Астана мәртебесі конституциялық заңда айқындалды

Парламентте «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңдар екінші оқылымда қабылданды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Мәжілістің баспасөз қызметінің нақтылауынша, Астананың мәртебесіне қатысты заң астана мәртебесін айқындауға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

«Заңда астананың республиканың саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығы ретіндегі рөлін атқаруы үшін жағдай жасау, орнықты әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы арқылы оның бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыру, сондай-ақ халықаралық қатынастар орталығы ретіндегі рөлін күшейту қарастырылған», – делінген түсіндірмеде.

Бұдан бөлек, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бекітіледі.

Мәслихат:

  • басқа мемлекеттердің жергілікті өкілді органдарымен халықаралық байланыстар орнатады;
  • мемлекет қажеттілігі үшін жер телімін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шарттардың жобаларын келіседі;
  • қала құрылысы регламентін және астана аумағын құрылыстық игеру схемаларын бекітеді.

Ал әкімдікке:

  • реконструкциялау объектілерін жобалау;
  •  салу және пайдалануға беру мерзімдерін бақылау;
  • апаттық жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру;
  • қаланың біртұтас архитектуралық келбетін қалыптастыру және астананың дизайн-кодын сақтау үшін жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін айқындау;
  • жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлеу құзыреттері беріледі.

Заңда орманды саябақ аймағы қорғаныстық, экологиялық және рекреациялық функцияларды атқаратын аумақ ретінде айқындалған. Оның шекараларын астана әкімдігінің ұсынуы бойынша Үкімет белгілейді.

Ал «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» конституциялық заңда әкімшілік-аумақтық бірліктердің – облыстардың, аудандардың, қалалардың, ауылдардың және өзге де елді мекен түрлерінің мәртебесі айқындалған. Сондай-ақ оларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі реттеліп, осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері белгіленеді.

«Заңда әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері қарастырылған. Бұл тәсіл тиісті шешімдерді белгілі бір кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне сүйене отырып қабылдауды көздейді», – деп нақтылады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Бұдан қоса, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу өкілеттігі бекітілмек. Елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар немесе даму схемалары негізінде іске асырылады.

Қазір оқып жатыр

Есікті майыстырып жіберген: Жетісу облысында аш аю қонақ үйге кірмек болған

Алматы әкімдігі Орталық саябақтың 5 га жерін қайтарып алды

Сайлау жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?

Парламент Президент және Құрылтай туралы конституциялық заңдарды қабылдады