26 Сәуір 17:21

Андрей Чеботарев: «Бұхар жыраудағы» атыс – құқыққорғау органдарының бейқамдығының салдары

Фото:

«Бұхар жырау» тұрғын үй кешеніндегі оқиға көп сұрақ туындатады. Әсіресе, құқыққорғау органдарына. Сонымен қатар, үлкен сабақ та болып отыр. Өкінішке қарай, бұл жайт әр уақытта болған осы тақылеттес жайттардан қорытынды жасамағанымызды көрсетеді. Мемлекеттік немесе құзырлы органдар ғана емес, азаматтар да ескермей отырғандай.

А.Чеботарев

Бірінші сабақ

Оқ жаудырған адам шетелдік болып шықты. Және ол «от пен оқтың арасынан келген адам» санатында есепте тұрған. Бұл санаттың өзі ҰҚК-ның, шекара қызметінің қырағы назарына ілігуі керек-ті. Осы органның қызметкерлері бұл адамды Қазақстанның аумағына кіргізейік пе, жоқ па деген сауалға жауап іздеуі тиіс еді. Алматы қаласы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы да қарап отырмауы қажет болатын. Ол жерде есепте тұрған да шығар.

Әзірге Руслан Исаевтың Қазақстанға қашан келгені жайында ақпарат жоқтың қасы. Алматыда қанша уақыт тұрғаны, немен айналысқаны да белгісіз.

Бұрынғы көршілеріне сүйенсек, «Бұхар жырау» тұрғын үй кешенінде көптен бері тұрған. Біздің елімізде жұмыс визасымен жүр екен. Демек, көші-қон полициясында тіркетіп, тіркелу мерзімін созып отырған оның жұмыс берушісі бар.

Қалай десек те, бұл жерде көші-қон полициясы мен ҰҚК жұмысындағы кемшіліктер көзге ұрып тұр. Аудан, ауыл әкімдерін сайлауға қатысты сайлау туралы заңға түзету енгізу жайында талқылауға қатысқаным бар. Сол кезде еліміздің басты арнайы қызметінің өкілдері әкім болуға үміткер осы санаттағы адамдарды арнайы тексеруден өткізу тәртібін жанын салып қорғаштағанына қатты таң болғанмын. Әрбір әрпі мен тыныс белгілеріне дейін қызылкеңірдек болып дауласқан. Осы арқылы қаншама лайықты адамдардың әкім болып сайлану мүмкіндігін жауып тастаған еді.

Олай болса, «оқ пен оттың» арасынан келген, оның үстіне, қаруы бар адам неге олардың бақылауынан тыс қалып отыр? Бұл сұрақты опат болған атқыш әлдебір тіркеуде тұрған көші-қон полициясына да қоюға болады.

Жалпы, ҰҚК мен көші-қон полициясы арасында Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктерді бақылау бойынша жұмысты үйлестіруде шикілік бары байқалады. Біреулердің Руслан Исаевқа қатысты Ресейдің құзырлы органдарына сауал жіберген-жібермегені де белгісіз. Енді екі ведомствоның Алматыда болған оқиғаға бірін-бірі кінәлай бастауын, участкелік полицейді күстаналап шыға салуын да жоққа шығаруға болмас. Участкелік полицейлерге де бұл – үлкен сабақ.

Екінші сабақ

Қаза болған атқыш «Бұхар жырау» тұрғын үй кешенінде пәтерді жалға алып тұрған болар. Бұл үйді жалға алу нарығын реттеп жатқан ешкімнің жоқ екенін көрсетіп тұр. Қанша адамның үйлері мен пәтерлерін өз бетінше немесе риэлторлар арқылы жалға беріп жатқаны да беймәлім. Салық органдарында  тіркеліп, тиісті салықтарды бюджетке төлеп жатыр ма, жоқ па? Жалға алушылар кім, олар үшін үй иелері қандай жауапкершілік көтереді? Алматыда атышулы қылмыстардың көбі осы жалға берілетін үйлерде жасалады. Мәселен, 2016 жылғы қыркүйектегі ер адамның денесін бөлшектеп тастау, 2017 жылғы қыркүйектегі екі бүлдіршінді өлтіру, тағысын тағылар.  Пәтерді жалға беру қылмыскерлердің жасырынуына жақсы мүмкіндік береді. Руслан Күлекбаев оқиғасы – бұған жақсы дәлел.

Мұның бәрін тек қана мемлекеттің кінәсі деу әділетсіздік болар еді. Пайда үшін үй иелері пәтерді жалға алушылардың қандай адам екеніне көз жұма қарайды. Өзім куә, полицияға бірнеше рет шағым түсіргеніне қарамастан, үш рет сотталған пәтершісін қолдаған көршілерім де бар. 

Үшінші сабақ

Елімізде шетелдік коммерциялық құрылымдардың шетелдік жұмыс күшін тартуын реттеуде де осалдық бар. Жұмыс беруші үшін Исаевтың несімен құнды болғаны тағы белгісіз. Олардың өздері кімдер? Не шаруа жасап жүр? Исаевтың әйелімен соттасуы да оны жағымды адам ретінде көрсетіп тұрған жоқ. Жұмыс берушілер еңбек шартын бұзу туралы ойлануы тиіс еді. Егер күдікті коммерциялық шаруа болса, бұл да құқыққорғау органдарының назарына ілігуі тиіс нәрсе. Сондықтан адам атқан оның ісі үшін жауапкершілікті Алматы қаласының Еңбек және әлеуметтік қорғау, Алматы қаласының көші-қон комитеті мен департаменттері де көтергені жөн.

Төртінші сабақ

Көші-қон полициясы жіберген кемшілікті участкелік полицей түзетуге болар еді. Көршілерінің айтуынша, ол бұрын да адамдарға дөрекілік көрсетіп, үй ішінде оқ атқан көрінеді. Бірақ участкелік полицей ешқандай әрекет жасамаған. Сондықтан жауапкершіліктің бір ұшы оған тиетіні жасырын емес. Бұл оның әріптестеріне жақсы сабақ болары анық.

Бесінші сабақ

Тергеу қаруды оның қолына қалай түскенін анықтауы қажет. Оның бірнеше сағат бекініп алып, атыс жүргізіп қорғануға жетерлік аңшы қаруы және оқтары болған. Егер шетел азаматы бола тұра, ол қаруды жергілікті аңшы дүкендерінен сатып алса, сол дүкеннің әкімшілігі мен сатушыларынан да жауап алынуы керек.

Не десек те, тапаншасы, қаруы және АК-74-і бар адам, әсіресе, жалғыз болса, қаруды иеленуге заңды белгілері жоқ болса, (мәселен, әскери, полицей немесе күзет) ол басқа адамдардың қырағы көзіне ілігуі тиіс. Тым құрыса, полицияға арыздануға да болады емес пе?

Бейнежазбада Исаев күзетшіні атып жатқанда 4-5 адамның еш нәрсеге алаңдамастан өз шаруасымен кетіп бара жатқаны таңдандырады.

Түйін

«Бұхар жырау» тұрғын үй кешеніндегі оқиға – мемлекеттік және құқыққорғау органдарының және жеке адамдардың бейқамдығы мен селқостығының салдары. Әбүйір болғанда, атқыштан өзге ешкім опат болған жоқ. Десе де, бұл Алматы қаласының тұрғындары үшін қауіп сейілді деген сөз емес. Болашақта мұндай қауіп-қатерлердің қайталануына кепіл бола алмайды. Демек, жоғарыда көрсетілген сабақтарды үйреніп, «беске» тапсырғысы келетіндер үшін шаруа бастан асып жатыр. 

Тегтер: