Жолдау көп, эффектісі аз. Мемлекет басшысы берген тапсырмалар НЕГЕ орындалмайды?
Ертең түске дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осымен үшінші рет жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялайды. Жаңа тапсырмалар мен міндеттер жүктелетіні анық. Бірақ Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметке былтыр берген тапсырмалары толығымен орындалды ма?
Егер жолдауда берілген тапсырмалар орындалмаса, жыл сайын жаңа жолдау жариялаудың қажеті қанша? Ол қаншалықты тиімді? Nege.kz тілшісі экономист, UIB GSB директоры Мақсат Халықпен бірге өткен жолдаудың нәтижесін саралап көрген болатын. Орындалмай қалған тапсырмалар да аз емес болып шықты.
«Өткен жылғы жолдауында Президент экономикаға қатысты көп мәселе айтты», – дейді Мақсат Халық. «Оларға жеке тоқтала кетсек те болады. Президент жолдауындағы орындалған тапсырманың бірі – зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселесі. Осы тапсырма іске асты деуге негіз бар. Көптеген азамат өз жинақтарын үй жағдайын жақсартуға бағыттай алды. Әрине, оның кері салдары да болды. Оған инфляцияның артуы мен бағаның өсуін жатқыза аламыз. Осы ретте зейнетақы жинақтарын тек жаңа үйлерге қолдану мүмкіндігі туралы ұсыныс айтқан болатынбыз. Бірақ ол қабылданбағандықтан, қайталама нарықта да үй бағасы көтеріліп кетті».
«Президенттің басты тапсырмаларының қатарында несие шарттарын қатаңдату мәселесі де болды. Халықтың кредиттік жүгін арттыра бермеу үшін азаматтардың төлем қабілеттілігін тексеруді қатаңдату, салаға тәртіп орнату тапсырылған еді. Осы ретте микроқаржы ұйымдары, онлайн қарыз беруші ұйымдарға қатысты нақты жұмыстар жүргізілді. Қадағалаушы орган көптеген микроқаржылық ұйымдар, ломбардтардың лицензиясын қайтарып алды»
Мақсат Халықтың сөзінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды қысқарту бойынша тапсырманың бәлендей бір орындалғаны байқалмаған.
«ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтері бірігіп, оптимизация жасалса да, түптің түбінде министрліктердің саны өспесе, азаймады. Сондықтан әлі де осы бағытта жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлаймын», – деп жалғастырады экономист.
«Бізге тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер керек. Ал квазимемлекеттік секторды арттырудың еш мәні жоқ. Тиімді компанияларды қалдырып, тек мемлекетке қол жайып отырғандарын оптимизация жасап, не мүлде жойып жіберу қажет»
Ауылшаруашылығына қатысты нақты тапсырмалар болған. Осы салаға басты назар аудару керектігі айтылған. Нәтижесінде қуаншылық болып, азық-түліктің қымбаттауы белең алды. Мақсат Халықтың пайымдауынша, бұл тапсырма да орындалмаған.
«Президент Ұлттық Банкке ақша-несие саясаты бойынша арнайы комитет құруды тапсырғанын да айта кету керек. Сол жұмыс аяқсыз қалған сияқты. Комитеттің нәтижелі жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Ол комитет тек «құрылу керек», «бар болуы керек» деген сарында ғана атқарылған жұмыс сияқты», – дейді Мақсат Халық.
«Бәсекеге қабілеттілікті арттыру бойынша агенттік құру жоспарланған. Ондай тапсырма берілген еді. Бірақ агенттіктің ешқандай көзге ілінер жұмысы көрінбеді»
Былтырғы жолдаудағы нақты тапсырмалардың көбі аяқсыз қалған. Экономистің айтуынша, Президент кезекті рет мұнайға ғана арқа сүйеуге болмайтынын, экономикамызды әртараптандыру қажеттігін айтқан. Одан басқа жол жоқ. Бірақ оның да шешімі әзірге табылмай тұр.
- Тақырыпқа орай: Келімбетов НЕГЕ асықпайды? АСПиРдің сылбыр қимылы экономикамызға қауіп төндіре бастады
Үкімет соңғы 15 жылдан бері Мемлекет басшысы беретін нақты тапсырмаларды сиырқұйымшақтап басқа бағытқа бұрып жіберуге, уақыт созуға әбден машықтанып алған. Көп тапсырмаларды ұмыттырып жіберуге тырысады. Президент әкімшілігі де Үкіметке бұл мәселеде тісін қатты батыра бермейді. Көп сарапшылар жолдаудың халыққа арналған шоу элементтерінен құралып жүргенін бұған дейін де ескерткен болатын.
Шоу жалғаса ма? Әлде нақты іске көшеміз бе? Оны ертең түске таман түсінетін боламыз.