21 июля 2023 г. 15:53

Кітап оқитын ұлт: Балаларды кітап оқуға баулудың шетелдік тәжірибесі қандай?

Фото:

Техника мен заманауи гаджеттер күн сайын дамып жатыр. Даму үдерісі көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Десе де оның қоғамға пайдасымен қатар зияны да бар. Бір-бір гаджетті иеленген балалар арасында кітап оқитындар саны азайып кеткен. Соның салдарынан әлемде сауатсыздық деңгейі артқан. Мұндай дағдарыс тіптен дамыған елдердің өзінде айқын көрініс тауып жатыр.

Сауатсыздық әлеуметтік және экономикалық салаға орасан зор зиянын тигізеді. Сол себепті әлемдік тәжірибеде балаларды кішкентай кезінен бастап оқуға дағдыландыру әдістемелері кең қолданысқа еніп келеді. Балаларды кітап оқуға үйрететін ұлттық бағдарламалардың жобалары да жасалып жатыр. Мұның барлығы сауатты ұрпақ қалыптастыру жұмысының алғышарты.

Балалардың шығармашылығын дамыту, кітап оқуға ынталандыру халықаралық мәселеге айналған. Балалар арасында кітап оқуға құлшыныстың жоқтығын жою мәселесінде белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жұмыстардың негізіндегі тәжірибелердің нәтижелі екенін көруімізге болады. Демек, жағдайды өзгертуге толық негіз бар.

Неге балаларды оқуға ынталандыру керек?

Ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кішкентайынан кітап оқуға құлшынысы бар балалар мен жасөспірімдердің болашақта жетістікке жету мүмкіндігі жоғары болады. Сол себепті көптеген елдер «кітап оқуға» шақырудың түрлі айла-тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Техника мен заманауи гаджеттер дамыды десек те оларды басқару үшін де білім қажет.

Мәселен, Ұлыбританияда балалардың кітап оқу үдерісін мемлекет қолдап, өз бақылауына алған. Ол елде кітап оқуға белсенділікті арттырудың кең ауқымды бағдарламалары жасалатын көрінеді. Сол бағдарламалардың бірнешеуіне мысал келтірейік: «Жазғы демалыста кітап оқуға шақыру», «Кітап оқуды баста», «Отбасымызбен бірге оқиық» және тағы басқа да жобалар бар. Жобалардың мақсаты – оқу мен жазу сауаттылығын, цифрлы сауаттылықты, денсаулық, эконамикалық сауаттылық, мәдениет пен шығармашылықты дамыту болып отыр.

«Кітап оқуды баста» (Bookstart) – жалпыұлттық жобаға жатады. Осылайша олар балаларды кішкентай күнінен бастап кітапты сүюге баулиды. Англиядағы әрбір үш жастағы балаға «кітаптар портфельі» ұсынылады. Бұл қадамдардың барлығы ата-аналардың балаларын оқуға үйретуге үндейді. Сонымен қатар оны баланың бойындағы күнделікті дағдыға айналдыруды көздейді. Балаларға тегін кітаптар жинағы, ата-аналар мен тәрбиешілерге анықтамалық материалдар ұсынылады. Ұлыбританияның үлгісінде өзге елдерде осыған ұқсас өз бағдарламаларын жасай бастады.

Оқу бойынша агенттік – Ұлыбританияның қайырымдылық ұйымы. Ол елде оқудың маңызы мен қоғамдық кітапханалардың рөлін насихаттайды. Тіпті Агенттіктің электронды сайтында осы мақсаттағы бағыттар көрсетілген.

«Жазғы демалыста кітап оқуға шақыру» атты ауқымды жоба 20 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Жобаның мақсаты – балалардың жазғы демалыста алты және одан да көп кітап оқуын үндеу. Оқушылар бағдарламаның жеке сайтында тіркеліп, қатарластарының пікірін оқып, өзіне қызықты кітаптарды таңдай алады. Сонымен қатар әдеби шығармаларға негізделген сюжеттер бойынша да ойнай алады. Ең қызығы, «Кітаптарды сұрыптау» бағдарламасында оқушы өзінің талғамын анықтауға арналған тесттерге жауап беру арқылы өзіне сәйкес келетін кітаптардың тізімін ала алады. Сонымен қатар бағдарламаның сайтында оқырмандар арасында жарыс ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Германияда оқуға көңіл бөлу мәселесі ерекше қолдауға ие. Кітап оқуды дамытуға мемлекет те, жекелеген ұйымдар да мүдделі. Германияда неміс оқу қоры жұмыс істейді. Ол ел президентінің тікелей бақылауында. Қор жастардың кітап оқуына бағытталған саясат жүргізеді. Қор балалар мен жасөспірімдердің әртүрлі тобына арналған жобаларды жүзеге асырып отыр.

Отбасы ісі жөніндегі федеральді министрлікпен бірлескен «Оқу – отбасылық іс» атты жоба жасалған. Аталмыш қор кітап шығаратын баспаханалармен белсенді жұмыс жүргізеді. Олар балалардың кітап оқуына ерекше көңіл бөледі. Балалар үшін Babybooks атты жоба жасалған болатын. Сонымен қатар Германияда кітап оқудан жарысатын білім олимпиадасы өтеді. Олар кітапты балаларға қызықты ету үшін интерактивті құралдарды кеңінен пайдаланады.

Жапонияда өсіп келе жатқан жастардың кітап оқып, білім алуына айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінде Жапония балалардың кітап оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы Заң шығарған жалғыз ел болып отыр. Ол жерде ауқымды ұлттық саясат жүргізіледі. Олар балалармен тікелей жұмыс істейтін кітапханаларға арнайы қолдау білдіреді.

Жапаонияда балалардың кітап оқуын бақылайтын әлеуметтік институт қалыптасқан. Сол себепті мәселенің жүйелі шешімі қарастырылған. 2001 жылдан бастап Балалардың кітап оқуын қолдау туралы Заң қабылданған. Оның басты мақсаты балалардың оқу қабілетін арттыратын негізгі принциптерді жүзеге асыру. Ол жерде 23 сәуір Жапониядағы балалардың кітап оқу күні болып белгіленген.

2005 жылы «Оқу және жазу мәдениетін қолдау» туралы жаңа Заң қабылданды. Заң аясында 27 қазан аптаның бірінші күні оқу және жазу мәдениеті күні болып бекітілді. Сонымен қатар жапондықтар балалардың кітап оқуына қолдайтын акцияларды жиі ұйымдастырады. Мысалы, 2 мыңнан аса мектепте сабақ кестесінен кітап оқуға арнайы сағат бөлінген. Осылайша олар балалардың бойында кітап оқу дағдысын қалыптастыруды мақсат тұтты.

Bookstart жобасын жүзеге асыру кезінде жас ата-аналарға кітап үлестіріп беріледі. Ол өз кезегінде баланың кішкентай кезінен бастап кітапқа деген қызығушылығын арттырады. Балалардың кітап оқуын дамыту аясында Халықаралық балалар әдебиетінің кітапханасы ұйымдастырылған. Кітапхананың қорында балалар әдебиетінің цифрлы қоры жасақталған. Кітаптар қарапайым түрде емес, балаларды қызықтыратын түрлі-түсті суреттермен безендірілген.

Мемлекет балалардың кітап оқуына барынша көңіл бөледі. Тіпті осы мәселеге байланысты инфраструктураның дамуына жағдай жасайды. Сонымен қатар білікті мамандарды дайындайды.

Францияда кітап оқу мәселесін шешу Мәдениет министрлігі мен Үкіметтің басты міндетіне айналған. Бұл салада өте ауқымды ұлттық саясат жүргізіледі. Елде Оқу және кітап басқармасы құрылып, осы мәселемен күресу саясатын белгіледі. Сонымен қатар француздар кітаптың жарыққа шығуынан бастап оқырманның қолына тигенге дейінгі барлық үдерісті бақылауларында ұстайды.

«Оқымысты қала» жобасынан кітап оқуға барлық қала тұрғындарын күш біріктіре отырып ат салысатынын байқауға болады. Сонымен қатар кітап оқуға үндейді түрлі конкурстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар көшелерде оқырмандарды жинап дауыстап кітап оқу жобасы да жақсылап қолға алынған. Жоба кітап оқуды ұнатпайтын, бірақ жақсы кітаптың мазмұнын тыңдағысы келетіндерге арналған. Бұл идеяның авторы – Марк Роже. Көптеген жылдардан бері елдімекендерді аралап, ол жердегі балаларға дауыстап кітап оқып береді. Ол кітапты бір қалыпты оқымайды, дауысын түрлендіріп, оқу барысын шағын қойылымға айналдырады. Бұл ерекшелік балаларды ғана емес ересектерді де қызықтырады.

Францияда балалар ауруханасында кітап оқуға болатын орындар белгіленген. Кезегін күткен балалар құры отырмай, өздеріне ұнаған кітаптарын таңдап, оқи алады. Ол жердегі кітаптар балаларды қызықтыру үшін түрлі-түсті суреттермен көмкеріледі. Сонымен қатар Францияда кітап оқу фестивалі өте танымал. Ол 1989 жылдан бастап өткізіліп келеді.

АҚШ. Ұлттық оқу саясатын ұйымдастырудың тағы бір нұсқасы Америка Құрама Штаттарында жүзеге асырылады. Кітап оқу дағдарысын жеңу жұмыстары ұзақ, әрі жоспарлы түрде Кітап Орталығымен бірлесе отырып ұйымдастырылады.

Кітап Орталығы 1977 жылы 13 қазанда құрылған. Ол кітаптарға, оқуға және кітапханаға қызығушылықты ояту үшін Конгресс кітапханасының ықпалы мен ресурстарын пайдаланады және кітап пен баспа мәдениетін зерттеуді ынталандырады. Орталық кітап оқуды насихаттайтын жалпыұлттық тақырыптарды ұсынады және жүзеге асырады. Оның «Жас оқырмандар жылы», «Бұл туралы көп оқиық», «Кітапқа деген мәңгілік махаббат», «Болашағыңды жаса – оқы», «Кітап оқитын ұлтты құрайық», «Американың тарихын айтамыз» атты жобалары бар. Кітап Орталығы түрлі зерттеулер жүргізуге де көмек береді.

Конгресстің кітапханасында Кітап Орталығы кітап шығарушылармен, авторлармен кездесулерді жиі ұйымдастырады.

International Children’s Digital Library Foundation (ICDL Foundation) – балаларға арналған Халықралық кітапхана. Ол балаларды әлемнің әртүрлі мәдениетімен таныстырады. Бұл кітапханада әлемнің 59 тіліндегі кітаптардың цифрланған нұсқасын оқуға болады.

Оқу мен сауаттылық әлемдік ортада өте жоғары бағаланады. Сол себепті кітап оқу ісіне әлемдік ұйымдар да ат салысып отыр. ЮНЕСКО жыл сайын 23 сәуірде Әлемдік кітап оқу күнін атап өтеді. ЮНЕСКО-ның барлық жобалары білім мен сауаттылықты насихаттайды.

Жаңа ғасырдың басынан бастап ЮНЕСКО Кітаптың әлемдік астанасын таңдайды. Дәстүр бойынша, 23 сәуір – Әлемдік кітап күнінен бастап келесі көктемге дейін эстафета жаңа елге табыс етіледі.

Жоғарыда келтірген мысалдарды қарап отырсақ, дамыған мемлекеттердің барлығы өз еліндегі кітап оқитын жастардың қатарын арттыру үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қабылдап жатыр. Соңғы он жылдықтың басты тенденцияларының бірі балалармен кітапхана жұмысын жандандыру болып отыр.

Қазақстанға келетін болсақ, Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289. 

Қазақстанда оқулықтардың қажетті қоры болғанымен, балалар оқитын көркем әдебиеттің саны көңіл көншітпейді. Деседе, көркем әдебиеттің балаларға қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірлеген еді. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды. 

Сонымен қатар кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылған. Қазақ тілді кітаптардың цифрлы нұсқасын жасау идеясы да жүзеге асырылып келеді. 

Ақпараттық қоғамда оқу мен «кітап оқитын адам» ұлттық құндылыққа айналып бара жатыр. Кітап оқитын ұлт – кітап оқитын балалардан қалыптасады. Қазір әлемнің көптеген елдері кітап оқымайтын жасөспірімдермен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін қарастырып жатыр. Техника мен ақпараттық жүйелердің дамуы оң мүмкіндікке қол жеткізуге болатын құралға айналуда. Адамның бойындағы кітап оқу дағдысы бала күннен қалыптасады.