ҚЫЖЫРТПА. Кімнің несін алуға болады?

Өткен аптаның ең жарқын жаңалығы қайсы десеңіз, біз Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың уәлі сөзін келтірер едік. Бұл – расында үлкен жаңалық. Өйткені өлмейтін адам жоқ, екіаяқты пенденің ғұмыры санаулы. Тәніне дерт жамап, сырқаты меңдеген адамдар өмірден ерте кетіп жатыр. Алайда жолын тауып, олардың ғұмырын ұзартуға әбден болады. Қалай? Аяқасты әртүрлі апаттан көз жұмған марқұмдардың жарамды мүшелерін пайдалану арқылы. Бірақ дамыған елдерде кеңінен қолданылатын бұл тәсіл бізге әлі келмеген. Себебі ешкім «өлген соң донор болуға дайынмын» демейді. Ал министр Д.Абаев донорлыққа келісім беретіні жайындағы құжатқа жуырда қол қоятынын мәлімдеді.

Әрине, министр өзінен-өзі «донор боламын» деп қойып қалмайтынын білесіз. Бұл пікірін ол Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігеріне қатысты даулы мәселеде білдірді. Шыны керек, Абаевтың бұл ұстанымы ерлікпен тең. Дегенмен біз осы ерліктің жалғасты болғанын жан-тәнімізбен қалап отырмыз. НЕГЕ?

Үш себебі бар. Алғашқысы, бүгінгінің халқы донар болудан жасқанады. Өйткені «артымнан кісі түсіп, арандатып жүре ме» деп қорқады. Қасында қорғаушылары қосақталып жүретіндіктен шенеуніктерде мұндай қауіп жоқ. Сондықтан Абаевтың артынан барлық министрлер мен белді әкімдер, депуттатар т.б. жөнеп берсе, жұрттың да жүрегі жібитін шығар, не көрініпті?!

Мұны бір деп қойыңыз, екіншіден, дімкәс адамға жөні түзу кісінің мүшесі қонымды келмей ме. Ал ондай мүше кімде бар? Әрине, жоғарыдағы кісілерде! Басшы біткеннің бәрі елім деп еңіреп жүргенін жалпақ жұрт ашық мойындамаса да, аздап сезетіндей. Өйткені саясат сондай, себебі ақпарат солай дейді.

Енді қараңыз, өмірдің өткінші екенін есепке алсаңыз, елдің келешегі не болады деген уәйім мүжи ме, мүжімей ме? Әрине, мүжиді. Бүгінгі ел басшылары Қазақстанды әлемнің алдына шығарды. Дамыған Қазақстан құстай ұшып, құландай жүйткіп барады. Кімнің арқасы? Басшылардың! Ал ертең осы кісілер «аунап кеткенде» қайтеміз? Таза қараң қаламыз ғой! Көрдіңіз бе, жақсылардың миы мен жүрегі не үшін керек екенін?!

Үшінші мәселе мынау: жалпы, донор болу деген түсініктің аясы кең. Шын ниет еткен адам ағзасымен ғана емес, ақшасымен де донор бола алады. Бірақ негізгі мәселе өлімнен кейінгі жағдаймен өлшенетін болғандықтан, демеушілік тұрғысындағы тірліктерді бұл жерде есепке алмаймыз. Ал өлген адам халқына жиған-терген, ішкен-жегенімен донор бола ала ма? Неге болмасқа!

Мысалы қараңыз, Қазақстанда ірі зауыттардың, кен орындарының, өзен-көлдердің, шипажайлар мен демалыс орындарының иелері кімдер? Әрине, жоғарыдағылар мен олардың айналасындағылар. Кейінгі кезде басқаны қойып, ауруханалар мен ЖОО-лар да жаппай жекешеленіп жатыр. Соларды сатып алған адамдардың түбін қуа берсең, тағы да сол жоғарыдағы әлдебіреуге барып тірелесің. Тығылған ақша, көмбедегі алтын өз алдына бір бөлек. Шетелдік банктерде қап-қап күйінде жатқан көк қағаздар қанша тоннаға жеткенін бір Құдайдың өзі біледі.

Енді қараңызшы, өлген адамға осы байлықтың көк тиындық құны бар ма? Өздерінің айтып жүрген сөздері мен түпкі ниеттеріне сенсек, шенеунік атаулының орыны жұмақта болуы тиіс. Өйткені халқын жақсы көретін, ешкімнің ала жібін аттамайтын, елдің несібесіне қол сұқпайтын, әділ басшыларды Құдайдың жек көруі мүмкін емес. Сонда халыққа қалатыны не? Халыққа қалатыны – қайтқан кісіні понтеоннан жөнелтіп жіберу. «Бір аттаса», арғы жағында жұмақтың есігі тұр. Имамдардан естуіміз бойынша, ол жақта бәрі тегін. Сонда оңай жолмен тапқан ақша мен дүние-мүлік не үшін керек дейміз де.

Міне, сондықтан «Өлгеннен кейін мүшелерім мен тіндерімді алуға қарсы емеспін...» деп басталатын өтінішке «Ұрлаған ақшамды, тыққан алтын-күмісімді, шетелдегі виллаларымды, елдегі ұшағымды, таудағы жайлауымды т.б» дейтін бірнеше тараулар енгізіп тастаған дұрыс сияқты…

Сансызбай Нұрбаба

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты