Дата журналистика: Жаңа бағыт бізге не береді?
Ықылым заманнан бері дамудың түрлі кезеңдерін бастан өткерген ақпарат кеңістігінің бүгінгі жаңа сатысы – деректер журналистикасы. Ғылыми тілде айтқанда «дата журналистика» туралы не білеміз? Бұл жаңа инновация ма, әлде зая кеткен уақыт па?
Журналист, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) профессоры, деректер журналистикасынан дәріс оқитын Аязби Ақбергенұлы бүгін осы саланың қыр-сырымен бөлісті.
– Көпшілікке журналистиканың жаңа бағыты туралы түсіндіріп бересіз бе? Дата журналистика деген не?
– Қазір цифрлық технологиялар өте тез дамып жатыр. Осыған байланысты, «жаңа медиа», оның ішінде «дата журналистика» деген ұғым пайда болды. «Жаңа медиа» деп – түрлі экранға бейімдеп ақпарат тарататын, сөйтіп цифрлық контент қалыптастыратын саланы айтамыз. Бүгінгі таңда, тұтынушының басым көпшілігі қажетті мағлұматын экран арқылы қабылдайды. Ал, оның ішінде, нақты дата журналистикаға тоқталатын болсақ, біз қазір ауқымды деректік қорлардың ортасында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттардың саны да, жылдамдығы да күннен-күнге өсіп жатыр. Осыған сәйкес, «деректер журналистикасы» бұл – үлкен ауқымды цифрларды қолдана отырып, қоғамда болып жатқан оқиғаларға, толғақты мәселелерге тереңдеп баға беретін, соның себеп-салдарын ашатын, трендтерді, динамиканы айқындайтын, тіпті көзге көрінбейтін кейбір қылмыстық жағдайлардың анық-қанығын аршып, пікір қалыптастыруға қауқарлы сала.
Яғни, орасан көп ақпараттарды іріктеп, ішінен өмір сүруге қолайлы, дамуға септігі бар нақты ақпаратты шығарып, халыққа түсінікті етіп көрсету. Деректер журналистикасы көрнекілеу тәсілімен түрлі графиктер, инфографика мен интерактивті карталар арқылы да баяндалады. Дәлірек айтқанда, ешқандай артық ойларсыз, артық сөйлемдерсіз сандарға жан бітіре отырып статистикалық құрғақ дүниеден адамның қабылдап, түсінуіне ыңғайлы жаңа ақпаратты беру. Оқырман көрнекі образ көмегімен өзі қорытынды жасап, жеке пікірін қалыптастыра алады.
Журналист цифрдан қорықпау керек. Деректер журналистикасында, ең маңызды машық – сол цифрды сөйлете білу. Деректерді орынды қолданып, жаңа тұжырым ұсыну, қоғамдағы пікірді қалыптастыру қажет.
– Деректер журналистикасына қатысты әлемдік сайттарда қандай жақсы мысалдар бар?
– Әлемдік тәжірибеде деректер журналистикасы қарқынды дамып кетті. Тіпті, шетелде осы салаға ғана қатысты ақпараттарды тарататын агенттіктер, редакциялар пайда болды. Бұдан бөлек, жетекші медиа саласының ұжымдарында арнайы «дата» атты бөлім ашылды. Датамен қатар жүретін, оның өрісін кеңітетін «журналисттік зерттеу» деген сала бар. Яғни, цифрмен және инфографикамен жұмыс істеп қана қоймай, үлкен толғақты мәселелерді зерттейді. Мысалы, экология, соғыс пен бейбітшілік, заңсыздық пен қылмыс тақырыптары кең қамтылады. Осының барлығын сенімді дереккөздерді пайдалана отырып ауқымды көрсету сапалық журналистиканың деңгейін жаңа деңгейге алып шықты. Әсіресе, пандемия кезінде интерактивтік карталар пайда болды. Ал, ең үздік дата журналистика үлгілерімен GIJN —журналист-айғақтанушылардың ғаламдық желісінің сайтында (https://gijn.org/) танысуға болады. Маған New YorkTimes, Washington Post, Guardian сияқты жетекші медиакомпаниялардың датамен жұмысы ұнайды, соларға көңіл бөліп отырамын.
– Қазақстанда бұл сала қаншалықты дамып жатыр? Әрі қарай дамыта түсу үшін не істеу керек?
– Біріншіден, еліміз цифрлы технологияларды пайдалану жағынан біршама өсті. Бірақ, біз ашық деректер көзін құрауда, толықтыруда көп жұмыс атқаруымыз керек. Дамыған шет елдерде дерекқор базасы мен статистика дұрыс жолға қойылғандықтан, деректер журналистикасын қалыптастыру оңай. Бізде өкінішке қарай, сол дереккөздердің сапасы жағынан олқылықтар кездеседі.
Қазақстанның ашық деректер қорында 4000-ға жуық топтама жүктелгені көрсетіледі. Алайда, осы ақпараттарды жүктеп, пайдаға жаратайын десең, саны мен сапасының сәйкес еместігіне көз жеткізесің. Біздің санақ деректерімізде күманды жайлар көп. Тиісті мамандардың жауапсыздығынан жекелеген сандар мен есеп беруді кез-келген адам толтыра салатын жағдайлар жиі болған.
Мысалы, жақында бір тосын ақпарат жария болды. Статистикада рәсімделген іріқараның саны мен нақты ауыл шаруашылығындағы мал санынан 2 миллион бас айырма табылған, жоқ мал көрсетілген. Жергілікті билік өз жұмысын көрсету үшін цифрларды қосып жазу, даму динамикасын қолдан жасаудан арылмай келеді. Сондықтан, қазір елімізде ауыл шаруашылығы санағы қайтадан жүргізіліп жатыр. Болашақта сапалы ақпараттар базаға түсетін болса, журналистер үшін де, елдің стратегиялық дамуын белгілейтін мамандар үшін де ыңғайлы болады.
Екіншіден, Қазақстанда «деректер журналистикасы» қалыптасып болды деп баға беру қиын. Тек қана жекелеген элементтері кездеседі. Соңғы жылдары, цифрларды өңдей отырып, инфографикамен мағлұмат беру тәжірибесін көріп жүрміз. Осындай жақсы үлгіні «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінен кездестіресіз. Lsm.kz сайты біршама тәжірибе жинақтаған.
– Елімізде қандай білікті дата журналистер бар? Олардың табысы қандай?
– Бізде «дата журналист» бар деп айту қиын. Өйткені, осы саламен ғана айналасып, дата өнімдер жасауды кәсіп еткен журналистер тым аз. Солардың қатарында Асхат Еркімбай есімді жігіт дата туралы насихаттап, курстар жүргізіп жүр.
Журналистік зерттеумен айналысатын мамандар, әрине, жақсы табыс табады. Олардың бір зерттеуінің өзі бірнеше жылға созылуы мүмкін. Соның өзінде, зерттеудің гонорары сол жылдардың шығынын өтеп, қосымша табыс әкеледі. Мысалы, Панама құжаттары тәжірибесі журналистикаға жаңа леп әкелді. Бізде көп уақыт жұмсалатын зерттеу мен талдамалыдан гөрі жедел журналистика басымырақ. Қазір елімізде атом электр станциясын салуға қатысты түрлі пікірлер айтылып, талқыға түсуде. Солардың көбінде эмоция басып, сындарлы сараптама, кеңінен болжап беру кемшін түсуде. Ал атом қуатын игеріп, елдің дамуы үшін басымдығын анықтап, жекелеген сұрақтарға дәлелді аргумент келтіруде дата журналистік тәсілдер көп жәрдемін тигізер еді. Біздің журналистер мен редакциялар осындай тұста жаңа форматтар мен әдіс-тәсілдерді қолданса деген пікірдемін.
– Оқытып жатқан студенттеріңізден жақсы дата журналист шығады деп ойлайсыз ба? Әлде шетел асып, осы бағытта білімін жетілдіруі керек пе?
– Негізі, «білім» деген ешқашан артықтық етпейді. Бүгінгі студенттерімнің деректер журналистикасынан хабары мол. Егер деректерге қатысты ұжымдар құрылып жатса, олар тез арада бейімделіп кете алады. Сұраныс болған жерде қажеттілік өтеледі. Тіпті, қазір арнайы деректер журналистеріне арналған компьютерлік бағдарламалар, қолданбалар, көмекші құралдар да жеткілікті. Оны игеру де қиындық келтірмейді. Тек осындай жұмысқа сұраныс болып жатса, жастардан үміт күтуге болады.
– Әңгімемізді қорытындылайық. Деректер журналистикасы уақытты зая кетіріп, бекер көз майын тауысу ма, әлде жаңа инновация ма?
– Бұл – жаңашылдық пен инновация. Қазақстан үшін деректер журналистикасын дамыту көптеген түйіткілді мәселелерді шешуге көмектесер еді. Ешқандай уақытты зая кетіру емес. Керісінше, осы саланы дамыту үшін журналистік байқауларға «деректер журналистикасы» деген номинацияны қосу керек сияқты. Әсіресе, біздің редакциялар қаралым санын көбейтеміз, аудитория сұраныстарын қанағаттандырамыз десе осындай сапалы зерттеулерге көңіл бөлгені жөн. Цифрлық ортада жаңа құндылықтар алға шығады. Уақыт үрдісінен қалмау журналистика үшін де сын. Сандардан қорықпай, игілігімізге жарату күн тәртібінен түспейді.