«Машалла», «иншалла» сөздерін қолдану қаншалықты орынды?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институты директоры Төрәлі Қыдыр қоғамда жиі қолданылатын «машалла», «иншалла» сөздері төңірегіндегі пікірталасқа қатысты өз ойын білдірді.

Видеодан скрин/youtube/Мүфтият мінбері

Астана, NEGE. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының YouTube арнасындағы «Мүфтият мінбері» подкастында жүргізуші шығыстанушы-филолог Төрәлі Қыдырға «машалла», «иншалла» сөздерін қолдануға қатысты сұрақ қойды. Бұл ретте подкаст жүргізушісі Діни басқарманың Рамазан айында «ифтар» сөзінің орнына «ауызашар» деген сөзді қолдануды ұсынғанын атап өтті.

Төрәлі Қыдыр тілді тірі процесс ретінде қарастыру қажет екенін айтады.

«Тіл деген – тірі процесс. Тіл дамиды, өркендейді. Кейбір тілдер жойылып кетіп жатады. Сондықтан да мұны біз "тірі процесс" дейміз», – дейді спикер.

Ол осыдан бір ғасыр бұрынғы Абай заманындағы тіл мен бүгінгі тіл салыстыруға  келмейтінін, исламда да ғылым саласы ретінде терминдер жүйесі барын айтты.

«Исламтану саласының да "намаз", "ораза", "зекет", "қажылық" секілді өзінің ұғым атаулары бар. 

 

Бүгінде айтылып жатқан мәселе "машалла", "иншалла" сөздерін қолданбай-ақ өмір сүрдік қой дейтіндер бар. Тура осындай жағдай бір ғасыр бұрын болған. Сол кезде де осы мәселе көтерілген», – дейді Төрәлі Қыдыр. 

Осы ретте ол діни лексика классикалық қазақ әдебиетінде де бар екенін айтып, мысал ретінде Абай, Қожа Ахмет Ясауи шығармаларын келтіріп өтті.

ҚМДБ өкілінің айтуынша, «машалла», «иншалла» сөздері жазба әдебиетінде болған және Абай заманында да қолданылған.

«Бұл сөздер атеистік заманда архаизмге айналғанымен, бүгінде қайта қолданысқа еніп жатса, оған да түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын», – дейді шығыстанушы-филолог. 

Бұл ретте ғалым аталған сөздерге қатысты дау сингормонизм заңына байланысты туындап отырғанын жеткізді.

«"Алла" деген сөзді "Аллах", "Алланың" емес, "Аллахтың" деп жаза бастадық. Оқыған адамдардың барлығы қазақ "Алла" деп айтқанын біледі. Қоғамда "брат" деген сөзді орынды-орынсыз "ахи", "ухти" деп деп қолданады. Қазақ тілінде ол сөздердің баламасы бар. Баламасы болса, ол сөзді қабылдамаймыз. Баламасы жоқ, таза діни саланың жеке терминдері болса, соны қабылдаймыз», – дейді Төрәлі Қыдыр. 

ҚМДБ өкілі мұндай сөздерді қолданған күннің өзінде сингормонизм заңын сақтау қажет екенін айтты.

 

Қазір оқып жатыр

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды

Тоқаев Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады

«Жаңбыр жауса, жылаймыз»: Таразда екі жүздей тұрғын шатыры шұрық тесік үйде тұруға мәжбүр

Кәрім Мәсімовтің экс-күйеу баласынан «Достық» станциясындағы терминал тәркіленді