі болса, «Рахмет, пікіріңізге» деп кете берер еді. Астананың тілшісі тықақтап, «Неге?» деген тағы бір сұрақ қойды. «Мынаның дені сау ма, өзі?» дегендей, сұрақ иесіне бір қарап алған ол: «Жоқ дедім бе, жоқ», – деді.

Фото: ғаламтордан

Бұл сөз – вице-премьер Көшербаевтың жауабынан гөрі, «айттым – бітті, кестім – үзілді» дейтін әкім Көшербаевтың сөз ләміне көбірек ұқсады. Олай дейтініміз, бұл кісі – дипломат. Дипоматтың тілі кез-келген мәселенің тігісін жатқызып жіберетіндей жатық болуы керек. Жириновскийдің кім екенін айтам десе, дәлел-дәйек толып жатыр. Оған қоса, «жоқ дедім бе, жоқ» дейтіндей, Қазақстандағы ескерткіш мәселесінің бәрі Көшербаевтың қолында тұрған жоқ. Осының бәрін ескерсеңіз, «Ермек Көшербаев қайда келгенін әлі түсінбей жүрген жоқа па екен?» деген тағы бір сауал туады.

Түйін: «Бұл уақыттың жақсы жағы да бар. Қыстыгүні балалар мектепке қараңғыда емес, жарықта барады. Өз басыма келер болсам, маған әсері жоқ. Күннің қашан шығып, қашан бататынын аңдып отырмаймын. Жұмыс істей беремін».

Бұл сөзді Көшербаев 2024 жылы Өскеменде жүргенде айтқан. Дұрысы, «күнді аңдып отырмай, жұмыс істей беретін» жерге енді келді. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, Астана – жыртқан қағазды желімдеп қойсаң, жымы білінбей кететін жер емес. Қысқасы, вице-премьердің бала кезіндегі қатесінен қандай сабақ алғанын енді білетін боламыз.

Сансызбай НҰРБАБА.