16 Қараша 15:09
...

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА қатысты заң: БИЛІКТЕ «қыңыр мүдделі топтар» бар ма?

Фото:

Үкімет басшысына отбасылық тұрмыстық-зорлық зомбылық турасында сауал жолдаған депутат Жұлдыз Сүлейменова жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеуніктің өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінгені қоғамды дүрбелеңге салғанын айтты.

 «AMANAT» партиясы фракциясы балаларға және әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату үшін «Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне» арналған заң жобасын қыркүйекте шұғыл әзірлеген, алайда түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске енбегенін айтып отыр.

– Бұл құжат әйелдер мен балаларды қорғауға жоғары жауапкершілік және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына қатаң әрекет ету тетігін қарастырады. Дегенмен, небір «қыңыр мүдделі» топтардың араласуымен аталған заң тұжырымдамсындағы нормаларды Үкімет қолдамай отыр. Әртүрлі эксперттік ортаға салып, түсініксіз себептермен заң әлі мәжіліске келген жоқ. Өзіміз жасаған, әйелдер мен балаларды нақты қорғайтын заң жобасына қажетті қорытындыны Үкімет созбақтап келеді. Сонда тағы қаншама әйелдердің тағдырын сынғанын күтеміз бе?, – деді депутат Ж.СҮЛЕЙМЕНОВА.

Ж.Сүлейменова

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау бойынша арнайы заң жобасын дайындаған депутаттың бірі Нартай АРАЛБАЙҰЛЫНЫҢ айтуынша, қыркүйектен бері Мәжілістің қарауына енбей келе жатқан заң жобасының уақыты осылай ұзара берсе, тағы да қайғылы оқиғалардың куәсі болуымыз әбден мүмкін.

– Ендігі заң Үкіметтен бізге түсуін талап етеміз. Ол жерде ұсынылған қатаңдату шараларын мүмкін тағы да қатаңдату керек шығар? Өйткені қоғамда болып жатқан жантүршігерлік оқиғалар күннен-күнге өршіп бара жатыр. Өкінішке қарай, бізде азаматтардың құқығын қорғайтын қандай да бір шешімдер қабылдап, заңдарға тиісті өзгерістер енгізетін болсақ, біреу құрбан болып, не болмаса біреуге зорлық-зомбылық жасалуы керек сияты. Содан кейін ғана қозғалатыны мені қатты қынжылтады, – деді Нартай Аралбайұлы.

Н.Аралбайұлы

Ал депутат Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ заң ведомствоаралық коммисияда талқыланған кезде оны қолдағандар да, қарсы болғандар да кездесті деп отыр.

– Жалпы көпшілік тарапынан түсіністік бар екенін көріп отырмыз. Біз осы заң жобасы төңірегенде ғана емес, Қылмыстық-процесуалдық кодекс және Қылмыстық кодекс бойынша да түзету енгізгенбіз. Сондықтан біз бір заңмен шектелмеуіміз керек. Түзетулер пакеті бар. Бір пакетпен барлық мәселені шеше алмайсың. Сондықтан біз осы бағытқа қадам басып келеміз, – дейді  Асхат Аймағамбетов.

А.Аймағамбетов

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ құқық қорғау органдары басшыларымен кездесуі барысында экс-министр Қуандық БИШІМБАЕВТЫҢ қолынан қаза тапты делінген әйелі Салтанат НҮКЕНОВАНЫҢ өліміне қатысты мәселені ерекше бақылауға алуға тапсырма берді.

– Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел, – деді президент.

Депутат Аймағамбетовтың пікірінше, әйелдер мен балалардың зорлық-зомбылығына қатысты заңды қатаңдату жеткіліксіз. Идеологиялық бағытта да көп жұмыс істеу керектігін қаперге салды.

– Кімнің қандай дәрежесі, кімнің қандай атағы болса да, барлығы осы заңның алдында бірдей. Олар осы заңды бұлжытпай орындауы тиіс. Президент осы мәселені айтып отыр. Бұл тарапта жұмыс жүргізіліп келеді. Биылғы жылдың өзінде жазаны қатаңдату бойынша екі пакет болды. Біз қазір ұсынып жатқан – үшінші пакет. Президент үнемі осы мәселе бойынша бөлек тоқталып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау керек деп тапсырма беріп жатады. Үкіметте де, парламентте де жұмыс істеп жатыр. Біз де қосымша ұсыныстарды айтып жатырмыз. Ол жеткіліксіз. Неге? Өйткені, тек заңмен барлық түйткіл шешілмейді. Бізде құндылықтар мен жалпы мәдениет негізінде, идеологиялық бағытта көп жұмыс жүргізілуі керек екені анық, – дейді А.Аймағамбетов.

Осы ретте депутаттардың құндылығы әртүрлі екенін еске сала кетейік. Мысалы, қыркүйекте өткен отырыста депутат Жарқынбек АМАНТАЙ жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелін де жауапқа тартуды ұсынып, «ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетпей ме» деп уайымдаған.

Ж.Амантай

– Заңда арандату, провакация деген ұғым бар. Осы тұрғыда әйелде де жауапкершілік болуы керек. Ер адамды 15 күнге оқшаулап жабу керек пе, онда оны кінәлі деп тапса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деп ойлаймын. Өйткені, отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз, – деген еді депутат.

Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулеріне сүйенсек, 2021 жылы отбасындағы зорлық-зомбылықтың тек 40 пайызы сотқа жеткен. Зорлықшылардың тек 39 пайызына ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік жаза тағайындалған.

Тегтер: