«Балаларымды киіндіру – мен үшін катастрофа» – Өнер адамдарының балалары білім маусымына қалай дайындалады?
Оқу жылы жақындағанда ата-аналарды әуре-сарсаңға салатын мәселе – балаларын мектепке даярлау. Бүгінгі қымбатшылықты ескерсек, көпбалалы аналарға мұның машақаты басым екені белгілі. Ал ел алдында жүрген өнер қайраткерлері ұл-қызын мектепке қалай әзірлеп жатыр? Жұрт қалталы деп қабылдайтын жандардың еркелері мемлекеттік мектепке бара ма, әлде жекеменшік оқу ошағында оқи ма? Тілшіміз анықтап көрді.
Ержан ЖАМАНҚҰЛОВ, актер:
Баланы несиеге киіндіру – мемлекетке сын
– Балаларды мектепке жіберу үшін несиеге киіндіру – мемлекетке сын. Неге десеңіз, көшеден балаларыңды бөліп төлеу арқылы мектепке әзірле деген жарнаманы көріп, жағамды ұстадым. Менің сегіз баламның бесеуі мектепке барады, оларды өзім киіндіремін. Тұрақты жалақым жоқ болса да ешкімнен қалыс қалдырмай, қажеттерін түгендеуге тырысамын.
Мемлекеттен жеңілдік пен жәрдем береді дегенді естідім. Бірақ олар әр алынған киімге чек өткізесіз деген талап қояды екен. Базарда қай сатушы чек шығарып отыр. Ал бутиктерге барсаң, бір баланы бастан-аяқ киіндіру 150-200 мың теңгеге шығады. Сондықтан балаларды мектепке жинау мен үшін катастрофа. Себебі бағалар ұшып тұр, тұрақтандырып жатқан ешкім жоқ, бәрі қымбат.
Балаларымды жеке мектепке беремін деп мұрынымды шүйірмеймін. Оқитын бала қияндағы ауылда жатса да оқиды, оқымайтын бала Оксфордқа апарсаң да кітап бетін ашпайды. Байдың балалары небір мектепке барып жүр ғой, қайсысы данышпан болып шығыпты. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігі жоқ небір дүбараларын да көріп жүрміз. Сондықтан балаларыма: «Пәленшенің баласымын деп ешқашан көкіректеріңе нан піспесін» деп қатаң ескерту жасап отырамын. Бәрі тегіс қарапайым мектепке барады. Бірақ неше мектепте оқыттым, біреуінде білім деңгейі мәз емес. Сонда мен оларды тағы ақылы қосымшаға беруім керек пе?
Аманғали СЫПАБЕКОВ, актер:
Ол кімнің басын ауыртып жатыр дейсіз...
– Менің тұңғышым ғана мектепке барады. Ал бірнеше баласы мектепке баратын ата-анаға анағұрлым салмақ түсетіні анық. Бірақ ол кімнің шымбайына батып, кімнің басын ауыртып жатыр дейсіз.
Қалтасы қалыңдар балаларын қымбат мектепке береді ғой, дүниені не үшін тауып жатырмын деп ойлайтын шығар. Бай болсам мен де мықты мектепке жіберетін едім.
Алтынбек ТӘШІМБЕТОВ, әнші:
Бізге де демалыс бітетін сияқты
– Біз мектеп формасын жартылай алып қойдық, қалғанын жақындағанда түгендейміз. Бір жақсысы, қазір киімді қалтаңа қарай таңдай аласың. Мен көбіне отандық мектеп формасын алуға тырысамын. Мысалы, енді мектепке баратын кенжеме бір киер формасын алуға 60 мың теңге шамасында жұмсадық. Енді бала болған соң былғайды ғой, сол себепті ауыстырып кию мақсатында тағы бірсыпыра киімдерін түгендеп қоюға тиіспіз.
Жалпы биыл үш балам сабаққа барады. Барлығы дерлік қарапайым мектепте оқиды. Бізге мектеп формасын түгендеу айтарлықтай қиындық тудырмайды. Мәселе, бұлардың таңертең ерте тұруында.
Дегенмен, тұңғышым сегізінші, одан кейінгісі алтыншы сыныпқа баратын болған соң олар өздігінше қарекет қылады. Мәселе, бірінші сыныпқа баратын кішкентайымда болып тұр. Соған қарағанда, бізге де демалыс бітетін сияқты...
Жәудір САРЫПБЕКОВА, актриса:
Мектепте бала денсаулығына зиян тигізбейтін тағамдар ғана сатылса
– Біз әлі мектепке даярлық жасамадық. Бұйырса, тамыздың аяғында бір-ақ кірісеміз. Биыл сабаққа екі баламыз барады. Жыл өткен сайын бәрі қымбаттап жатыр ғой, бірақ лаж болса бір кигенді екі жыл кигізбеуге тырысамыз. Барлық қажетті киім-кешекті екіден алып қоямыз. Бірнеше баласы мектепке баратын, бір айлыққа қарап отырған отбасыларға балаларын мектепке жіберу оңайға түспес. Оқу құрал-жабдықтың өзі қымбат. Бұрынғыдай 5-10 теңгенің дәптері жоқ.
Өткен жылы бір баламызды жекеменшік мектепке беріп едік, ұнамады. Соңынан қайтіп бұрынғы мемлекеттік мектебіне ауыстырдық. Бір жақсысы, мемлекет тарапынан көпбалалы ата-аналарға көмек беріліп жатыр екен. Сол сияқты бастауыш сыныптарына тамақты тегін беріледі. Мұның өзі көмек.
Жоғары сыныпта оқитындарының қалтасына ақша салып береміз. Ол таршылық қылмайды. Бірақ соған чипсы, кириешки, мармелад сияқты құрғақ тағам алатындары бар. Қанша жерден «дұрыс тамақтан» деп ескерткенімізбен, аракідік сөмкелерінен тауып алып жатамыз. Сондықтан мектеп қабырғасында бала денсаулығына зиян тигізбейтін тағамдар ғана сатылса деген өтінішім бар. Одан түскен қаражат мектептің қай жыртығын жамайды дейсіз. Білім ошақтары ұрпақ саулығына ден қойса игі болар еді. Осы жағы мені қынжылтады.
Бақыт ТУШАЕВ, актер:
Мұның соңы әлеуметтік теңсіздікке алып келуі мүмкін
– Шүкір, көпбалалы әкемін. Менің төрт балам бірдей мектепке барады. Олардың оқуға даярлығы айтарлықтай ауырлық салады деп айта алмаймын. Себебі ешкім-ешкімді күсатаналап жатқан жоқ қой, әркім өз қалтасына қарай бала-шағасын қамтамасыз етеді. Балаларымның барлығы дерлік мемлекеттік мектепте оқиды. Өйткені жекеменшік мектепке беремін деп аузым күйген адаммын.
Содан кейінгі бір мәселе, қазір ел арасында еркін форма енгізсе деген әңгіме шығып жатыр екен. Бұған өз басым қарсымын. Өйткені біреуде жағдай бар, біреуде жағдай жоқ. Мысалы, бір бала бір баладан кем болғысы келмейді. Мұның соңы әлеуметтік теңсіздікке алып келуі мүмкін.
Атап айтар болсам, баламен ата-ана арасында келіспеушілік, оқушылар арасында өзара бәсеке, буллинг, емін-еркін хиджап кию сынды түрлі мәселеге тіреуі ықтимал. Сондықтан бірыңғай мектеп формасы болуы керек. Керісінше, ою-өрнек сияқты қандайда бір штрих қосып, ұлттық рең берген дұрыс деп ойлаймын. Бірақ оның өзінде рұқсат берді екен деп, алабажақ қылып жіберетін емес. Жеңіне, не болмаса жағасында ұлттық көрініс беретін стандартқа сай дүние болса құба-құп.
Редакциядан: Соңғы күндері ел арасында міндеттелген мектеп формасына қатысты түрлі пікір айтылуда. Мұның соңы әлеуметтік желіде қоғамдық петицияға ұласты. Біреу мұның соңы әлеуметтік теңсіздікке алып келеді дегенді айтса, енді біреулер ата-атаның қалтасына ауырлық салмас еді деп пікір білдіруде. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев болса бұл мәселе тұрғысында әзірге пікір білдірген жоқ.