26 сентября 2022 г. 18:58

Әскер заңына енгізілген өзгеріс қазақ солдатын соғысқа жіберуді көздей ме?

Фото:

«Қазақстан Ресейге болысып, Украинаға әскер жіберуі ықтимал» деген күдік қоғамда жиі айтылып жүр. Ал Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына енгізілген өзгеріс отқа май құйғандай болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 18 тамызда №986 жарлығымен аталған қағидаларға жаңа ереже енгізген болатын.

Оның 5-бөлімінде: «Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші бейбіт уақытта әскери қызметтің алты айынан кейін және әскери-есептік мамандықтардың біреуі бойынша міндетті даярлық курсынан өткен кезде ерікті түрде, оның ішінде бөлімшенің немесе әскери бөлімнің (мекеменің) құрамында Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін жіберілуі мүмкін», ­– деп көрсетілген.

БҰҰ миссиясы аясында Қазақстан бұған дейін де әлемнің әр жеріне әскер жіберген. Бірақ шетелге әскерге шақырылған солдаттар емес, кәсіби әскер мен офицерлерден жасақталған бітімгерлік контингент еді.

ҰҚШҰ бойынша да Қазақстанның халықаралық міндеттері бар. Сондықтан Украина мен Ресей арасындағы, Әзербайжан мен Армения арасындағы жер дауына, одан туындап отырған қанды соғысқа қазақ сарбазының араласуы қаншалықты мүмкін? Бұл жаңа ереже аталған жанжалдарға әскер жіберуге түрткі болмайды ма?

NEGE-нің бұл сауалдарын қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев жауап берді.

­­­– Бүгін Сыртқы істер министрлігінің Украинадағы «республикаларға», онда өтіп жатқан референдумдарға қатысты ұстанымын ашық жария етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ сессиясынан кейін Қазақстанның бітімгершілік операцияларға қатысуға әзір екенін мәлімдеген болатын.

2018 жылдан бастап БҰҰ бітімгершілік миссиясында белсенділік танытып келеміз. Қателеспесем, Ливан жерінде, Орталық Африкада да бітімгершілік күштеріміз бар. Қазір әңгіме осы жайында болып тұр. Солдаттар тек қана кәдімгі әскери қызмет атқарып қана қоймай, осындай операцияларға қатысып, тәжірибе жинақтамақ.

Мұның тетіктері қалай жүзеге асатынын нақты білмеймін. Бір жаққа жіберу үшін солдаттардың өз келісімі болатындай реттеу қажет шығар. Менің ойымша, бұл өзгеріс БҰҰ туының астындағы бітімгершілік операциясына қатысты.  

ҰҚШҰ-ға келсек, қазір Әзірбайжан мен Армения арасындағы жанжалдың қалай өрбіп жатқанын көріп отырмыз. ҰҚШҰ-ның жарғылық құжаттарын қарастырсақ, Арменияның осы ұйымнан көмек сұрауға толық құқығы бар. Өйткені, соңғы атыс даулы Қарабақ аумағынан тыс жерде болды. Бірақ бұл – автоматты түрде біріккен әскери контингент жіберіледі деген сөз емес. Алдымен кеңес өткізілуі тиіс.

Қазір ҰҚШҰ-ға мүше басқа елдер «зерттеп, қарастыру» форматына көшті. Ресей Әзірбайжан мен Арменияны атысты тоқтатуға көндірді. Екіжақты келісім аясында. Әрине, Армения табандылық танытса, басқаша болуы мүмкін. Өйткені, ұрыс Арменияның аумағында, шекарасында өтті. Әзірбайжан әскері шекарада атысса, онда бұл бөлек мәселе. Ал БҰҰ таныған армян жеріне әскерімен баса-көктеп кірсе, басқа қырынан қарастырылады.

Ресейге де қатысты осыны айтуға болады. Ресей аталған аймақтарды бақылауда ұстап, шекарасын кеңейтетін болса, онда Қырым және кейін қосып алатын төрт облыс БҰҰ таныған аумаққа жатпайды. Сондықтан бұл аймаққа әскер жібермеуге толық құқығымыз бар.  

Тегтер: