Ержан Рашитұлы: Ішкі істер саласында еңбек еткен нағашыма еліктеп өстім

Ішкі істер қызметі – қызықты һәм қауіпті, әрі өте жауапты сала. Күн сайын алуан тағдырлы азаматтарға қызмет көрсетіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ асатын құқық қорғау органының мамандары жайлы талай том жазуға болады. Біз бүгін сол дастанның бір парасына айналған Успен ауданының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Ержан Рашитұлымен сұхбаттасамыз.

– Ержан, ішкі істер саласына қалай келдіңіз?

– Бұл менің бала кезгі арманым еді. Есімде, марқұм анамның туған бауыры полицияда жұмыс істейтін. Сол кісі үйге формамен келгенде мен де полиция қызметкері боламын дейтін едім. Сол арманым орындалып 2009 жылдан бері аталған салада ерінбей еңбек етіп келе жатқан жайым бар. 

– Қызметтік рейдтер кезінде талай оқиғаға куә боласыздар ғой. Соның ішінде естен шықпайтын ерекше оқиға жайлы айта кетсеңіз. 

– Дұрыс айтасыз. Әр күніміз – бір оқиға. Солардың ішінде мына бір жайт есімнен кетпейді.

2019 жылдың мамыр айы болу керек. Түнгі екі шамасында ауыл ішін аралап, кафе-ресторанның жабылғанын күтіп, үйге қайтып бара жатсам, алдымнан бір жас бала жартылай жалаңаш күйі жүгіріп шыға келді. Тоқтатып алып мән-жайды сұрасам: «Біздің үй өртеніп жатыр», – деді.

Көлікті жедел бұрып сол баланың үйіне қарай бардым. Алыстан түтін шығып, елдің бәрі абыр-сабыр болып жатты. Өртке оранған екі пәтерлі жер үй екен. Соның бір жағы жанып жатты. Ауыл адамдарымен жабылып жүріп, отты тоқтатқандай болдық. Үй ішінде қалған кісілерді түгел далаға аман алып шықтық.

Сол күні өзі қатты жел соқты. От жел арқылы екінші пәтердің шатырын шарпып үлгеріпті. Ол үй иесін де танимын. Көпшіліктің арасында жүр ме деп іздей бастадым. Қарасам, еш жерде жоқ. Екінші үйдегі от күшейе бастады. Іші түтінге толып, шатыры лаулап кетті. Ойымда «үй иесі пәтер ішінде қалып қойды» деген күдік болды. Есікті бұзып ішке кірсем, шынымен де ұйықтап қалыпты. Оятып алып, жанып жатқан үйден алып шықтым. 

– Тосын оқиға екен. Ол кісі сонда жалғыз тұра ма?

– Иә, жалғыз өзі бір пәтерде тұрады. Біз әупірімдеп далаға шыққан сәтте газ баллоны жарылды. Қарапайым ауыл азаматтары зардап шекпесін деп оларды қауіпсіз жерге жинадым. Артынша өрт сөндіруші мамандар келіп, өртті өшірді. Кейіннен мен аман алып қалған кісі рахметін айтып, бата беріп жатыр. Қызық дейміз бе, тосын дейміз бе осындай оқиға болған. 

– Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жылдан-жылға жаңашылдыққа жақындап келеді. Осы жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

– Әрбір жұмыстың бір артықшылығы, бір кемшілігі болады ғой. Мен бұл салаға бала кезден армандап барып келдім. Оның бар ауыртпашылығына төзіп, қуанышты сәттерін ең жақындарыммен бөлісіп жүрмін. Былайша айтқанда, мен өз мамандығымды сүйемін. 

– Кез келген істе көш басында болу үшін тәуекелге барып, аянбай еңбек ету керегі белгілі. Бұл қызметте жүру үшін қандай жолдарды жүріп өттіңіз?

– 2007-2009 жылдары Семей заң колледжінде оқыдым. Сол оқу орнында ұстаздарымнан алған білімді қазір еңбек майданында кәдеге жаратып жүрмін.

– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?

– Мен Павлодар облысы, Аққулы ауданы, Аққулы ауылында туғам. Қазір қызмет бабымен Успен ауданында тұрамын.

– Қазақта «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген сөз бар. Қандай арман-мақсатыңыз, жалпы, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Әрбір маманның ойында қызметте өсу ғой. Біз де еңбегіміз еленіп, шеніміз өсе берсе екен дейміз. Бастысы – ауылдың тыныштығы. Өзім учаскелік полицей болғасын ешқандай қылмыс болмаса екен деп ойлаймын. 

Қазір оқып жатыр

Жаңа туған нәрестені сүндеттеу қаншалықты дұрыс?

Астанадағы LRT алдағы демалыс күндері іске қосылады

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: тергеу аяқталды

Алматы облысында терроризм туралы жалған хабарламалар тартқан екі оқушы ұсталды